Келесте қызанақ пісті!

Облыс диқандары алғашқы өнімді жинауға дайындалуда. Келес ауданына қарасты Қошқарата ауылдық округі аумағында орналасқан «Кенжебай ата» шаруа қожалығы 1 гектар жерге қызанақ еккен болатын. Бұл күнде қызанақтар қызара бастады.

Аталған шаруа қожалығы биыл 25 мың түп қызанақ отырғызды. Егінді күтіп-баптауға 10-нан астам адам жұмылдырылды. Шаруашылық жұмысшыларының айтуынша, өнімнің толық пісіп-жетілу уақыты сәуір айының орталарына сәйкес келеді. Ал, піскен өнімді аудан базарлары мен еліміздің басқа да қалаларына жөнелту жоспарлануда.

Шаруалар әр түптен 10 келіге дейін өнім жинауды межелеп отыр. Жоғары сұрыпты қызанақ өнімді мол береді әрі төзімді. Диқандар әр гектардан кемінде 60 тонна өнім жиналады деп отыр.

Оған қоса, шаруа қожалығында мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Мұнда «Ангус», «Ақбас» тұқымды 100-ге жуық ірі қара мал бар. Былтыр мал шаруашылығымен айналысуды бастаған шаруа қожалығы алғашқы лекпен 54 асыл тұқымды малды солтүстіктен алдырған. Бүгінде мал басын көбейтіп, ішкі нарыққа ет өндіріп, мол пайдаға кенеліп отыр.

Қожалық иесі алдағы уақытта кәсіп ауқымын кеңейтіп, өз өнімін елдегі барлық сауда орындарына шығаруды көздеп отыр. Қазіргі таңда мұнда 2 адам жұмыс істейді.

 

 

Пікір қалдырыңыз