Бейнеттен қорықпайтын Арайлым

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Бүгінде қазақ қыздары бақтарын сынап көрмеген сала кем. Бір қуанарлығы, олар қай салаға бармасын, қатардағы көптің бірі болып қалмайды, нәтиже көрсетіп, елең еткізеді. Таяуда ғана елге бұқаралық ақпарат құралдары арқылы танылған Жетісай ауданы, Қызылқұм елді мекенінің тұрғыны Арайлым Асылбекқызы да көптің назарын бірден өзіне аударды.

Арайлым небәрі 11 жасында трактор жүргізуді үйреніп, 12 жастан бастап ерлермен иық тіресе еңбек етіп, ауылдағы егістік алқапта жер жыртқан. Ауылдастары 18 жастағы Арайлымды «Тракторшы қыз» деп атайды. Бүгінде еңбекқор қыз осы кәсібінің арқасында нәпақасын тауып жүр.

– Бала кезден бастап трактор жүргізуге қызықтым. Бастауыш сынып оқып жүргенде әкемнің қасынан қалмай, тракторға отырып алатынмын. Осындай ерекшелігімді байқаған әкем мен ағаларым бетімнен қақпай, керісінше трактордың қыр-сырын үйретті. Ең бірінші болып мені әкем қолдады. Сол үшін әкеме, сосын ағаларыма шексіз алғысымды айтамын. Міне, соның арқасында күніне 10 гектарға дейін егістік алқапты жыртып, диқандарға көмегім тиіп келеді. Күнделікті ісім осы болған соң, трактордың аз-кем техникалық ақауларын жөндеуді де үреніп алдым, – дейді Арайлым.

Арайлым бастапқыда қысылғанын жасырмады.

– Алғашқыда адамдардың алдында ыңғайсызданатынмын. Қыз баласына трактор жүргізген болмайды ғой деген де әңгімелер айтылды. Өзімнің қызығушылығым болғаннан кейін үйдегілер қолдады. Кейін туыстарым да құрметпен қарай бастады. Қорқыныш та болды. Бірте-бірте әкемнің арқасында қорқынышымды ұмытып, үйреніп кеттім, – дейді ол.

Қазіргі таңда Арайлым Түркістан қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде оқиды. Болашақ – тіс дәрігері. Бүгінде онлайн жүйесі бойынша білім алып жүрген ол сабағына да үлгеріп жүр.

– Қазіргі карантиндік жағдайға байланысты сабақтар онлайн жүйеде болып жатыр. Мен сабақтан тыс уақыттарда ғана ағаларыма көмектесіп, өзіміздің ауыл тұрғындарының жерін егіске дайындаймын. Себебі, күні-түні кезектесіп трактор айдауымызға тура келеді. Жұмысты жақсы істеуге тырысамын. Үлгеремін деген адам барлығына уақыт табады, – деген ол болашақта оқуын бітіріп, мамандығы бойынша жұмыс істегісі келетінін айтады.

Еңбек көрігін қыздырып, өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген қазақтың қарапайым қызы Арайлым бір үйдің кенжесі. 2003 жылы дүниеге келген. Алдында екі ағасы бар. Әкесі Асылбек ауылда білікті механизатор. Бүгінде Арайлым «МТЗ–80.1» маркалы тракторды тізгіндеп жүр.

 

 

Пікір қалдырыңыз