«Әйел бақытты болса, мемлекет бақытты»

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Инара Намазбаева Қазақ Мемлекеттік басқару академиясын халықаралық экономикалық қатынастар мамандығы бойынша бітірді. Одан соң кандидаттық диссертациясын қорғап, Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университеті және Тұран университетінде оқытушы қызметін атқарды. Ұлыбританиядағы Рединг университеті, Еуразиялық зерттеулер орталығында ғылыми тағлымдамадан өтті. Алматы қаласындағы халықаралық бизнес университетінде оқып, іскерлік әкімшілік менеджмент мамандығы бойынша магистр (MBA) академиялық дәрежесін алды. 2018 жылдан бастап Түркістан қаласындағы «Қуаныш» ЖШС-нің директоры және Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы. Біздің Инара Әбдіғаппарқызымен әңгімеміз бүгінгі қоғамдағы әйел-аналардың рөлі төңірегінде өрбіді.

– Инара Әбдіғаппарқызы, биылғы сайлауда халық қалаулысы атандыңыз. Бұл сайлаудың бұрынғы сайлаулардан ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– Иә, биылғы сайлаудың бір ерекшелігі – 30 пайыздық әйелдерге арналған квотаның болуы. Мұны «Nur Otan» партиясының жұмыс істеу тәжірибесі мен әлеуметтік сауалнамалар негізінде әйелдердің саясат, әлеумет ісіндегі өзіндік рөлін арттыру мақсаты деп білу керек. Осындай іргелі істерге мұрындық болуға депутат ретінде өзімнің де үлес қоса алуым маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Мен депутат болғанға дейін де Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы қызметін атқара жүріп, еліміздегі отбасы мәселелері мен әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне қосқан үлесімді халық бағалады, сол еңбегіме сенім артты деп білемін. Депутат болмасам да, кәсіпкер ретінде мұқтаж жандарға көмегімді аяған емеспін. Енді халық қалаулысы ретінде проблемамен емес, проблеманың орын алу себептерін зерттеп, күресу жолында еңбек ететінімді терең сезіндім. Сол жолда облыс, қала депутаттарымен бірлесе халыққа жағдай жасаудың жүйелі жоспары түзілді. Билік пен халық арасын жақындатуға депутаттардың тікелей әсері бар. Елдің мұқтажын дер кезінде көтеріп, депутаттық сауал тастап, проблемалардың оң шешілуіне белсене кіріспей, жүйелі жұмыс болмасы анық.

– Кәсіпкер, депутат ретінде өздеріңіз атсалысқан қайырымдылық шараларын атап өтсеңіз...

– Атап өтсек, Түркістан қаласындағы «Шапағат» мүмкіндігі шектеулі азаматтар қауымдастығына арнайы бейімдеу-сауықтыру орталығы ғимаратының салынуына өз үлесімізді қостық. Қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, бірлесіп жұмыс істеудеміз. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Түркістан қаласына қарасты арнайы оңалту орталықтарының тәрбиеленушілеріне мерекелік дастарқан жайып, сый-сияпат жасауды дәстүрге айналдырғанбыз. 1 қыркүйек – Білім күнінде денсаулығына байланысты үйде оқитын, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы балаларына мектепке қажетті оқу-құралдары мен киім-кешек үлестіру де біз үшін өте маңызды шара.

Әлеуметтік аз қамтылған топтар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемалары да менің жаныма бататын жайттар. Депутат ретінде менің қоғамдық қабылдауыма келетін жандардың басым көпшілігі баспана, тұрақты жұмыстары болмауы себепті тұрмыс тауқыметін тартқан, мүмкіндігі шектеулі жандар мен мүгедек балалардың емделуіне байланысты қаржы тапшылығын көрген, шағын кәсіп ашуға қол жеткізе алмай жүрген нәзікжандылар. Кәсіпкер ретінде берген менің аз-маз көмегім ол отбасылардың қажеттілігін түбегейлі шеше алмасы анық. Сондықтан қолдан келгенше ешбірінің өтінішін аяқсыз қалдырмай, тиісті мекемелермен байланысып, біршама нәтижелерге қол жеткіздік. Жұмысқа орналасқандар ризашылықтарын білдіру үшін қайта келіп жатады. Бірақ, бұл жайлар тоқмейілсуге жол бермейді. Мұның бәрі проблемалардың уақытша ғана шешілуі. Сондықтан күрделі мәселелердің мемлекеттік деңгейде шешілуіне атсалысып, тікелей жұмыс істеп жатқан уәкілетті органдардың жұмыстарына қолдау көрсетіп, өз көзқарасымды білдіремін. Экономика ғылымдарының кандидаты ретінде мәселеге ғылыми тұрғыдан келуге тырысамын. Нәтижесін уақыт көрсетеді.

– Сессияда қандай проблемаларды көтермекшісіз?

– Халық үшін қазіргі басты проблемалардың бірі – баспана мәселесі. Қазақ «үйі жоқтың – күйі жоқ» деп бекер айтпаған. Көптеген мәселенің орын алуына осы баспанасыз, пәтер жалдап тұруға мәжбүр жандардың тағдырлары себеп болуда. Біраз проблемаларды баспана мәселесін шешу арқылы азайтуға болады. Ал, баспанасы бар отбасын жұмыспен қамти алсақ, тағы тең жартысын шешеріміз анық. Сондықтан өзімнің депутаттық мерзімімде осы екі мәселені үздіксіз көтеріп отырмақпын.

– Қазақстандық әйелдердің құқығы жөнінде не айтасыз? Олар расымен-ақ тұрмыста зорлық-зомбылық көріп, құқықтары тапталып жатыр ма? Сұрағым келгені, 8 наурызда Алматыда шеруге шығатындай әйел-аналардың жағдайы соншалықты мүшкіл ме?

– Біз – зайырлы-демократиялық мемлекетпіз. Сондай-ақ, дәстүрлі құндылықтары бар, өзіндік тарихи даму жолы қалыптасқан елміз. Қазақ қоғамында әйел құқығы ерлермен тең тұрғанын өз тарихын оқыған кез келген парасатты жан білері анық. Әйел-аналар халқымыздың демографиялық өсуі мен өнуіне тікелей атсалысады. Оны бабаларымыз терең түсінген, құқықтық тұрғыдан қорғаған. Ал, мемлекетіміз де қазіргі таңда әйелдерді арнайы заңдармен қорғап отырады. Әйел бақытты болса, ел бақытты. Ондай ел өседі, көбейеді. Үкімет осы бағытқа басымдық беріп отыр. Әйелдер қауымын билікке тартып, мәселелерді ішінен зерттеуге, шешуге ден қоюда. Әйел құқығын қорғай алатын ашық мемлекетте өмір сүрудеміз. Қаншама іскер әйелдер Мәжілісте заң қабылдау кезінде әлеуметтік теңсіздікке бастайтын түйткілді тұстарды ашық талқылай алды.

Ал, тұрмыстық зорлық-зомбылық – әлеуметтік мәселе. Ел болған соң, бұл проблемалардың орын алатынын жоққа шығара алмаймыз. Бұған басты себеп – жұмыссыздық, тұрмыс тауқыметі, білімсіздік, рухани тұрғыдан жетілмеу, отбасы тәрбиесінен кеткен кемшіліктер деп білемін. Бүкіл білім, құқық, прокуратура, сот, әкімшілік жүйесі қазір осы проблеманың алдын алып, болдырмау үшін кешенді жұмыстар атқаруда. Пандемия кезінде кейбір отбасыларда осындай жағдайлардың орын алуы анық байқалды. Зорлық-зомбылықтың салдары қайғылы жағдайлармен – өліммен, балалардың жапа шегуімен аяқталмауы үшін әрбір адам бұл мәселелерге бейжайлық танытпауы тиіс. Қазіргі таңда адамдарда мейірім, ықылас жетіспеуден көп келеңсіздіктер туындауда. Балаға махаббат, шексіз мейірім төге алсақ қой... Әр отбасы – еліміздің ертеңі, балалар – келешегіміз. Адам қатыгез болып туылмайды, қалыптасады. Осыны терең сезінуіміз керек-ақ.

8 наурызда әйелдер шеруге жағдайлары қатты мүшкіл болған соң шықты деп айтуға негіз жоқ. Әлеуметтік желілерде көп талқыланған мәселе осы. Көшеге шығуға жеткізген бұл іске біржақты қарауға болмайды деп ойлаймын. Феминизм мәселесі батыста зерттелген тенденция. Осы сұрақ мені де қатты ойландырды. Асығыс пікір айтпас үшін, біздің Іскер әйелдер қауымдастығындағы ғалымдар мәселенің орын алуын зерттеп жатыр. Кейінірек әлеуметтік сауалнамалар мен зерттеу қорытындылары негізінде толығырақ сұхбат беруге болады.

– Өзіңіз облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымысыз. Біздің елімізде бизнеспен айналысамын деушілерге кедергі бар ма?

– Елімізде кәсіпкерлерге барынша жағдайлар жасалуда. Қазір кәсіпкерлікке байланысты кедергілерге қарсы Үкімет мораторий жариялады. Кәсіпкелер 3 жылға дейін түрлі салықтардан босатылуда. Әйел кәсіпкерлерге жасалған жеңілдіктер мен қамқорлықтарды да айта кетуіміз керек. Сол қамқорлықты көргеннің бірі – өзім. Кәсіпкерлік бастаманы дамытуға, халықтың экономикалық белсенді бөлігінің өзін жұмыспен қамтуға бағытталған жеңілдетілген несиелердің пайдасын көрудеміз. Арнайы құқықтық режимі күшейтілген индустриялды аймақта кәсіпорындар еш кедергісіз жұмыстарын істеуде. Тынбай еткен еңбек еленеді. Жеке басын ғана ойламай, елге пайдасы тиер кәсіппен айналысқан адам оның рахатын да көруі керек. 10 адамды жұмыспен қамтысаң да, сауабы ұшан-теңіз. Әкем бастаған кәсіпті менің жалғастыра алуым, біріншіден, елдің алғысын алуымнан, екіншіден, «елмен бірге бол» деген әке өсиетінен деп білемін.

– Халық қалаулысын толғандыратын мәселе...

– Депутат болған соң ғана емес, болмай тұрып та саясатқа араластым десем болады. Саясат билікке қызмет істеу емес, билік пен халық арасын жақындату мақсатын көздеген сәттен басталады. Өзім үшін өмір сүрсем, соған жетерлік бизнесі бар жанмын. Бірақ, отбасы тәрбиесі мен әке өсиеті менің томаға-тұйық өмір сүруіме мүмкіндік бермеді. Қаншама жан біз басқаратын Түркістан қаласындағы орталық базардан отбасын асырап отыр. Депутат болғалы халықтың аманатын арқаладым. Қазіргі уақытта менің бойымда үміт, сенім, намыс сияқты ар-ұждан сезімінен бөлек, «ел үшін тағы не істей аламын?!» деген жауапкершілік жүгі бар. Менде әйелдің, ердің орны деген ұғым жоқ. Адам ретінде келешек ұрпаққа қандай құндылықтар қалдырамыз, мені сол толғандырады. Әйел ретінде ұрпақ тәрбиесіне берік болу басты қағидама ұласты. Отбасындағы үш ұлымның маған ғана емес, өзгелерге де пайдасы тиер, саналы, парасатты азаматтар болып өсулеріне көңіл бөлемін. Дәстүр-салтымыздан ажырамай, білім алуға құштар, үнемі ізденісте жүретін, мейірім мен қамқорлыққа бөленген балалардан жамандық шықпасы анық. Кімнің жүрегі ізгілікке толы болса, сол жан жыртық киіммен жүріп те бекзаттығын жоғалтпайды. Балаларды мейірім мен шуаққа бөлеуге тиіспіз.

– Ашық әңгімеңізге көп рахмет! Биіктерден көріне беріңіз!

Сұхбаттасқан Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

 

Пікір қалдырыңыз