«Серпінмен» оқығысы келетіндер көп

Осы аптада өңірімізге Павлодар педагогикалық университетінің өкілдері келіп, «Серпін» жобасы бойынша биылғы бітіруші түлектермен кездесті. Оларға бағдарламаның игілігін түсіндіріп, өндірісі өркендеген Кереку өңіріне білім алуға шақырды. Осыған орай университеттің қабылдау комиссиясының хатшысы Гүлнар МҮСӘНОВАМЕН әңгімелескен едік.

– Гүлнар Манатқызы, апта басынан бері аудан, қалаларды аралап, бағдарлама арқылы бітіруші түлектерді оқуға шақырып жатырсыздар. Айтыңызшы, біздің жеткіншектердің солтүстік өңірлерде білім алуға ынтасы қалай екен?

– Алғашқы кездегідей емес, қазір оңтүстік халқы бағдарламаның игілігін түсіне бастады. Рас, бастапқыда күдікпен қарағандар аз болған жоқ. Бірақ, күдік-күмәндардың барлығы уақыт өте келе сейілді. Қазір жұрт «Серпін» бағдарламасы жайлы жан-жақты хабардар. Осы сапарымызда бағдарлама арқылы балаларының білім алып, жұмысқа орналасуын қалайтын ата-аналардың көп екендігін аңғардық.

– Жалпы, облыс бойынша педагогикалық мамандықтарға деген сұраныс қай деңгейде?

– Павлодар облысында педагог мамандарға деген сұраныс қай кезде де төмендеген емес. Әсіресе, бүгінгі таңда математика, биология, ағылшын тілі, физика, химия, орыс тілі пәні мұғалімдеріне деген зәрулік басым. Тіпті, дене шынықтыру пәнін оқытатын мұғалімдер де тапшы. Бұл – ауыл-аймақтарға тән жағдай.

Жалпы, «Серпін» бағдарламасымен студенттерді қабылдауға солтүстіктегі 7 облыстың 7 жоғары оқу орны белгіленген. Солардың қатарында Павлодар педагогикалық университетінің орны ерекше. 60 жылдық тарихы бар жоғары оқу орнында бүгінде 5 мыңдай студент білім алады. Оның 200-ге жуығы «Серпін» арқылы білім алып жатқан оңтүстік өңірдің балалары. Бағдарламадан тыс мемлекеттік грант есебінен оқып жатқандары да бір шоғыр. Бізге жылына оңтүстік өңірдің балаларын қабылдауға 150 шамасында мемлекеттік грант бөлінеді. Кей жылдары 200-250-ге дейін барады. Бағдарлама бойынша оқу гранттарын иеленген жастар шәкіртақымен, жатақханамен толық қамтамасыз етіледі. Оларға жылына екі рет ауылдарына барып-қайту шығындары төленеді. Жастардың оқу бітірген соң жұмыс тауып, өздерінің тұрмыстық жағдайларын жақсартуына толық мүмкіндіктері бар. Көптеген білім ордаларында жоғары курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету өзекті болса, «Серпінмен» оқуға түскен студенттер оқуды бітіргенге дейін жатақханамен қамтамасыз етіледі.

– Дегенмен, оқу бітірген жастардың арасында елге оралып жатқандары да аз емес. Себебі неде? Әлде жұмыс таппай ма?

– «Серпін» жобасының негізгі мақсаты – мықты, бәсекеге қабілетті мамандар даярлаумен қатар оларды жұмысқа орналастырып, солтүстікке тұрақтап қалуына жағдай жасау. Бұл жағынан біз өзгелерден көш ілгеріміз десек те болады. Статистикаға сүйенсек, оңтүстіктен келген жастардың 80 пайызы оқу бітірген соң жұмысқа тұрып, осында тұрақтап қалады екен. Әсіресе, қыздарға қарағанда, жігіттердің қалуға деген ынтасы басым. Бір қуанарлығы, солардың басым бөлігі бүгінде ауылдық жерлерде еңбек етіп жатыр. Көпшілігі үйлі-баранды болып, ауыл мектептерінде тұрақтап қалды.

Оқу бітірген түлектеріміздің арасында білім-білігімен биіктен көрініп жүргендері аз емес. Мәселен, Жетісай ауданынан барған Жүсіп Бағдатжан есімді түлегіміз бүгінде жастар департаментінің жауапты қызметкері. Қазығұрттық Оразбай Мейрамбайұлы дейтін шәкіртіміз Литва және Ұлыбритания елдерінде академиялық ұтқырлықпен білім алып келді. Осындай білімге құштар, еңбекке ынталы жастарды университетке алып қалуға тырысамыз.

– Бұрын тестілеуден төмен балл жинаған түлектердің «Серпін» жобасымен оқуға түсуге мүмкіндігі болатын. Бұл талап өзгерді ме? Бағдарламаның білім грантын иелену үшін биылғы меже қандай?

– «Серпінге» тестілеудің межесінен әзер асатын нашар оқыған түлектер түседі деу жаңсақ пікір. Мектепті ілініп-салынып бітіріп, тестілеуден төмен балл жинаған баладан қаншалықты сапалы кадр шығады? Осы себепті де «Серпіннің» көздегені – білім алуға қауқарсыз жастарды жинау емес, қайта болам деген балаға жол көрсету.

Жалпы, педагогикалық мамандықтар бойынша білім грантын иеленудің шекті балы – 75 балл. «Серпінмен» оқуға түскісі келетіндер де осы межеге қол жеткізуі тиіс. Бірақ, жалпы конкурсқа 16 облыс, қаланың түлектері қатысса, «Серпін» бойынша тек бес өңірдің жастары арасында бәсекелестік болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз