Қолда тұрған үш ұпай сусып кетті

Футболдан OLIMPBET-Қазақстан чемпионатының ІІІ тур ойындары өтті. Түркістан облысының «Тұран» командасы өз алаңында Қызылорданың «Қайсар» футболшыларын қабылдады. «Тұран» ФК карантиннің барлық талаптарын сақтай отырып, «Turkistan Arena» стадионының трибуналарын 30 пайызға толтыруға рұқсат алды. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев ойын барысын стадион трибунасынан тамашалады.

Тұрандықтар алаң қожайындары ретінде есеп ашуға тырысқанымен, қарсыластарының осал тұсын таба алмады. Бас бапкер Абдухалық Бөрібаев алаңға тыңнан ойыншыларды шығару арқылы команданың шабуыл шебін күшейтті. «Тұран» командасының шабуыл шебінде ойнаған Нкоби Чисом Стэнлидің орнына Темірлан Әміров алаңға шығып, тартысты өткен кездесудің 90-шы минутында есеп ашты.

Ойынның бітуіне санаулы секундтар қалғанда «Қайсар» командасы қайсарлығын көрсетіп, есепті теңестіріп кетті. Матчтың 93-ші минутында «Қайсар» командасының ойыншысы Арман Кеңесов Андрей Пасеченко қорғаған қақпадан саңылау тапты. Қорытынды есеп 1:1 болды.

Осылайша екі команда ойынды тең нәтижемен аяқтап, ұпай бөлісті. «Тұран» командасы ІІІ турдан кейін 2 ұпаймен турнир кестесінің 9-шы сатысына жайғасты. Енді жерлестеріміз сырт алаңда – 10 сәуір күні Алматыда «Қайрат» командасымен кездеседі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз