Дәрігерлердің жалақысы 30 пайыз өсті

Қазір пандемия қайтадан белең алды. Коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде әдеттегідей медицина саласының қызметкерлері жүр. Бүгінде коронавирусқа қарсы вакцина салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Covid-19 дертін жұқтырғандар саны да күн өткен сайын көбейе түсуде. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларын қоса алғанда, жеті өңір «қызыл аймаққа» енді. «Түркістан облысы әзірге жасыл аймақта» деп көңіл жұбатқанымызбен, арқаны кеңге салуға болмайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында: «... Дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан да нығайта түсу маңызды болып отыр. Мұны біз қазіргі дағдарыс кезінде қолға алып жатырмыз, енді оны жүйелі түрде жүзеге асыруымыз керек. 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болады» деген болатын.

Үкіметтен жеткен жаңалыққа құлақ түрсек, 2021-2023 жылдары Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырманы іске асыру үшін бюджеттен 1 141,5 млрд. теңге бөлу қарастырылыпты.

Сонымен, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өсті. Нақтырақ айтқанда, республика бойынша орта есеппен алғанда, дәрігерлердің жалақысы 246 мың теңгеден 320 мың теңгеге, орта буын қызметкерлердің жалақысы 145 мың теңгеден 173 мың теңгеге дейін көтерілген. Бұл қамқорлық медициналық қызметкерлердің жұмысына ерекше серпін бергені анық. Осы орайда Түлкібас аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Тельман Алиевке қоңырау шалған едік.

– Жолдауда айтылған тапсырмалардың ойдағыдай орындалып жатқанына біздің ұжым қызметкерлері де дән риза. Мемлекет тарапынан шынайы қамқорлықты сезініп отырмыз. Бұған ақ халаттылар қажырлы еңбектерімен жауап қайтарады. Бұрын айына орта есеппен 187 мың теңге жалақы алып келген дәрігерлер биылғы қаңтар айынан бастап 244 мың теңгеге қол жеткізіп отыр. Демек, оның мөлшері 30 пайызға артты деген сөз. Ал, 148 мың теңге алатын орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 179 мың теңгеге жетті. Яғни жалақы 20 пайызға артты.

Бұл – денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүргендер үшін қуанышты жаңалық.

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

 

 

Пікір қалдырыңыз