«Боянатын жігіттер болбыр келеді»

Соңғы кезде бет-аузын бояғанда қыз-келіншектерді жолда қалдыратын жігітсымақтардың қатары көбейіп барады. Бет бояғыш жігіттер өздерінің анайы да ерсі қылықтарынан қымсынатын да емес. Қымсынғанды айтасыз, керісінші өздерінің боянған суреттері мен видеоларын әлеуметтік желілерде бөлісіп, өзгелердің де санасын улауда. Жалпы, біздің қазақы қоғам ер-баланың боянып-сыланғанын құптай қоймайды. Керісінше, олардың бұл қылығы қоғамда жиіркеніш тудырады. Сонда олар не үшін, кім үшін боянып жүр? Бәлкім жігіттердің бұл қылығын қыздар құптайтын шығар?

Біз бұл сұрақты құрбыларымызға қойған едік.

 

Мәдина Исимова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 4-курс студенті:

– Бүгінде ер кім, әйел кім ажырата алмайтын болдық. Әсіресе, тепсе темір үзетін қазақтың нар тұлғалы жігіттері деген ұғымды тас-талқан етіп, «қызтеке» атанғандарды түсіну қиын. Олардың тырыстырып киетін шалбарлары, шұрық-тесік құлақтары, бұратылып қыздан бетер майысқан жүрістері Шакираны шаңында қалдырады. Бетіне опа-далап жағып, қолына маникюр жасайтын жігіттерді көргенде өзіңнен өзің ұяласың. Қазір елімізде визажист болып істейтін жігіттер бар. Мүмкін бұл кәсіп оған ұнайтын шығар, бірақ оған ол тек кәсіп деп қараса болады ғой. Беттерін бояп, ернін ісіртіп, қасын теретіндерін қайтесіз?! Әлеуметтік желіде ондай жігіттер тіптен көп. Қаралым саны миллионнан асады. Әрине, осыны көрген іні-бауырлары оларға еліктейді.

Иә, әр адамның өз таңдауы, қызығушылығы болады, дегенмен, ұлттық менталитетті де ұмытпаумыз керек. Бізді Құдай қалай жаратса, сол қалпымызбен өмір сүрейік. Жігіт болған соң жігітше жүргенге не жетсін! Себебі, әйелді Құдай нәзікжан иесі етіп жаратса, еркекті батыл да батыр, қайратты еткен. Бұл – біреудің қаңсығын таңсық көру. Өзім ер азаматтардың боянғанын жақтырмаймын. Біріншіден, ол балаларына тәрбие бере алмайды, екіншіден, мұндай «нәзіктер» отбасын да, Отанын да қорғай алмайды.

 

Балерке Әсілхан, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Этикалық тұрғыда зайырлы ұстанымды сақтайтын адаммын. Бояну яки боянбау – әр адамның өз еркі. Мынау дұрыс, анау дұрыс емес деп жеке көзқарасымды ешкімге таңбаймын. Желіде боянған ұлына жекіген ананың видеосы тарады ғой. Сол сәтте көп ойландым. Ол баланың ішкі болмысында керемет визажист өмір сүретін шығар. Мүмкін мықты косметолог. Неге оның таңдауына құрметпен қарамасқа? Адам құқықтары жөніндегі келісімнің халықаралық стандартында «бір адамның құқығы басталған жерден екінші адамның құқығы аяқталатыны» айтылған. Эстетиканы – жалпы сұлулыққа құштарлық деп түсінемін. Біреулер үшін жасампаздық, біреулер үшін табиғилық сұлу болуы ықтимал. Кісі – ісімен кісі. Боянсын, боянбасын, біреуге зәбір көрсетіп, қылмысқа бармаған адам – қауіпсіз. Демек, ол адамның құқығы, кеңістігі қоғамда сақталуы тиіс. Боянатын жігіттерге буллинг жасауға қарсымын. Боянатын жігіт «жетінші құрлықты» ашқандай жаңалық емес. Қалыпты қараймын.

 

Айдана Жұмебергенова, студент:

– Еркекке боянудың не қажеті бар, оның сұлулығы қайсарлығы мен батылдығында емес пе?! Ал, бояну менің ойымша майдаланудың бір белгісі.

 

Балнұр Смат, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 4-курс студенті:

– Боянатын жігіттерді өз басым құптамаймын. Ер жігіттердің бетін әрлеуі ерсі және жігіттікке сын деп ойлаймын. Бірақ, қазіргі заманда көптеген жігіттер Батыс елдеріне еліктеп боянып жатады. Жігіт жігіт ретінде қалып, өз орнын білуі керек. Қыздармен жарысып сән салонында отырса, мына елдің болашағы не болмақ? Жігіттерге бала кезінен ата-аналары дұрыс бағыт-бағдар беріп, тәрбиелесе екен деймін.

Сауалнаманы жүргізген Ұ.Нұржанқызы.

 

P.S. Міне, өздеріңіз байқап отырғандай, жігіттердің бұл қылығын сұлулыққа құмар қыздар құптай қоймайды. Керісінше, жігіттердің жігіт болып қалуын қалайды.

Иә, біз батыр бабалардың ұрпағымыз, ендеше, бүгінгінің жігіттеріне күмәнмен қарайтын деңгейге түспейік. Қазақтың жігіттері елдің жүгін арқалар, азамат болсын. Батысқа еліктеу ұлттың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының кенжелеуіне, тіпті жоғалуына әкеп соғады. Сондықтан да, қазақтың нар тұлғалы жігіттері қай заманда да жігіт болып қалулары керек.

 

 

Пікір қалдырыңыз