Түркістанның бір бренді тары болса...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Балтакөлде Берсиевтің бауырлары бар

Шүкіршілік, Түркістан облысында аймақ брендіне айналған тауарлар мен өнімдер жеткілікті. Айталық, «Диханкөлдің қымызы», «Созақтың қымыраны», «Шардараның балығы», «Түлкібастың алмасы», «Мақтааралдың мақтасы», «Сарыағаштың жүзімі» десе елеңдемейтін адам жоқ. Бұдан бөлек, қауын-қарбызымыз, ет пен сүт өнімдері, басқа да тауарлар Оңтүстіктің мақтанышына айналған. Сол секілді Отырар ауданындағы Балтакөл ауылының брендіне айналған тарыны тұтынушылар жақсы біледі. Базарға барғандар сөрелерді аралағанда «Балтакөлдің тарысы бар ма?» деп сұрауы осы сөзіміздің дәлелі.

Отырар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздықтың айтуынша, балтакөлдіктер тары егуді кеше, бүгін ғана қолға алған емес, ежелден егеді екен. Тары егудің бейнеті көп. Суыққа төзімсіз болғандықтан тұқымы құнарлы топыраққа (қара және қоңыр) көктем шыға егіледі. Содан өнімін жинап алғанша шаруалар тыным таппайды. Сыпыртқы тәрізді басының ең ұшындағы пістенің дәніне торғай өш. Ертеректе оны қолмен орып алатын. Сабанын құрғақ жерде кептіріп, торғайдан қорғайды. Соңыра тарыны қуырып, түйіп, дайын өнім ретінде тұтынады, артылғанын сатады. Балтакөлдің тарысы мен талқаны өзіндік сауда белгісімен қазақы дәстүрге ие кәсіпке айналған. Тарыдан тапқан табысқа балтакөлдіктер зәулім үйлер салып, есіктерінің алдына бір-бір тұлпар байлады.

Балтакөл ауылдық округінің әкімі Жас­ұзақ Тәукебаев: «Тары – Балтакөлдің басты бренді. Соңғы жылдары ауыл диқандары көп қиындықты артқа қалдырды. Өз кәсібін ашқан азаматтарды барынша қолдап келеміз. Диқандарымыз өнімдерін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларына өткізеді. Бүгінде ғаламторда сауданың онлайн түрі шықты ғой. Диқандарымыз үйде отырып-ақ өнімдерін саудалай алады. Мәселен, бүгінде тарыдан жасалған өнімнің келісі 700 теңгеден. Сұраныс көп. Сондықтан да олар тары егуді тоқтатпақ емес әрі бұл олардың ата кәсібі» дейді.

Ал, Өзипа Сәуірбекова апай «тарыны бұрын қолдан түйетінбіз. Сосын оны қайнатып, бір сағат тұндырамыз. Тары түю, оны елеу, сабағынан ажыратып алу, кептіру көп бейнетті қажет етеді. Кезінде тарыны Жаңақорған ауданының Келінтөбе, Қандөз елді мекендеріндегі диірменге апарып тарттырып алып қайтып жүрдік» дейді.

Балтакөлдіктерді осы қиындықтардан құтқарған Базарбек Асылбеков тәрізді ауыл өнертапқыштары. Ол күріш өңдейтін агрегатты Қытайдан алдырған. Рас, оны тары өңдейтін құрылғыға айналдыру үшін жаңақорғандық әріптестерінен үйренген. Сол көріп-үйренгені бойынша күріш өңдейтін агрегатты қайта жабдықтап шыққан, керекті тетіктерін ауыстырған. Бүгінде Балтакөл ауылында тары өңдейтін 5 цех жұмыс істеп тұр.

Балтакөлде 6 өндірістік кооператив, 32 шаруа қожалығы тікелей тары өсірумен айналысады. «Балта – К», «Ақкөл – К», «Балтакөл – К», «Закария – Ержан», «Жолтөсек» ЖШС және «Шеңгелді» өндірістік кооперативтерінің өнімдері бүгінде үлкен сұранысқа ие.

Отырар ауданы бойынша бүгінде 770 гектар жерге тары егіледі. Былтыр отырарлықтар әр гектардан 16 центнерден өнім жинаған. Тарының әр келісі 50 теңгеден деп есептеп көргенде де балтакөлдіктердің ұтылмағанын бағамдайсыз.

Бүгінде арнайы цехта «Отырар тары-талқаны» атты орамында бір келі тары мен талқаны бар дайын өнім сауда сөрелеріне шығарылуда. Оларға еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс берушілер саны да күннен-күнге артып келеді. Тарының «Саратов-2», «Саратов-3», «Саратов-6», «Орал-109», «Долинск-583», «Омск-5» деген сорттары болатынын да балтакөлдіктерден естіп білдік.

1943 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы «Құрман» ұжымшарының кәнігі диқаны Шығанақ Берсиев 40 гектар алқаптың 4 гектарынан 201 центнер, қалған 36 гектарынан 80 центнер тары алып, әлемдік рекорд орнатқаны белгілі. Осылай «Ойылдың ақ тарысы» әлемге әйгілі болды. «Ақ тарыны» шығарғаны үшін Ш.Берсиев КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Классик жазушы Ғабиден Мұстафин «Шығанақ» романын жазды. Кеңес жазушысы Г.С.Фиштің «Болмасты болдырған» («Человек сделавший невозможное») әңгімесінің желісімен немістің атақты драматургі, ақын Бертольд Брехт 1950 жылы «Тары» атты поэма жазды.

Несі бар, ғылыми ізденістер мен озық тәжірибелерді пайдалана келе отырарлықтар тары танаптарының түсімін еселеп арттырар. Бізді қуантқаны Балтакөлден Берсиевтің «бауырларының» табылуы.

 

«Жауынгер дақыл»

Түлкібастық диқандар да 59 гектар жерге тары егеді. Алайда, олар отырарлықтар сияқты ірілендірілген ұжымдарға бірікпеген. Шаруалардың көбі тарыны егістіктерінің бір бүйіріне немесе үйіргелік учаскелерінде ғана егеді екен. Жалпы, Түлкібас ауданында 150 отбасы осы дақылды егуді дәстүрге айналдырған.

Тары – ұзақ мерзімге сақталатын құнды дақыл. Оны қазақтар ұлттық тағамдардың бірі ретінде бұрыннан тұтынып келеді. Тарихи деректер қазақтардың VІ ғасырдан тары еге бастағанын куәландырады.

Қазақ батырлары ұзақ жорықтарға шыққанда жандарынан тары мен талқанды тастамаған. Тары – тамақ әрі сусын. Құнарлы азық. Халқымыз тарыны «жауынгер дақыл» деп текке айтпаған. Ал, кешегі кеңес заманында тарыны құнарлы тағамдық дақыл ретінде стратегиялық қорда ұстаған. Бүгінде елімізде тарыдан жасалған тағамды балалар бақшасы мен әскерилердің ас мәзіріне қосу туралы бастама көтеріліп жатыр.

Тарының адам денсаулығына пайдасын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Олардың айтуынша, күніне 200 грамм талқан жеген адам қан аздығы ауруынан құлан-таза айығады. Ертеде ата-бабаларымыз тарыны сусамыр дертін емдеуге пайдаланған. «Жауынгер дақыл» күш-қуат берумен қатар бауырды, бөтекенің және асқазан-ішек жұмысының жолдарын жақсартып, ағзадан шлактардың шығуына көмегін тигізеді. Құндылығы, дәмділігі жағынан арпа мен сұлы жармасынан асып түседі. Құрамында С дәрумені көп болғандықтан ол қан айналымын жақсартады, нәтижесінде қан қысымын реттейді. Сонымен қатар, тары ағзаға қажетті фтор, магний, марганец секілді элементтердің орнын толтырады. Тарыға май, қант және мейіз, кепкен өрік қосатын болса, пайдасы мен құнарлылығы тіпті арта түседі. Жас ана сүтті шайға тары салып ішсе сүті молайып, қоюлана түседі екен. Тарының емдік қасиеті медицинада да дәлелденген. Ертеректе бабалар тарыны қыздырып, ісікке басыпты. Сондай-ақ, осы тәсілмен тіс ауруын емдеген.

Тарының ауыл шаруашылығы мен өндірістегі пайдасы да қыруар. Мәселен, тары сабанын жеген сиырдың сүтінің өнімі мен құнарлылығы артады. Сабаны қыста да көкмайсадай жұмсақ болып тұрады, сондықтан оны мал сүйсініп жейді. Тары жеген тауықтар көп жұмыртқалайды. Жұмыртқаның қабығы қатты болады, ұзақ сақталады. Тарыны булап қазға да береді. Тарының сабаны, кебегі, тіпті топаны да малға азық. Тағы бір ерекшелігі, тары дәнінен спирт алынса, сабағынан сағыз шығарылады.

 

Мамандар не дейді?

Лаура БАЙҚОНЫСОВА, Ұлттық салауатты тамақтану орталығы Түркістан облысы бойынша департаментінің ғылыми қызметкері:

– Бір келі тары сабағында 0,41 азықтық өлшем, 23 грамм сіңімді протейн болады. Жармасының құрамында 81 пайыз крахмал, 12 пайыз белок, 3,5 пайыз май, 0,15 пайыз қант бар. Мұндағы белоктың мөлшері күріш, қарақұмық жармаларынан едәуір көп. Тарыдан жасалған тағамдар адам ағзасына қуат беріп, иммунитетті көтереді. Оның құрамы микроэлементтерге бай. Сүйекті, тырнақты, шашты қатайтып, жарақаттардың тез жазылуына, терінің жаңаруына ықпал етеді. Оның қартаю үдерісін баяулататын да шипасы бар.

 

Талқан

«Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деп мақалдайтын қазақ «жауынгер дақылдың» қасиеті мен емдік шипасын жақсы білген. Ұзақ аурудан әлсіреген кісіні ашыған көжемен көтерген.

Әжелеріміз тарыны қол диірменге тартып немесе келіге түйіп жасайтынын көзіміз көрді. Осы екі тәсілмен талқан жасағанның өзінде майдаланбай қалып қоятын түйіршіктер болады. Мұны «талқанның сағы» дейді. Оны бөліп алу үшін жалпақ табаққа салып екшейді. Сонда талқанның сағы бетіне бөлініп шығады. Ұнтағы астында қалады. Оны майға, кілегейге, қаймаққа салып жеуге болады.

Талқанның сары талқан, май талқан деген екі түрі бар. Сары талқанды қойдың құйрық майына немесе жылқының майына араластырып, баяу жанған отқа қойып қуырады. Дайын өнімді құмшекер қосып дастарқанға құрғақ күйінде де қоюға болады.

 

Сөк

Сөкті ақталған тарыдан жасайды. Оны Шығыс халықтары, оның ішінде қазақ халқы ежелден пайдаланған. Сөкті дайындау бірнеше сатыдан тұрады. Әуелі тазалап, қайнатады. Сосын дегдітіп, қайта қайнатады. Мұнан соң ағаш келіге салып екі қайтара түйеді. Кебегі мен талқанын айырғанда хош иісті, сүт татыған сап-сары сөк алынады.

 

Жент

Қазақтың және бір жеңсік асы – жент. Оны дайындау үшін ең әуелі қолдың тарысы керек. Оған дүкендегі дайын тары жарамайды. Жент дайындаудың бұрыннан келе жатқан өзіндік әдісі бар. Тарыны суырып, елеп, тазалап болған соң оны күн көзі түсетін ашық жерге екі-үш күндей жайып кептіреді. Сосын суға салып шайып, баяу жанған отқа қойып, тарының басындағы бүршігі жарылғанша 45 минуттай қайнатады. Езілмес үшін араластырып тұрады. Жұмсарған кезде қазаннан алып, ыстық күйінше қапшықтарға салады. Содан кейін қапшықтың сыртынан суығанша мұздай су құяды. Сонда барып тары бір-біріне жабыспайды. Осы қалпында таң атқанша тұрады. Келесі күні қытырлақ болғанша қуырады. Сөк сағыз сияқты созылмауы тиіс. Осыдан кейін дайын өнімді сөреге жаяды. Суығанда түюді бастайды. Түйіп болған соң суырып, екінші рет тағы түйіп суырады. Сонда ащы кебегі шығып, ұсақ тары астында қалады. Осыдан жент жасайды.

 

Түйін

Стратегиялық дақыл Түркістанның тағы бір бренді болуға сұранып-ақ тұр. Елімізде отандық ғылымның өндіріс пен ауыл шаруашылығы секторының дамуына қызмет етуіне барынша көңіл бөлінуде. Осы ретте ғылымның көмегі арқылы облысымыздың климатына бейімделген тарының жаңа сорттарын шығару керек-ақ. Ғалымдардың бұл бағытта қаншалықты жұмыс жүргізіп жатқандарынан әл-әзір хабарсызбыз. Облысымыздың Отырар, Түлкібас аудандарында ғана тары өсіретініне қарағанда зерттеу жұмыстарында кемшілік бар сияқты. Бәлкім біз қателесетін де шығармыз. Алайда, стратегиялық дақылдың пайдалылығын білгеннен кейін бұл туралы тереңірек ойлануымыз керек-ақ.

Ойылдықтардан озып жатсақ, несі бар? Оның үстіне Рамазан айындағы отыз күн оразада дастарқанымыздан тарыдан жасалған тағамдардың неге үзілмейтінін де ойлап қоюымыз керек сияқты.

Түйіндей келгенде, тары еккендер ұтылмайды екен. Тарықсаңыз, тары түйіңіз...

 

 

Пікір қалдырыңыз