Олар Польшаға аттанады

Түркістан қаласында бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасында дәстүрлі халықаралық турнир аяқталды.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын халықаралық жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және Қытай мен Өзбекстаннан 130-ға жуық былғары қолғап шебері қатысты.

Тартысты өткен сайыста 46 келіде шаршы алаңға шыққан Жамбыл облысының спортшысы Бекзат Абдраманов алтыннан алқа тақты. 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде маңғыстаулық Жарас Комшабаев жеңімпаз атанса, 52 келі салмақта жұдырықтасқан павлодарлық Ғаббас Дүйсекенов те қарсылас шыдатпады. Одан бөлек, 56 келі салмақта Түркістан облысының боксшысы Мадияр Қыдырəлі жеңімпаз атанып, турнирдің «Ең үздік боксшысы» номинациясын иеленді. Сондай-ақ, 60 келі салмақта өнер көрсеткен тағы бір түркістандық Сағын Арман да турнирдің жеңімпазы атанды. Шымкенттік Абзал Серік 64 келіде алтыннан алқа тақты. Түркістандық Əділжан Жандарбек 69 келі салмақта үздік атанса, Нұр-Сұлтан қаласынан келген Арнұр Төлеубек 75 келі салмақ дәрежесінде барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, алтын жүлде еншіледі. Сонымен қатар, түркістандық Рахат Жаңабек 81 келіде жеңімпаз атанды. 90 келі салмақта жұдырықтасқан елордалық Темірлан Аманбек алтын алқаны қанжығасына байлады. Талай қарсыласын қапы қалдырып, шаршы алаңда тамаша өнер көрсеткен Түркістан облысының тағы бір дарынды спортшысы Диар Роман 91 келіден жоғары салмақта чемпион атанды.

Шаршы алаңда топ жарған жеңімпаздар сəуір айында Польшада өтетін əлем чемпионатына қатысып, ел намысын қорғайды.

Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз