Биыл су тапшылығы болуы мүмкін бе?

Төрт түліктің ішінде Зеңгі баба тұқымы молшылықтың символы ретінде сипатталады. Әр жылды өз «иесіне» қарап танитын көреген ел биылғы сиыр жылын шаруаға жайлы болатын шығар деп үміттеніп отыр. Алда қалай боларын кім білсін, қазақтың өзі тәуір көретін сәуір айы негізінен жауын-шашынды болып келді. Ал, тіршілік көзі саналатын су мол болса, егін де бітік шығатыны белгілі. Десек те, мамандар биыл қуаңшылық болуы мүмкін деген болжамды да жоққа шығармайды. Шын мәнінде биыл су тапшылығы болуы мүмкін бе? Олай болған жағдайда шаруалар шығынданып қалмауы үшін не істеу керек? Жауын-шашыннан су тасқыны орын алу қаупі жоқ па? Жалпы, Түркістан облысында вегетациялық маусымға дайындық қалай жүргізіліп жатыр? Біз бұл сұрақтарды «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалы су пайдалану бөлімінің басшысы Асқар Қыстаубаевқа қойдық.

«Бүгінгі таңда су нысандарының жағдайы тұрақты бақылауда, – деді бөлім басшысы Асқар Өтепбергенұлы. – Тасқын болуы мүмкін деген жерлерді қатаң бақылап отырмыз. Су қоймалары мен су тораптарында пайдалану ережелеріне сәйкес жұмыстар жүргізілді. Су тасқынының алдын алу бойынша су қоймаларының техникалық жағдайларына тексеру жүргізіліп, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Арнайы техникаларды тексеруден өткізіп, керекті материалдар қоры жасақталды. Байланыс құралдарымен де толық қамтамасыз етілді. Қазірше су басу қаупі жоқ. Сонда да каналдарды механикалық тазалаудан өткізіп, ирригациялық жүйелерді, оның ішінде каналдар мен коллекторларды тазалап, құрылыстарды реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қауіпті делінетін үш өңірде апатты мобильді топ құрылып, арнайы техникалар сақадай сай тұр. Атап айтсақ, Шардара бойынша Келес, Қазығұрт және Сарыағаш аудандарындағы объектілер назарға алынса, Көксарай контрреттегіші бойынша Арыс қаласындағы, Отырар және Ордабасы аудандарындағы объектілер, Шымкент қаласы бойынша – қаланың өзінде, сондай-ақ, Төлеби мен Түлкібас аудандарындағы объектілер бақылауға алынды. Бүгінгі таңда жүзден астам арнайы автокөлік, жетпіске жуық арнайы техника бар. Биылғы жылға арналған табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар қаупі мен төтенше жағдай туындауы кезіндегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл жоспары бекітілді. Түркістан филиалы мен ведомстволық бағынысты мекемелері бойынша биылғы жылы табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар, су тасқыны қаупі немесе су тасқыны туындауы кезінде қадағалау және хабарлау схемасы, арнайы техниканы бөлу кестесі әзірленді.

– Асқар Өтепбергенұлы, бүгінгі таңда негізгі нысандарда қанша су жиналды?

– Шардара су қоймасы мен Көксарай контрреттегішінің су режимдері тікелей Су ресурстары комитетімен реттеледі. Қазіргі уақытта су бекітілген кестеге сай ағып жатыр. Вегетациялық кезеңде біз үшін ең маңыздысы ағынсуды жинау екені белгілі. Облыс бойынша ең үлкен су қоймасы – Шардара және Көксарай контрреттегіші. Қазіргі уақытта Шардара су қоймасында 5 млрд. текше метр су жинақталған. Ал, Көксарай су реттегіші бойынша вегетациялық кезеңге шамамен 2 млрд. текше метр су жинауды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, тағы 15 су қоймасы бойынша жобалық көлемнің 31 пайызы жиналды. Бұл ретте Көксарай контрреттегіші 2 бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншіден, қыста су тасқынының алдын алса, екіншіден, дарияның етегіндегі елді ағын сумен қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда Шардара, Арыс, Отырар, Жетісай және Мақтаарал аудандарында да вегетациялық кезең басталып кетті. Соңғы екі аудан еліміздің аграрлық саласындағы ең маңызды өңірлердің бірі болып табылады. Яғни Жетісай мен Мақтаарал аудандарында жүз елу мың гектар суармалы жер бар. Мұнда өсірілген өнімдер елдің қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, алыс-жақын шетелдерге де экспортталады. Демек, бұл өңірлерді ағын сумен толыққанды қамтамасыз етудің ел экономикасында елеулі орны бар.

– «Қазгидромет» РМК консультативтік болжамына сәйкес биыл өңірді сумен қамтамасыз ету шамамен 70 пайызды құраса керек. Бұл дегеніміз, нормадан 30 пайызға төмен екен...

– Сұрағыңызды түсіндім. Биыл су жетіспеуі мүмкін деген болжамды біз де жоққа шығара алмаймыз. Жаңа өзіңіз айтқандай, биыл консультативтік болжам бойынша сумен қамтамасыз ету шамамен 70 пайызды құрайды, ол жылдағы нормадан 35-40 пайызға төмен. Демек, біз ирригациялық жүйелер бойынша су айналымын барынша тиімді пайдалануға, ылғал сүйгіш дақылдардың, соның ішінде күріш, бақша дақылдарының егістігін азайтуға тиіспіз деген сөз. Өткен жылдың желтоқсан айында, сондай-ақ осы жылдың наурыз айында біз облыстың барлық аудандары бойынша ұсынымдармен тиісті хаттар жібердік. Бізде барлығы 574 мың гектар суармалы жер бар, оның ішінде «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы 313 мың гектар жерді сумен қамтамасыз етеді.

– Асқар Өтепбергенұлы, Сырдария суын біз көрші елдермен бірге пайдаланамыз. Оларда жағдай қалай екен?

– Судың аз болатынына алаңдап отырған тек біз емес, мысалы, Өзбекстаннан келген әріптестеріміз де мұны растап отыр. Қазақстандағы ең үлкен өзеннің – Сырдарияның толымдылығы Тоқтоғұл су қоймасының деңгейіне де байланысты. Қазір онда жобалық көлемі 19 млрд. текше метр болатын 8 млрд. текше метр су жинақталған... 2020 жылы өңірде су тапшылығы 30-35 пайыз, яғни сумен қамтамасыз ету 70 пайыз шамасында болғаны белгілі. Сол кезде біз барлығын жұмылдырдық, барлық қажетті шараларды қабылдадық, соның ішінде су айналымын жүргіздік, Мақтаарал және Жетісай аудандарында дренаждық желілердің тік ұңғымаларын қолдандық. Бұл ұңғымалар шамамен 20 мың гектар жерді суаруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар біз суару үшін қолайлы арық суымен сұйытылған коллекторлық суларды қолдандық. Биыл сол жағдай қайталануы мүмкін, сондықтан біз барлық қажетті шараларды қарастыратын боламыз. Бірақ, бәрібір барлық суару жүйелеріндегі шығындарды азайта түсуіміз керек. Ол үшін бірінші кезекте есепті дұрыс жүргізу қажет, сондықтан пилоттық жоба шеңберінде біз К-19 арнасы бойынша сумен қамтамасыз етуді автоматтандыруды іске қостық. Бұл бізге шлюзді қашықтан ашуға және жабуға, текшелердегі судың көлемін көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, суды үнемдеу технологияларын қолдану да өте маңызды. Түркістан облысындағы арналардың 80 пайызға жуығы жер асты сулары, бұл да судың үлкен шығынын тудырады.

Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру бойынша іске асырылып жатқан ПУИД-2 жобасы шеңберінде жағдай жақсаруы тиіс. Біздің облыста Сарыағаш, Қазығұрт, Келес аудандарындағы жылыжайларда тамшылатып суару түріндегі су үнемдеу технологиялары да қолданылады. Басқа да жағымды оқиғалардың қатарында Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарындағы 512 ұңғыма бойынша Ислам Даму Банкі қаржыландыратын жобаны атап өтуге болады. Қазіргі уақытта жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Бір ұңғыма секундына 30-40 литр су береді. Сонымен қатар, Қазақстан жыл сайын жағдайды талқылап, су бойынша, атап айтқанда, трансшекаралық өзендер бойынша, оның ішінде Сырдария өзені бойынша көршілес мемлекеттердің – Тәжік-

стан, Өзбекстан және Қырғызстанның мамандарымен келісімдер жасайды.

– Жалпы, біздің облыс бір маусымда қанша ағынсуды қажет етеді?

– Республикалық нысандар бойынша 3 млрд. 371 млн. текше метрді құрайтын лимит бар. Осы лимиттің кесілмеуі біз үшін өте маңызды. Осы тұста су тарифі бойынша да айта кетейін. Бізде бір текше метр су 421 теңгеге бағаланады. Бір сөзбен айтқанда, біз алдағы вегетациялық кезеңде облыстың барлық тиісті қажеттіліктерін сумен қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдауға дайынбыз.

Сұхбаттасқан Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

 

Пікір қалдырыңыз