Баба есімі ұлықталды

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Отырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толуына орай қазақ күресінен облыстық ашық турнир өтті. 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасындағы бәсекеге Түркістан облысы балуандарынан бөлек Шымкент қаласы, Қызылорда, Жамбыл облысының балуандары да қатысты. Облыстық ашық турнирде 250-ден астам жас балуан бақ сынады.

Жарыс Шәуілдірдегі «Оқсыз» спорт кешенінде өтті. Жарыстың ашылу салтанатына облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Айтжан Бердашев, Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісов, белгілі спортшылар, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

– Күш атасы Қажымұқан бабамыздың атындағы турнирдің Отырар жерінде өтуі тегін емес. Себебі, балуан бабамыздың кіндік қаны осы Отырарда тамған. Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту оның туған жерінен басталуы заңдылық. Және бұл алғашқы жарыс емес. Осыдан бір ай бұрын ауданымызда еркін күрестен күш атасын еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық біріншілік өтті. Онда да Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан келген еркін күрес балуандары бақ сынады. Даңқты балуанымыздың есімін ұлықтау іс-шаралары әлі де жалғасын табады, – деді Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісов.

Турнирдің ашылу салтанатында осы жарыстың 9 дүркін жеңімпазы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Дархан Төрәділұлы сөз алып, балғын балуандарға сәттілік тіледі.

– Жас жеткіншектердің бүгінгі аяқ алысы қуантады. Осы өрендердің арасынан болашақта көк туымызды желбіретер балуандардың көптеп шығарына мен сенемін. Шын мықтыға тұсау жоқ. Боз кілем үстінде өз мықтылықтарыңызды көрсетіңіздер. Баршаңызға жеңіс тілеймін, – деді ол.

Турнирге қазылық етуге облыстың әр аймағынан жоғары дәрежелі 11 төреші шақыртылыпты. Жарыс үш күнге созылды. Алғашқы күні балуандар салмақ өлшеу рәсімінен өтсе, екінші күні жеңіл салмақтағы спортшылар белдесті. Ал, үшінші күні ауыр салмақтағы балуандар боз кілемге шықты.

– Елбасы атап өткен ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісін Отырар ауданынан көріп отырмыз. Жас жеткіншектер даңқты бабамыздың есімін ұлықтауға арналған турнирге өте жоғары дайындықпен келгендіктерін көрсетіп отыр. Бұл өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді оятарына сеніміміз кәміл. Осынау игілікті іске мұрындық болған Отырар ауданы әкімдігіне алғысым шексіз. Салауатты өмір салтын ұстанып, ұлттық спортымызбен айналысуға бел буған жас балуандарға сәттілік тілеймін, – деді облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Айтжан Бердашев.

Жоғарыда атап өткендей, турнирге Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан іріктелген жас балуандар қатысты. Жарыстың алғашқы күні боз кілемге жеңіл салмақтағы балуандар шықты. Ең жеңіл 38 келі салмақ дәрежесінде Түркістан ұлттық спорт мектебінің шәкірті А.Алпысбайдың бағы жанды. Оған финалда ұтылған шардаралық Д.Бекбол күміс жүлдеге ие болса, Сайрам ауданынан келген Ә.Әбдуахатов пен кілем иесі Б.Тұрысбек қола жүлдегер атанды.

42 келі салмақта қызылордалық Д.Маратұлы өзінің мықтылығын дәлелдеп, жеңімпаз атанса, ордабасылық Д.Сырлыбай вице-чемпион болды. Бұл екеуіне жартылай финалда жеңілген Ж.Тугушев (Мақтаарал) пен Б.Бақытбекұлы (Бәйдібек) қола жүлдеге ие болды.

46 келіде шымкенттік А.Бегалиевке тең келер қарсылас табылмады. Отырарлық Ө.Жаманқұл оған финалда есе жіберіп, бір өкініші ішінде кетті. Бұл салмақта қола жүлде Жамбыл облысының балуаны А.Әбутәліп пен ордабасылық Д.Шайрыққа бұйырды. 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде де шымкенттік балуандардың мерейі үстем болды. Ақтық сында шымкенттік Б.Жүнісбекке жол берген түркістандық А.Әбдіманап күміс жүлдеге ие болды. Қола жүлдені шардаралық, ордабасылық балуандар өзара бөлісті.

55 келі салмақ дәрежесінде Түркістан облыстық спорт мектебінің шәкірттеріне шыдас берер балуан табылмады. Осы мектептің қос шәкірті Е.Әбдіразақ пен И.Аңламас алтын және күміс жүлдені иеленсе, қызылордалық М.Маутанов пен сарыағаштық Б.Жүрсінбек қола жүлдегер атанды.

Жарыстың екінші күні де тартысты бәсекелерге толы болды. Әсіресе, 60 келі салмақтағы балуандар жарыс көрігін қыздырды. Нәтижесінде шардаралық балуан Е.Төлеген жарқырай көрінді. Күміс жүлде тараздық Р.Махмутқа бұйырса, қола жүлдені төлебилік М.Иманбай мен ордабасылық А.Ибосын иеленді.

65 келі салмақ дәрежесінде Түркістан қаласынан келген балуандардың шоқтығы биік болды. №5 спорт мектебінің шәкірті С.Төрехан финалда шымкенттік С.Шалқардың жауырынын жер иіскетсе, қола жүлде тағы да сол Түркістаннан келген қос балуанға бұйырды. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шардаралық Б.Сайлаубекті жеңетін балуан болмады. Түркістан облысының құрамасы сапында тер төгетін Н.Қылышбектің өзі оған финалда ұтылды. Тағы бір облыс құрамасы сапында жарысқа келген Е.Құлмахан мен отырарлық Б.Қонысбек қола жүлдеге ие болды. Жалпы, кілем иесі отырарлық балуандардың бұл турнирде жолы болмады. Бірде-бір отырарлық балуан жеңіс тұғырының биік сатысынан көріне алмады. Жеңіл салмақта жолы болмаған отырарлықтардың бар үміті 75 келідегі Н.Райқұлда еді. Алайда, ол финалда түркістандық Қ.Бақбергеннен ұтылып, күміс жүлдеге ие болды. 75 келіден жоғары салмақ дәрежесінде 3 бірдей шымкенттік балуан жартылай финалға шыққан. Нәтижесінде Р. Дүйсенбек чемпион атанып, Н.Шалғынбай күміс жүлдеге ие болды. Үшінші шымкенттік балуан Е.Батырбек пен шымкенттік балуандарға лайықты қарсылық көрсеткен тараздық Т.Рысбеков қола жүлдегер атанды.

Жалпыкомандалық есепте 3 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде жеңіп алған Шымкент қаласының балуандары топ жарды. Одан кейінгі орынды 2 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдесі бар Шардара ауданының құрамасы иеленді. Үздік үштікті 2 алтын, 1 күміс жүлде иеленген Түркістан облыстық ұлттық спорт мектебінің шәкірттері қорытындылады.

 

 

Пікір қалдырыңыз