Гүлжан ҚҰРМАНБЕКОВА — Арыс қаласының әкімі

Түркістан облысында тұңғыш рет әйел адам қала тізгінін қолына алды. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, Арыс қалалық мәслихаты депутаттарының қолдауымен, Арыс қаласының әкімі болып Құрманбекова Гүлжан Мамытқызы тағайындалды. Жаңа әкімді қала активіне арнайы таныстырған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев оның алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, абыройлы еңбек ететініне сенім білдірді.

Облыс әкімі Арыс қаласының жаңа басшысының алдына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту бойынша бірқатар міндеттер жүктеп отыр.

«Арыс – өте маңызды аумақ. Қалада атқарылуын күтіп тұрған жұмыстар жеткілікті. Шағын және орта бизнес саласын, ауыл шаруашылығы саласын дамыту керек. Ең бастысы, бизнесті жандандырып, инвестиция тарту керек. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар. Гүлжан Мамытқызы өте тәжірибелі басшы. Бюджет, қаржы, әлеуметтік салаларды да жетік меңгерген. Өзімнің кеңесшім болған. Тәжірибесі мол, еңбекқор жан. Алда атқарылар істер көп» деді облыс әкімі.

Арыс қаласының жаңа әкімі Гүлжан Құрманбекова өзіне артылған сенімді ақтап, Арыстың дамуы мен өркендеуі жолында бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Гүлжан Құрманбекова 1965 жылы Отырар ауданында дүниеге келген. 1987 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітірді. Еңбек жолын Шәуілдір жолаушылар автокөлігі мекемесінің кассирі болып бастаған.

1987-1992 жылдары Қызылқұм аудандық қаржы бөлімінің кіріс есебінің инспекторы, тексеруші-инспекторы, аға экономист қызметтерін атқарған. 1992-2004 жылдары Шымкент қалалық қаржы бөлімінің аға тексеруші-инспекторы, бас экономист, бас маман-бас экономисі қызметтерінде болды.

2004-2005 жылдары – ОҚО білім департаментінің бас маманы, Шымкент қалалық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары.

2007-2010 жылдары – Шымкент қалалық қаржы бөлімінің бастығы. 2010-2020 жылдары – Шымкент қалалық экономика және қаржы бөлімінің бастығы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2020 жылдан бері Түркістан облысы әкімінің экономика, қаржы мәселелері бойынша кеңесшісі болды.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

 

 

Пікір қалдырыңыз