Құқықтық мемлекеттің сенімді тірегі

Жария құқықтық қатынастарды жүргізу барысында үлкен жауапкершілік жүктейді.

ҚР Жоғарғы соты мен Әділет министрлігінің білікті заңгерлері шетел және бұрынғы кеңестік мемлекеттердің халықарлық стандарттарға сәйкес тәжірибелеріне сүйене отырып, жаңа Әкімшілік рәсімдік процестік кодекстің қабылдануына қызмет етті. Еліміздегі елеулі оқиғаға баланған кодекс былтыр 29 маусымда қабылданып, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енгелі отыр. Бұл кодекс – құқықтық мемлекеттің маңызды атрибуты, тұрғындардың талап-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» сенімді тірегі десек те болады.

Әкімшілік рәсімдік процестік кодексі өзара байланысқа түсетін нысандардың қызметін, яғни әкімшілік актіні қабылдау рәсімі мен оны даулау процесін қамтиды. Кодекс жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау кезінде олардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыруды, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңдігіне қол жеткізуді, тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз етуді, жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайтуды қамтамсыз етеді. Нақтырақ айтқанда, кодекстің негізгі мәні – тұлғалардың әкімшілік органға жүгінуі нәтижесінде қабылданатын әкімшілік акті, оны орындау, заңсыз актіні заңсыз деп тану, жоюмен байланысты әкімшілік органдардың қызметі, сондай-ақ әкімшілік орган және соттың дауларды шешу тәртібі.

Кодекстің тағы бір жаңашылдығы – алдағы уақытта сотта әкімшілік іс қаралғанда дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке немесе заңды тұлғаға емес, мемлекеттік органға жүктеледі. Заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі тиіс.

Жаңа кодекс бойынша кез келген азамат мемлекеттік органның шығарған әкімшілік актісімен келіспейтіні туралы жүгіне алады. Содан кейін сот шағымданушының талап қоюды дұрыс жүргізуін, формальды қателерді түзету, істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеп, өзінің шығарған шешімінің орындалуын бақылайды. Осы орайда кодекстің жаңашыл қағидаты – «соттың белсенді рөлі» принципі іске қосылады. Яғни сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелер жинап, әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындауға мүмкіндік алады.

Жалпы, кодекс әкімшілік органдарға ҚР заңдарына сәйкес әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау жөнінде өкілеттіктер берілген мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлға, сондай-ақ өзге ұйымдарға жария құқықтық қатынастарды жүргізу барысында үлкен жауапкершілік жүктейді.

Құлымбет Үрмия Манатқызы,

Түркістан облысының Әділет

департаментінің бас маманы.

Пікір қалдырыңыз