Өңір журналистикасының ардагеріне құрмет көрсетілді

Түркістан қаласында Қазақстанның құрметті журналисі, Түркістан облысы мен Бәйдібек ауданының құрметті азаматы Байдулла Қонысбектің 80 жасқа толуына байланысты салтанатты жиын өтті.

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы ұйымдастырған шараға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры ЖанарТемірбекова, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Шәріпбек Жамалбек, жазушы, халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының лауреаты Мархабат Байғұт, облыстың зиялы қауым өкілдері және Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының ақпарат саласының өкілдері қатысты.

Жиынды Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай жүргізіп, қаламгердің өмірі мен ақпарат саласындағы атқарған қызметтеріне тоқталып өтті.

Шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қарымды қаламгерге жүрекжарды лебізін білдіріп, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің құттықтау хатын табыстады.

«Сіз, ағалықтың асқарына шығып, ақсақалдық дәуірдің жаңа белесіне қадам басқан мерейлі жасқа асқақ абырой, терең білім, толысқан тәжірибемен жетіп отырсыз. Саналы ғұмырыңызды ғасырға жуық тарихы бар, өлке баспасөзінің қарашаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газетінің көкжиегін кеңейтуге, «Оңтүстік» арнасының ауқымын ұлғайтуға арнап, қазақ журналистикасының ақылман ардагеріне айнала білдіңіз. Ұлттың ұлы перзенті Шерхан Мұртаза «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп ақпарат саласының мамандарына артылар жүктің шамасын айқындап берді. Сіз осы бір қиыны мен қызығы қатар жүретін мәртебелі мамандықтың шыңына шығып, өңір руханиятының брендіне айналдыңыз. Сізге деген ерекше құрметім мен ілтипатымды білдіре отырып, мерейлі қуанышыңызбен тағы да құттықтаймын!» делінген облыс әкімінің құттықтау хатында.

Сонымен қатар, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Ж.Темірбекова, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ш.Жамалбек, жазушы М.Байғұт Байдулла Қонысбекұлының шығармашылық тұлғасы мен өңір руханиятындағы орнының ерекше екендігін баса айтты.

Мерейтойлық іс-шара Байдулла Қонысбектің 80 жас мерейтойына арналған БАҚ өкілдері арасындағы бильярдтан аймақтық турнирге ұласты.

Журналистер арасында ұйымдастырылған бәсекеге Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан 30-ға жуық БАҚ өкілдері қатысып, бақ сынады.

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз