«Сен құласаң – сырнайың бар жастанар...»

Сазгер Лесбек Аманов көзi тiрiсiнде «Жас Алаш» газетiне берген сұхбатында былай дептi: «Жұлдыз» журналына жарияланған Есенғали Раушановтың бiр топ жырларының iшiнен «Қара бауыр қасқалдақ» көзiме оттай басылды. Автордың қасқалдақ деп – Қонаевты, ал, «қаңғып келген шүрегей» деп Колбиндi астарлағанын бiрден түсiндiм. Өлеңдi оқып отырып ән өзiнен-өзi шыға келдi. Бұл 1987 жылдың 18 желтоқсаны болатын».

Иә, Лекеңнiң күллi қазақтың жүрегiне жол тапқан шығармасы – «Қара бауыр қасқалдақ» әнi едi. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастар туралы елдiң арасында түрлi пiкiр тарап, билiк көтерiлiсшiлердi нашақорға, маскүнемге теңеп жатқан сәтте бiр ғана ән қазақтың рухын көтерiп, iште қайнаған ұлттық намысты қайта оятып еді.

Лесбек Анасұлы 1954 жылы Шардара ауданындағы теңiз табанында қалған Әжемсеңгiр ауылында дүниеге келген. Көксу ауылындағы С.Ерубаев атындағы орта мектепте оқыды. Шымкенттегi Әл-Фараби атындағы мәдениет институтына оқуға түскенiмен, оны аяқтамай, ауылға кетiп қалады. 1983-2002 жылдары аудандық мәдениет бөлiмiнде қызмет атқарады. Кейiннен Шымкент қаласына қоныс аударып, өмiрiнiң соңына дейiн «Халық шығармашылығы» орталығында қызмет атқарды.

Лесбек Амановтың соңында 100-ден аса әнi қалды. «Ақторғыным», «Оралыңның барында ойна да күл», «Әйелдер-ай, қандайсың», «Шолпанға сағыныш», «Бiздер де ғашық болғанбыз», «Қыз ұзату», «Шаңырағыңды шайқалдырмай сақтап қал», «Жас келiннiң сәлемi», тағы да басқа туындылары халық арасына кеңiнен тарады. Ал, «Қара бауыр қасқалдақ» Лесбек Амановтың ән әлеміндей паспорты болды десек, жаңылыспаймыз.

Бізді Лесбек ағамен «Өскен өңiр» газетi табыстырды, таныстырды. Осындағы Оңалбай Еспанов, Оңласын Төлегенов, Құдайберген Өтешов сынды қаламгерлермен етене араласады екен. Атағы жер жарып тұрған әйгiлi Лесбек Амановтың соншалықты қарапайым жан екенiн сонда көрiп, таң қалғанмын. Редакция Лекең үшiн екiншi үйiндей. Бас редактор Жұмабек Мұқановтан бастап көлiк жүргiзушiге дейiн шұрқырасып, мәре-сәре болысып жатады. Алғашқы балам өмірге келгенде редакцияда өзімше атап өткенім бар. Дастарқан жасап жатқан кезде Құдай айдап Лесбек ағамыз да кеп қалды. Отырыстың мән-жайын түсінгеннен кейін сыртқа шығып кетті де, лезде қайта оралды. Қайдан тапқанын, демнің арасында домбыра алып келді. Ал, содан Лекең шырқады дейсің! Батыстың мақамымен терме де айтты, шертпе күйді де, төкпе күйді де төгілтті. Домбыраны да, аккордеонды да нәшіне келтіріп орындайтын шеберлігіне талай тыңдасақ та құмардан шыға алмадық. Ал, композиторлығы өз алдына бөлек әңгіме.

Көп ұзамай Лесбек Аманов Шымкентке кетiп қалды. Сол жақта жұмысқа орналасады екен деп есiттiк. Тағы бiраз өткенде Шымкенттен үй береді екен деп естiп, тағы қуандық. Лекеңнiң жылы орнын суытып, алыстап кеткенi өзiн қатты сыйлайтын өнер адамдарына әжептеуiр-ақ батты. Тiптi, Әбдiғаппар Айдаров, Жиенбек Шырынбеков сынды ақын азаматтар оны ауылға шақырып, жырларына қосып айтатынды шығарды.

Бiрде Оңласын Төлегенов екеумiз Шымкентке барған сапарымызда Лесбек ағаны кездестiрiп қалдық. Ол кезде мен «Қазақстан-Шымкент» телеарнасына Шардара ауданының меншiктi тiлшiсi қызметiне қабылданған кезiм болатын. Әрi «Оңтүстiк Қазақстан» газетiне де ауданның жаңалығын жариялап жүргенмiн. Не керек, бiр оңашалау жерге барып отырып, үшеуміз әбден шер тарқаттық. «Өткенде үй бередi деп естiп ек, алып қойған шығарсыз» деймiз Лекеңе. Ол кiсi басын шайқады. «Сол уәденi өзiм де күте-күте шаршадым» дедi. Шиеттей бала-шағамен үлкен шаһарда үйсiз-күйсiз жүрудiң азабын жақсы бiлемiз. Торығып айтқан сөзiне бiздiң де жанымыз қоса ауырды. Тамақтанып болған соң бiзбен қоштасып, қаланың қайнап жатқан қалың нөпiрiне сiңiп кете барды. Оңласын екеуiмiз оны үнсiз ғана көзбен шығарып салып тұрдық. Тамағымызға бiрнәрсе кептелiп қалғандай болғанын несiне жасырайын. Ауылға келгесiн Жиенбек ақынның өлеңiндегi «Лесбек қайда кешегi, ауылдан неге көшедi?!» деген жыр жолдарын тақырып етiп қойып, мақала жаздым. Ол мақала аудандық «Өскен өңiрге», одан әрi «Оңтүстiк Қазақстан» газеттерiне жарияланды. Бiрер айдан кейiн «Студенттер қалашығы» атанып кеткен аумақтан Лесбек Амановқа облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары болған Ислам Әбiшевтiң көмегiмен үй берiлдi. Бұрынғы студенттер жатақханасынан 6 бөлмелi пәтердi иеленiптi. Өзiмiз үй алғандай қуандық.

2006 жылы шағалалы өңiрге рухани сiлкiнiс әкелген сол кездегi аудан әкiмi Серiкбай Ибадуллаев «Шардара әуендерi» атты үлкен байқау өткiздi. Осы айтулы iс-шараға Мыңжасар Маңғытаев, Нұрғали Нүсiпжанов, Қасымхан Бегманов, Қазыбек Иса сынды белгiлi ақын-жазушылар мен әншi-композиторлар әдiлқазылық жасады. Дүбiрлi байқауға дайындық алты ай бұрын басталды. Әр апта сайын өтетiн аппарат жиынында аудан әкiмi жұрттың ұсыныс-пiкiрiн тыңдап, Шардара туралы әндер байқауын жоғары деңгейде өткiзу үшiн барлық жағдайды жасады. Жерлес сазгердiң бiрi Мамыр Жалаңбасовтың атына көше берiлiп, өзi тұрған үйге ескерткiш-тақта қойылатын болды. «Шардара әуендерi» атты жинақ құрастырылып, байқауға қатысатын сазгер мен ақындардың өлеңдерi нотасымен, өмiрбаянымен кiтапқа терiлiп жатты. Сол кезде маған бiр ой келiп, Секеңнiң алдына бiр кiргенiмде:

– Ән байқауына менде бiр ұсыныс бар, рұқсат болса айтайын, – дедiм.

– Ондай ұсынысың болса, айтсай қане, жұртқа «қандай ой қосасыңдар?» деп жүрмiн ғой, – дедi ол кiсi.

– Концертке өзiңiз айтқандай, үлкен кiсiлер келгелi жатыр екен. Солар ауылға келген кезде көрсететiндей тағы бiр iс-шара жасасақ. Жерлесiмiз, Лесбек Амановқа ауданның құрметтi азаматы атағын берсеңiз нұр үстіне нұр болар едi. Оның бiр ғана «Қара бауыр қасқалдақ» әнi қандай марапатқа болса да лайық қой, – дедім.

– Өте дұрыс. Сен Лесбек Амановтың өмiрбаянын келтiрiп, құрметтi азамат берейiк деп маған ұсыныс хат жаз, – дедi Секең.

Осылайша, Лекеңнiң шығармашылығына қысқаша шолу жасап, әкiмнiң атына ұсыныс хат жіберілді. Аудан әкімі келесі күнi өтетін аудандық мәслихаттың сессиясының күн тәртiбiне осы мәселенi ендіруге мұрындық болды. Сессияны жүргiзiп отырған төраға «Күн тәртiбiндегi соңғы мәселе – Лесбек Амановты ауданының құрметтi азаматы атағына ұсыну» деген кезде зал толы адам бiрден ду қол шапалақтап жiбергенi әлі есімнен кетпейдi. Сол кезде Лесбек сынды есімі үлкен әріптермен жазылатын тамаша композитордың құрметті азамат атағын алуға септігімді тигізгеніме іштей мақтандым да.

2017 жылы Лесбек Аманов кенеттен дүние салғанын естiген кезде есеңгiреп кеттiк. Жетісі Шымкент қаласындағы бір үлкен дәмханада берілді. Сол жиында Лесбектің өнердегі үзеңгілес досы, облыстық қуыршақ театрының директоры Бахтияр Спанов Лесбекке арнап шығарған Жұмабек Мұқановтың өлеңін оқыды.

Әй, Лесбек – «Қара бауыр қасқалдақ»,

Көкірегіңнің көздерінен жас парлап.

Шүрегейлер қаптап кеткен заманда

Ұша алмадың, ұша алмадың аспандап.

 

Күмілжімей көкірегіңе түйе бер,

Өз ұлдарын өгейсітпес киелі ел.

Сен құласаң – сырнайың бар жастанар,

Мен құласам – қаламым бар сүйенер.

 

Шырқай-шырқай көңіл-көлшік тазарды,

Кім жазады біз жазбаған ғазалды?!

Ақ сарайлар, көк сарайлар көп шығар,

Сен тұратын лашық бізге ажарлы...

Осы шумақтарды оқығанда жиынға қатысып отырған қара құрым елдің көздерінен жас парлап қоя берді...

Оған да үш жылдан аса уақыт өтiптi. «Таулар алыстаған сайын биiктей бередi» дегендей, Лесбек Амановтың бейнесi бұрынғыдан да жарқырай түскендей.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ.

 

 

Пікір қалдырыңыз