Кесене аумағында сакура гүлдеді

Түркістанда, Ясауи кесенесінің аумағындағы ботаникалық бақта сакура ағашы бүршік жарды. Ислам бағы негізінде салынған ерекше саябақта 200 түп сакура ағашы, жалпы, әлемде сирек кездесетін мыңға жуық ағаш көшеттері егілген. 7,7 гектар аумақты алып жатқан демалыс аймағында жақын күндері қызғылт, күлгін, ақ түске боялған шие ағаштарының гүлденуі күтілуде.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығындағы тынымсыз жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын пысықтау үшін шаһардағы құрылыс алаңдарында болды. Ботаникалық бақта Германиядан арнайы алдырылған ағаш көшеттері мен гүлдердің 50-ден астам түрі отырғызылған. Олардың ішінде сәндік жеміс ағаштары мен күлгін түсті күл ағашы, катальпа ағашы, долана, каштан, терек, тұт ағашы, үйеңкі, раушан гүлі мен қызғалдақтың сан алуан түрлері бар. Демалыс аумағы биіктігі 1 метрден аспайтын мыңға жуық ерекше дизайнды жарықшамдармен жарықтандырылған. 350 арнайы шам жол бойына орналастырылған. Декоративті су арналары мен субұрқақтар салынған.

Қаладағы жаңа саябақтар мен демалыс орындарын аралаған облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев құрылыс пен жөндеу жұмыстарын 10 күннің ішінде толық аяқтауды міндеттеді. 6 гектар жерде орналасқан «Рәміздер алаңында» көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мұнда 2 мың түп көшет отырғызылып, газон төселеді. Субұрқақтар, арнайы демалыс орындары мен балалар алаңшалары ашылады.

Облыс әкімі қаладағы мәдени-рухани орталықтағы құрылысы аяқталған жаңа ғимараттардың аумағына аяқжолдардың төселуі тым ұзаққа созылып кеткенін қатаң сынға алды. Мойнына алған міндетті созбалаңға салған фирма өкілдеріне сылтау іздемей, тапсырысты дер кезінде орындауды тапсырды.

 

 

Пікір қалдырыңыз