Жеңілдетілген несие беру жалғасады

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ биыл 63 млрд. теңге несие беруді жоспарлап отыр. Қор баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл шағын кәсіпкерлік саласындағы 12 мыңнан астам жобаны қаржыландыруға жетеді.

Олардың айтуынша, несиенің негізгі үлесі «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында берілмек. Бұл жұмысын жаңа бастаған кәсіпкерлерге үлкен көмек болғалы тұр.

Естеріңізге сала кетейік, «Еңбек» бағдарламасы аясында берілетін жеңілдетілген несие мал шаруашылығын, егін шаруашылығын дамытуға, ауыл кәсіпкерлігін қолдауға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сақтау сияқты негізгі жобаларға беріледі.

Ауыл кәсіпкерлері 4, 6, 12 млн. теңгеге дейін 6,5 жылға дейінгі мерзімге шағын несие ала алады. Сондай-ақ, ауылмен қатар қалаларда жүзеге асырылатын жобалар несиелендіріледі. Оларға 16 млн. теңгеге дейін, ал, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында тұратындарға 20 млн. теңгеге дейін несие беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі – жылына 6 пайыз, бұл ретте жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7 пайыздан аспайды. Көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне несиелер жылдық 4 пайызбен беріледі, тиімді сыйақы мөлшерлемесі 4,7 пайыздан аспайды.

Бағдарламаға ауыл шаруашылығы бағытындағы және ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнесті ашатын немесе жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейткісі келетін кәсіпкерлер қатыса алады.

Барлық мәселелер бойынша қордың облыстық филиалдарына хабарласу қажет. Несие өнімдері туралы толық ақпаратты www.fagri.kz сайтынан немесе әлеуметтік желідегі ресми аккаунттардан табуға болады.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның құрамына кіретін қаржылық-несиелік компания болып саналады. Қор қызметінің негізгі бағыты – АӨК саласындағы жобаларды несиелеу, «Еңбек» бағдарламасы аясында несиелерді және банк несиелерін кепілдендіру, АӨК сақтандыру бойынша операторлық қызмет көрсету, «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында мамандарды несиелеу агентінің қызметтерін атқарады.

«Оңтүстік»-ақпарат.

 

 

Пікір қалдырыңыз