Алғыс арқалаған Дінмұхамед

Ел тыныштығы мен адам құқығын қорғау жолында аянбай тер төгіп жүрген полиция қызметкерлері аз емес. Солардың бірі – Шымкент стансасындағы желілік полиция бөлімінің анықтау тобының анықтаушысы, полиция лейтенанты Дінмұхамед Темірбек.

Дінмұхамед Маратбекұлының бұл қызметке келгеніне көп бола қойған жоқ. Жас та болса өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындап, кәсіби шеберлігімен көзге түскен оны жақында Көліктегі полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Оңал Бакеев арнайы Алғыс хатпен марапаттап, әкесі Маратбек Сағырбайдың атына хат жолдады. Онда: «Сізге адал және сауатты, еңбекқор, жоғары білікті маман ретінде ұлыңыз Дінмұхамед Темірбекті тәрбиелеуге қосқан үлесіңізді құрметтей отырып алғыс білдіремін. Сізге шын жүректен зор денсаулық, отбасыңызға амандық және ұзақ өмір тілеймін» делінген.

Дінмұхамед бала күнінен тәртіп сақшысы болу үшін алдына мақсат қойды. Міне, бүгінде сол мақсатына қол жеткізді десе де болады. Сайрам ауданы, Ақсукент ауылынан түлеп ұшқан жас әуелі С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясында білім алады. Мектеп бітірген соң өзі армандаған Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға қабылданады. Қарағандыда төрт жыл білім алған жас маман алғашқыда Шымкент стансасындағы желілік полиция бөлімінің анықтау тобының анықтаушысы лауазымында өндірістік тағлымдамадан өтеді.

– Меніңше, құқық саласына, яғни осындай маңызды органда жұмыс істеуге келетін әрбір адам өзінің қандай шешім қабылдағанын және өте жауапты қызметте екендігін алдын-ала білгендіктен өз жұмысына немқұрайды қарамайды деп ойлаймын. Менің мақсатым – қоғамға титтей де болсын азаматтық үлесімді қосу. Полиция болудың да өзіндік қызығы мен қиындығы жетеді. Мұнда күн-түн демей жұмыс істеуің керек. Жұмыс бабында жүріп неше түрлі адамдармен, оқиғалармен бетпе-бет келеміз. Жаным сүйіп таңдаған мамандығым болғандықтан, барлық қиындыққа шыдаймын, – дейді жас маман.

Алматы қаласында жолсерік болып жұмыс істейтін Маратбек Сағырбайдың бұл саладағы еңбегін теміржол саласындағы әріптестері жақсы біледі. Әке тәлімін көріп өскен Дінмұхамед қазір желілік полиция бөлімінде жемісті еңбек етіп жүр.

– Шымкент – тоғыз жолдың торабында орналасқан қала. Сол себепті, теміржолмен ары-бері ағылып жатқан адам көп. Кейбір азаматтар есірткі алып өтпек болады, ұрлық-қарлық жасаушылар, жалған құжат дайындаушылар қолға түсіп жатады. Солардың бәрін анықтап, заңға сәйкес тиісті жұмыстарды жүргіземіз, – дейді Д.Темірбек.

Жас маманның алға қойған мақсаты айқын. Болашаққа нық сеніммен қарайды. Ол ел тыныштығын сақтап, тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруі үшін ерінбей еңбек етуді басты міндеті санайды.

Шымкент стансасындағы желілік полиция бөлімінің ұжымы.

 

 

Пікір қалдырыңыз