Жадыра – іскер келіншек

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында оқып, сертификатқа ие болған Жадыра Сайфунова мемлекет тарапынан 555 000 (бес жүз елу бес мың) теңге қаржылай қайтарымсыз грант ұтып алып, жеке кәсібін дөңгелетіп отыр.

Бес баланың анасы, үй шаруасындағы Жадыра бұдан бұрын да отағасының көмегімен мал бордақылап, отбасы берекесін кіргізіп отырған еді. Осы қайтарымсыз қаржыға ол екі жылқы сатып алып, бордақылап, орталықтан шағын дүкен ашып, етін сатып, мал орнына мал алып, табысты айналдыру арқылы жылқы басын көбейтті.

Жадыраның дүкенінен ет сатып алатындар дән риза. «Ет таза, дәмді» дейді алушылар. Іскер келіншек жылқы бордақылаумен қатар сиыр да бордақылап, етін сатылымға шығарып отыр. Қазы-қартаны өзі айналдырады. Шекпе ет әзірлейді. Сиырды өзі сауып, айран-сүтін сауда сөресіне қояды. Оның өніміне сұраныс көп. Өйткені, малды өзі жемдеп, өзі баптайды. Отағасы Бекжігіт Амангелдіұлы да өз ісінің білгірі. Ол компанияда жұмысшы болып еңбек етеді. Ал, Жадыра жолдасының айлығына алаңдамай, тірлігін, шаруасын өзі айналдырып отыр. «Отбасының берекесі де, мерекесі де әйел» деген осы емес пе?!

Мақсат ҚАРҒАБАЙ. Созақ ауданы.

 

Пікір қалдырыңыз