«Бала ғашық»

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

2000 жылғы қаңтар айының 16-23 күндері «Қазақстан-1» ұлттық телеарнасы мен «Жас Алаш» газетінің ұйымдастыруымен «Біз естімеген бір ән» атты телебайқау өтті. Осы байқауда «Бала ғашық» (сөзі Ескермес Жақсымбетовтікі, орындағандар Бақыт Әлімов пен Шағала Әшірова) атты ән топты жарып шығып, «Жылдың ең үздік әні» номинациясын жеңіп алды. Әрине, әнмен бірге оның авторының да аты республикамыздың түкпір-түкпіріне тарады. Ән авторы жерлесіміз Әділбек Нысанбаев еді.

Негізінде, Әділбектің ән әлеміне қанат қаққаны әріден басталады. Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық-мәдениет институтының түлегі Әділбектің тұңғыш әні 1976 жы­лы шықты. Ол Кәкімбек Салықовтың «Кездесу мен қоштасу» атты өлеңін оқып, қатты тебіренді. Көкірегіне көшкен өлең кейіннен көмейінен көгершін ән болып ұшып шықты. Сөйтсе, осыған дейін белгілі ақынның осы өлеңіне Әшір Молдағайынов пен Ескендір Хасанғалиев ән шығарып қойған екен. Мәтін – біреу, ән – үшеу. Демек, өлең өлшемі композиторлардың талғам таразысына дөп келген.

– Бұл қалай? – деп сұрадым бірде әуесқой сазгерден.

– Не қалайы бар? – деп ол маған қарсы сұрақ қойды.

Сосын өзі сөйлеп кетті.

– Кезінде Мұқағали Мақатаевтың «Ақ қайың» атты өлеңіне бес композитор ән шығарған екен. Жүректі тербейтін жыр пырақ сияқты, әуелеп аспанға ұшады, жыр-кептер болып қалықтайды. Кәкімбек ағаның өлеңі де маған солай әсер етті. Ән өзінен-өзі туды. Бұған дейін осы өлеңге екі ән жазылғанын ол кезде білгенім жоқ. Бірақ, бәрібір менің осы әнім қатардан қалған жоқ. Айтылып жүр, – деді Әділбек.

Осы жерде сәл шегініс жасап айтайық, Әділбектің ән әлемінде жарқырап көрінуі «Бала ғашықтан» бұрынырақ басталды. Ол халық шығармашылығына арналған Бүкіл­­одақтық фестивальдің екі дүркін лауреаты болатын. 1998 жылы 14-17 қазан күндері Шымкентте Ш.Қалдаяқов атындағы халық­аралық фестиваль өтті. Міне, осы ән байқауында Әділбектің «Тырналар тізбегі» (сөзі Айгүл Түгелбаеванікі) әнін Қаракөз Сүлейменова орындап, бірінші орынды иемденді. Бұлардан тыс Әдекең облыстық телерадиокомпаниясы ұйымдастырған «Үкілім-ай» телебайқауында, облыс композиторларының «Темірлан–92», «Темірлан–93» фестивальдерінде топ жарды. 2011 жылы Алматыдағы Республика сарайында «Теріскей таланттары» атты өнер кеші өтті. Осында Әділбек Төлегенұлының бірқатар әні тыңдармандардың көңілінен шықты.

– Қалай дегенде де менің атымды шығарған – «Бала ғашық» әні. Бас жүлдені алып оралған соң бір топ жеңімпазды облысымыздың сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаев қабылдады. Сол кездесуде зау биіктен жұлдыздай ағып түскен бокстан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов та болды. Бекзат «Облыстың ең үздік спортшысы» атанды. Сонда маған «Облыстың ең үздік композиторы» атағы берілді. Сонымен бірге облыс әкімінің стипендиясына іліктім, – деп сыр ақтарып еді Әділбек.

«Бала ғашық» деп қалдық. Кезінде «Лениншіл жас» газетінде қызмет еткен, адуынды ақын Ескермес Жақсымбетовтің Байдулла атты құрдасы болған ғой. Ол көрші үйдің қызына өлердей ғашық екен. Содан Ескермеске келіп «көрші қызға арнап бір өлең жазып берші» деп қолқа салады. Өзі «бала ғашық, далаға шық» деп іштей ыңылдап жүреді екен. Ескермес досының өз сөзін өзіне қайтарып, әрине, арасына иірімдерге бай жаңа жолдар қосып, жаңа өлең жазады да, құрдасына береді. Өкініштісі сол, өрімдей бойжеткен жастай қайтыс болып кетеді. Байдулла ғашығының сіңлісіне үйленеді. Сірә, сіңлісінің бойынан да әпкесіне тартқан жақсы қасиеттер көрген болар. Осы өлең араға 30 жыл салып Әділбектің қолына тиеді. Сыршыл ақынның іңкәр сезімге толы өлеңінің ішкі иірімдері сазгердің нәзік жүрегінің пернелерін дөп басып, өміршең әуен дүниеге осылай келеді. Бұл 1995 жылдың жадыраған жаз айларының бірі еді.

Созақ аудандық «Молшылық үшін» газетінде қызмет істеп жүрген кезім. Өнерге, әдебиетке жақын бір топ жас жиі бас қосамыз. Мен сықақ жанрының жалына жармастым. Жазғандарым ана газетке, мына газетке шығып қалады. Бірде Әділбек менің бір сықағымды оқып көріп, мақтады да, өзінің пікірін айтты. «Меніңше, сықақ өлең ұстараның жүзіндей лыпып тұруы, ойнақы да жинақы болуы керек. Мәселен, Сейіт ағаңның мына сықағы сияқты, – деп сатирик ақынның «Мен жас кезімде нетіңкіреп, Айналайын өтіңкіреп» деп басталатын бір шығармасын жатқа оқыды. Сөйтсем, ұстаз, әнші деп ойлайтын тілекші досым Оспанхан Әубәкіров, Сейіт Кенжеахметовтің туындыларын жатқа оқиды екен ғой. Мұның сыртында Әділбектің актерлік қыры да айшықты еді. Шағын скетчтер мен интермедияларды бет-пішінін мың құбылтып ойнағанда ішегіміз түйіліп қала жаздайтын. Ал, оның қара сөзге келгенде алдына жан салмайтыны, ұтқыр әзілге ұсталығы өз алдына бөлек әңгіме. Оған мына шағын мысалды айта кетсек те болады. Әділбектің студент кезі. Бірде қараңғы көшемен қорқыңқырап келе жатады. Айтқандайын алдынан еңгезердей үш-төрт жігіт шыға келеді. Олар тиісу үшін ақша сұрайды. Жалаңаяқ студентте ақша қайдан болсын?! «Бірдеңе бер, әйтпесе ана қалқиған құлағыңды жұлып алып, қалтама салып әкетемін» депті сотқарлардың бірі. Әдекең сонда саспастан «немене, өкпе-бауыр, бас-сирақ жинап жүр ме едіңдер?» десе керек. Мұны естіген бұзақылар состиып тұрып қалыпты. Мұндай қуақы әңгімелері бір жинаққа жетеді. Оқиғадан ұзамай, осы жерде айта кетелік, сурет салатын, шахмат, дойбы, бильярдты шебер ойнайтын өнері де айналасындағыларды таң қалдырумен келеді. Сондай-ақ, домбыра, гитара, пианино, барабанда кәсіби деңгейде ойнайтын. Ш.Қалдаяқовтың «Теріскей», И.Жақановтың «Жайлаукөл кештері», Е.Хасанғалиевтың «Әдемі-ау», Ж.Сейіловтің «Жезкиік» әндерін шіркін Әділбектің орындауында тыңдасаң ғой... Кей әндеріне мәтінді өзі жазатын. Мұны «Қоңыр баба» атты әніне өзі өлең жазғанымен және бірқатар жыры аудандық, облыстық газеттерге топтама болып жарияланғанымен дәлелдей аламыз. Талғампаз сазгер ән мәтініне өте жауапкершілікпен қарады. Қиялын тербеген өлеңдер оның жүрегінен өтіп, ән болып өрілді.

Бүгінде Әділбек Нысанбаевтың әндерін Татьяна Бурмис­трова, Баян Нұрмышева, Нұрболат Абдуллин, Ерназ Халық, Жұбаныш Жексенұлы, Гүлнәр Төлегенова, Төлжанбек Жақсыбаев, Кенжебек Жанәбілов сынды әншілер мен «Мұзарт», «Нұр-Мұқасан» тобы орындап жүр. 1999 жылы белгілі журналист, сол кезде облыстық телеарнада қызмет атқаратын марқұм Талғат Орманов «Әділбектің әндері» атты фильм-концерт түсірді. Көзі тірісінде «ҚазАқпарат» баспасынан «Әділбектің әндері» атты жинағы жарық көрді. Оған жүзге жуық әні кірді.

Созақ ауданына Шәмші Қалдаяқов жиі келуші еді. Сонда қасынан үнемі Әділбек табылатын. Бірде композитор Марат Ілиясовтың Шолаққорғанға жолы түсті. Ауданның танымал шығармашылық адамдары Сағынтай Байділдаев, Жарылқасын Боранбаев, Пернебай Иманқұлов, Назбек Байтуаров, Өтеш Қырғызбаев, Жабал Шойынбетов, Қыдырәлі Ахметов, Қазыбек Мыңжанов, Тұрсын Жүсіпов, Бекберген Ізбалаев және осы жолдардың авторы, барлығымыз өнер өлкесіне сапар шегіп, арқа-жарқа сыр шертіскеніміз қалай естен шықсын?!

Сөйткен, сыршыл сазгер 2010 жылы жүрек талмасынан ойламаған жерден шын дүниесіне аттанып кете барды. Ол небәрі 56 жаста еді...

Осындай қазадан кейін әлдеқандай мұңлы ой жаныңды жегідей жеп, көңіліңді құлазытады. Өмірден кім өтсе де бұл ауыр қаза. Бірақ, өмірде өзіндік орны бар, артында өшпес із қалдырған жанның қазасы жүрекке үлкен салмақ түсіреді. Кейбір кино, шығармалар ең қызық жерінде күрт үзіледі. «Әрі қарай не болар екен?» деп үздігесіз. Әсері ұмытылмайды. Әділбектің ән әлемі де маған ең қызық жеріне келгенде үзіліп түскендей әсер қалдырады. Иә, оның да әуезді әндерінің ғұмыры ұзақ. Бұл бәлкім, ән-ғұмырдың мәңгілік өмірге жалғасқаны болар...

 

 

2 пікір

  • Нуритдинова Жанна
    Нуритдинова Жанна

    Жаны жаннатта болсын????????маған музыка сабағынан берген ең білікті, өте қарапайым, балаға жақын ұстаздың бірі еді. Сағынамын сол жылдарды... Ағайдың сабағында музыкаға қызықпау мүмкін болмайтын. Өте көңілді, әзілімен керек жерде қаталдығымен де 30 дан аса оқушыны өзіне қаратып ән салғызтып отырушы еді. ????????????????Жалған өмір

  • ЕСЕНҒАЗЫ ЖҮСІПОВ ШЫМКЕНТ
    ЕСЕНҒАЗЫ ЖҮСІПОВ ШЫМКЕНТ

    ИӘ,ЖЕРЛЕСІМ ӘДІЛБЕК НЫСАНБАЕВ МЕНІҢ АҒАМ ТҰРСЫН ЖҮСІПОВПЕН ТЫҒЫЗ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙЛАНЫСТА БОЛДЫ.БІЗДІҢ ҮЙГЕ ЖИІ КЕЛЕТІН.МЕНІҢ ДЕ ПОЭЗИЯҒА,САТИРА ЖАНРЫНА ЕБІМ БАР ЕДІ.БІРНЕШЕ ӨЛЕҢДЕРІМ,САТИРАЛАРЫМ,АУДАНДЫҚ,ОБЛЫСТЫҚ ГАЗЕТТЕРДЕ ЖАРЫҚ КӨРІП ЖҮРГЕН БОЛАТЫН.СОНДА АҒАМ МЕН ,ӘДІЛБЕК ОЙ,МЫНА ІНІМІЗ ОҚУЫН ОҚЫМАСА ДА,МАМАНДЫҒЫ ФИНАНСИСТ БОЛА ТҰРА ТАЛАНТ БАР ЕКЕН ДЕП МАҚТАУШЫ ЕДІ. БАЛА ҒАШЫҚ ӘНІ ТУҒАН БАЖАМ ЕСКЕРМЕС ЖАҚСЫМБЕТОВ СӨЗІН ЖАЗҒАН ЕДІ. ӘДЕКЕҢНІҢ ЖАНЫ ЖӘННАТТА БОЛСЫН.

Пікір қалдырыңыз