Абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шаһарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы пандемияның қайта өршіген шағында жауапты мамандарға санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Дәл қазіргі таңда Түркістан облысы «жасыл» аймақта» тұр.

«Облыс аумағында карантин және шектеу іс-шаралары эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін сақталатын болады. Әсіресе құрылыс саласында сақтық шаралары мен тәртіпті күшейту керек. Барлық аудан-қала әкімдері, басқарма басшылары мен тиісті мемлекеттік органдар шектеу шараларына сәйкес жұмыс атқаруға міндетті» деді Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарын аралаған Өмірзақ Шөкеев.

Облыс басшысы қаладағы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Түркістан қаласындағы «Рәміздер алаңында» абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. «Рәміздер алаңын» қайта жөндеу мен қайта жаңғырту – тұрғындар ұсынысымен жүзеге асырылған жоба.

Б.Саттарханов даңғылы бойындағы «Желілік саябақтың» жалғасы ретінде жалпы аумағы 1,65 гектарды құрайтын алаңның абаттандыру жұмыстары сәуір айында басталды. Саябақтың қамтылу аймағы 0,7 гектар болса, жасыл аумақ көлемі 0,3 гектарды құрайды. Қазірде саябақта жарықтандыру шамдары орнатылған. Одан өзге, аяқжолдарды қайта салу, көгалдандыру аумағына автоматты суару жүйесін енгізу, ұңғыма қазу жұмыстары да қатар жүріп жатыр.

 

 

Пікір қалдырыңыз