Жеңіске бергісіз тең ойын

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Өткен аптада футболдан әлем елдерінің ішкі чемпионаттары үзіліс алған. Футболшылар өз ұлттық құрамаларының сапына қосылып, әлем чемпионатына іріктеу матчтарына қатысқан. Біздің ұлттық құрама да әлем чемпионатының іріктеу ойындарын D тобында бастады. Бұл топта Қазақстаннан өзге Франция, Украина, Финляндия, Босния және Герцеговина құрамалары топтасқан. Құрамамыз іріктеудегі алғашқы ойындарын топтың басты фавориттері саналатын Франция және Украина құрамаларына қарсы өткізді.

Әлем чемпионатының іріктеу ойындарына жеребе тастау рәсімі өткен жылдың соңында өткен. Жоғарыда атап өткеніміздей, біздің құрамаға оңай топ бұйырмады. Қай қарсыластың құрамын қарасаңыз да, ТОП чемпионаттарда доп тебетін футболшыларды ұшырастырасыз. Осы іріктеу кезеңінің алдында ұлттық құрама тізгіні Талғат Байсуфиновқа сеніп тапсырылғаны баршаға белгілі. Қазақ футболының ұңғыл-шұңғылына дейін білетін білікті маман ретінде оған федерация мамандары да, жанкүйерлер де зор сенім білдірді.

Өткен жексенбіде Қазақстан құрамасы өз алаңында қазіргі әлем чемпионы атағы бар Франция құрамасын қабылдады. Біздің елге тұңғыш рет футболдан әлем чемпионы атағын иеленіп тұрған команда ат басын тіреді. 2005 жылы Еуропаның сол кездегі чемпиондары Грекия құрамасымен кездесу өткізгенбіз. Одан кейін біздің құрамаға жеребеде Еуропа, әлем чемпионы атағы бар команда түспеген.

«Үш жолақты елдің» өкілдері іріктеудегі алғашқы ойынын өз алаңында Украинаға қарсы өткізіп, тең түсіп қалған. Парижде ұпай жоғалтқан әлем чемпионының Нұр-Сұлтанға жеңіс үшін келгені түсінікті еді. Әлемдегі ең суық астаналардың біріне Францияның негізгі құрамынан бірнеше ойыншы келмейді деп болжанған еді. Алайда, Дешам бапкер тәуекелге бармай, жарақаты бар Кантеден басқа сақа ойыншыларының бәрін алып келіпті.

Ойынға бірінші минуттан бастап Килиан Мбаппеден өзге барлық «жұлдыз» ойыншылар шықты. Шеберліктің аты шеберлік қой, Францияның азулы ойыншыларына қарсы біздің жігіттер 20 минут қана лайықты қарсылық көрсетті. Ойынның 20-минутында «Барселона» ойыншысы Усман Дембеле Марсьяльдің пасын сәтті пайдаланып, есеп ашты. Одан кейін қос құрама да сылбыр ойынға көшіп, қауіпті шабуылдар орын алған жоқ. Бірінші тайм түгесілер тұста бұрыштамадан көтерілген допты қайтарамын деген Сергей Малый өз қақпасына гол соғып алды.

Екінші таймда алаңға Францияның басты «жұлдызы» Килиан Мбаппе шықты. Алайда, оның гол соғуына сол күні Мокин қатты қарсы болды. Килиан қанша жерден соққы бағыттаса да, Мокин бәрін қақшып отырды. Тіпті, төреші белгілеген 11 метрлік айып добын да қайтарған Александр Мокин осы ойынның басты қаһарманына айналды. 0:2 есебімен жеңілген құраманың басты үміті Киевте еді...

Украина астанасындағы «Олимпиский» стадионында өткен ойынға Қазақстан құрамасы басқа құраммен шықты. Бапкер қақпа кілтін Стас Покатиловқа сеніп тапсырып, қорғаныста Ерлановтың орнына Марочкинді, Быстровтың орнына Досмағамбетовті қойған. Марочкин өзіне артылған сенімнің үдесінен шыға алса, Тимур Досмағамбетов керісінше, алаңға бүгін шыққан футболшыдай сасқалақтай берді. Сосын шығар, бірінші тайм біте сала оны бапкер Марат Быстровпен алмастырды. Ортада Айбол Әбікен мен шабуыл шебінде Абат Айымбетов осы іріктеудегі алғашқы ойындарын өткізді.

Киевте Қазақстан қақпасы қанша минут аман тұрды деп ойлайсыз? Иә, дұрыс айтасыз, тағы да 20 минут. Сол 20-минутта ортада допты қарсыласқа бере салған Досмағамбетов оның соңынан жүгіре қоймады. Нәтижесінде қауіпті шабуыл ұйымдастырған украиндер есеп ашып кетті. Голды Яремчук соқты. Одан кейін алаң иелерінде есепті еселейтін қаншама мүмкіндік болды. Бірінде шабуылшылар мүлт кетіп жатса, енді бірінде Покатилов шеберлік танытты.

Екінші таймда алаңға Ян Вороговский, Марат Быстров, Рамазан Оразов кірді. Олардың кіргені сол-ақ екен, біздің құраманың ойыны өзгеріп сала берді. Әсіресе, Бельгия чемпионатында доп тебетін Вороговскийдің шеберлігі көзге ұрып тұрды. Рамазан Оразов та өзінің ұлттық құрамаға тегін шақыртылмағанын дәлелдеп бақты. Ойынның 59-минутында Быстров пен Вороговский жұбы шабуыл өртін тұтатып жіберіп еді, оған украиндер дайын болмай шықты. Ұрымтал тұста пас күтіп тұрған Серікжан Мұжықов допты қақпаға айналдыра тастады. Есеп теңескен соң біздің құрама көңілді қорғанысқа бөлді. Алаң қожайындары қанша ұмтылса да, Покатилов сыр берген жоқ. Осы ойында 9 сейв жасаған қақпашы матчтың үздік ойыншысы атанды.

Енді біздің құрама іріктеу ойындарын қыркүйек айында өткізеді. Алдымен осы Украина құрамасын өз алаңында қабылдаса, кейіннен Хельсинки, Сараево қалаларына аттанады.

 

 

Пікір қалдырыңыз