«Шаңырақ» пилоттық жобасы: қалай үй алуға болады?

Баспана... Бұл – жаңадан шаңырақ көтерген жастардың барлығының дерлік басында кездесетін күрделі мәселе. Сол себепті шығар, баспаналы болудың түрлі жолдарын қарастырып, жаңа бағдарламалар қолға алынса, оны да қалт жібермей қадағалап отыратын жастар көп.

Қабылданғанына көп бола қоймаған тың жобалардың бірі – «Шаңырақ» пилоттық жобасы. Бұл жобаның қандай ерекшеліктері бар? Осы жоба арқылы баспаналы болғысы келетіндер қайда баруы керек, нені білуі тиіс? Біз бұл сұрақтарды «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Әмір Нұрмұқановқа қойған едік.

– «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыттарының бірі «Шаңырақ» пилоттық жобасы іске қосылып, «Отбасы банк» былтырғы жылдан бастап оны жүзеге асыруға кірісті, – деді Әмір Қизатұлы. – Аталмыш бағдарлама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес баспаналы болуды армандаған қазақстандық азаматтарға жеңілдетілген шарттармен несие беруді көздейді. Бағдарламаның шарттарына сәйкес, тұрғын үйді тек жаңа салынған үйлерден ғана алуға болады. Оған «5-10-20» бағдарламасы аясында жергілікті әкімдіктер салып жатқан несиелік тұрғын үйлер мен жеке құрылыс компаниялары тұрғызған баспаналар жатады.

– Әмір Қизатұлы, үй кезегінде тұрғандар бағдарлама аясында баспана алу үшін ең бірінші қандай қадам жасауы тиіс?

– Ең бірінші өтініш беру керек. Әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтардан бағдарламаға қатысуға және төлем қабілеттілігін бағалауға өтініштерін тек «Отбасы банк» hcsbk.kz сайты арқылы, соның ішінде банк клиенттерінен де, банк клиенті болып үлгермеген азаматтардан да қабылданады. Яғни олар депозиттері болмаса да өтініш жолдай алады.

– Бағдарлама шартын қысқаша түсіндіріп өтсеңіз...

– «5-10-20» бағдарламасы бойынша жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен (ЖТСМ 5,2%), жеңілдетілген заемды алу үшін бағдарлама қатысушылары жергілікті әкімдікте үй кезегінде тұрулары қажет. Сондай-ақ, «Отбасы банкіндегі» шоттарына заем мөлшерінің 10 пайызынан кем түспейтін соманы бастапқы жарна ретінде жинап немесе бірден салуларына болады. Несиелендіру мерзімі 20 жылға дейін қолданылады. Аталмыш бағдарлама бойынша тұрғын үйді тек жаңа салынған үйлерден ғана алуға болады. Осы ретте айта кетейін, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша пәтер алуға болатын құрылыс компанияларының тізімін hcsbk.kz сайтынан жүктеп ала аласыз. Егер сіз әкімдік кезегінде тұрсаңыз, онда бағдарламаға қатысу үшін дәл қазір өтініш бере аласыз. Ол үшін сіз «Өтінім беру» батырмасын басып, интернет банкингке өтуіңіз қажет. 2020 жылы өтініштер 1986-2021 жылдар аралығында әкімдікте есепте тұрған «Отбасы банкінің» салымшыларынан, сондай-ақ, банк салымшысы болып табылмайтын әкімдік кезегіндегі азаматтардан қабылданады.

– Заем алу үшін не істеу керек? Мұны да түсіндіре кетсеңіз...

– Ол үшін «Шаңырақ» пилоттық жобасына тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде жергілікті әкімдікке барып, есепке тұрасыз. Соңғы алты ай ішіндегі отбасының әрбір мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі, отбасының әрбір мүшесіне соңғы алты айдағы табысы 3,7 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Оның көрсеткіші бүгінгі таңда 126 917 теңгені құрайды. Ал, өткен жылы 3,1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс еді, яғни оның көлемі 101 270 теңге болатын. Баспананы жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс компанияларынан да сатып алуға болады. «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігі бар құрылыс компанияларынан үлестік қатысу арқылы (пайдалануға берілмеген үйлерден) тұрғын үй сатып ала аласыз. Ең жоғарғы заем сомасы жеке құрылыс салушылар ұсынған жаңа үйлер бойынша Қазақстанның әр аймағына байланысты әр түрлі. Мысалы, біздің Түркістан қаласында 15 миллион теңгеге дейін алуға болады.

– Кіріс ретінде не ескеріледі?

– Сіз негізі кірісіңіз болған жағдайда ғана несие ала аласыз. Негізгі кіріске еңбекақыңыз, кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысыңыз жатады. Егер сіздің негізгі кірісіңіз жеткіліксіз болса, онда қосымша табысты қосып есептетуге де мүмкіндігіңіз бар. Егер сіздің табысыңыз несиені өтеуге жеткіліксіз болса, онда сіз 2 қосалқы қарыз алушыны тартуыңызға болады. Негізгі кіріске жататындар: айлық жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс, өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша түсетін табыс. Қосымша кіріске жататындар: зейнетақы және зейнетақы аударымдары (негізгі кіріс болған жағдайда), экологиялық төлемдер, тұрғын үй төлемдері. Бұдан өзге жәрдемақылар кіріс ретінде есептелмейді.

– Бағдарламаға қатысушы пәтерді қалай таңдайды?

– Тұрғын үйді өзіңіз кезекте тұрған аймақтан ғана сатып ала аласыз. Ол үшін «Отбасы банк» сайтына тіркеліп, электронды түрде өтінім бересіз. Электронды түрде өтінім беру үшін «Тексеру және өтінім беру» батырмасын басу қажет. Ол жерде ЖСН және байланыс нөмірін жазып қалдырады. Өтініш берілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде сізге банкте кездесуді тағайындау үшін байланыс орталығының қызметкері қоңырау шалады. Банкте төлем қабілеттілігін, менеджер белгіленген уақытта келіп растап, сату бөліміне барасыз. Бұл кезеңде бағалау ұйымы арқылы таңдалған баспананы бағалаудан өткізіп, сатушыдан тұрғын үй кешені құқық белгілеуші құжаттарының көшірмелерін және келісімшартпен бірге «Отбасы банкіне» өткізеді. Ең төменгі бастапқы жарна заем сомасының 10 пайызына тең. Ақшаны банк бөлімшелері, интернет-банкинг, «Отбасы банкінің» төлем терминалдары немесе банктің серіктес ұйымдарының интернет-банкингі мен төлем терминалдары арқылы аударуға болады. Банкке жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату келісімшартын және жұбайыңыздың кепілге берген рұқсат қағазын өткізгеннен кейін банк заемы туралы келісімшартты бекітіп, халыққа қызмет көрсету орталығында кепілді тіркеу керек. Осыдан кейін заем беріліп, азамат өз пәтеріне көшіп бару мүмкіндігіне ие болады.

Сұхбаттасқан Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз