Дуальді білім – заман талабы

Қазіргі заман – білімді жастардың заманы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында елімізді одан әрі дамыту бойынша бірнеше бастама көтеріп, өзекті ойларын ортаға салды. Жолдауда айтылған басым бағыттардың бірі – білім саласы. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылы қаңтар айынан бастап, мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көтерілетіндігін, алдағы уақытта жалақы мөлшері арта беретіндігін атап көрсетті. Сондай-ақ, Үкіметке білім және ғылым, дуальді білімге байланысты қашықтан білім беру жүйесіне қатысты тапсырмалар жүктеді.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жанындағы колледж ұжымы білім, ғылым саласына, оның ішінде оқу орындарына байланысты айтылған міндеттерді іске асыруда белсенді жұмыс істеп келеді. Колледж бүгінгі таңда мамандарды сұранысқа сай даярлау мен жан-жақты дамыған тұлға етіп қалыптастыруда өз дәстүрі бар білім ордасына айналып отыр. Колледжде негізгі орта білім және орта білім негізіндегі техникалық және кәсіби білім беру бойынша мамандар даярланады. Бүгінгі таңда 19 мамандық бойынша 753 студент білім алуда.

Қазіргі кезде әлемде оқытудың дуальді жүйесі – кәсіптік және техникалық мамандар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі. Нақты өндіріс жағдайларына бейімделген, жұмыс орнында дағды мен білімді тікелей игеруге бағытталған, практикалық сағаттардың оқыту бағдарламасына барынша үйлесіммен біріктірілетін білікті мамандарды даярлау қазіргі кезде білім берудің дуальді жүйесі деген атпен белгілі. Яғни студенттер теориялық білімдерін кәсіптік іс-тәжірибе базаларында шыңдап, кәсіби деңгейін, біліктілігін арттырады. Колледждегі «Құрылыс бұйымдары мен құрастырылымдар өндірісі» мамандығының студенттеріне дуальді білім беру «ДАЛА CONSTRACTION KZ» ЖШС және «АРТ құрылыс» кәсіпорындарында бірлесе жүзеге асырылып келеді. Университеттің базасында «Трикотаж, тоқыма, галантерея бұйымдары технологиясы», «Тігін өндірісі және киімдерді модельдеу», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандықтары бойынша дуальді оқыту жұмыстары бірлесе ұйымдастырылуда.

Осы ретте айта кету керек, кәсіптік оқыту, жастар саясаты және білім берудің дуальді жүйесін жаңғырту мен тұрақты дамытуға бағытталған Еуроодақтың «Эразмус» бағдарламасының «KAZDUAL» жобасы бойынша ОҚУ Қазақстанның гранхолдері атанды.

Жобаның мақсаты – жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес студенттердің құзыретін жақсартатын, түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыратын және жеке сектормен ынтымақтастықты нығайтатын Қазақстандағы дуальді жүйені бейімдеу.

Осы бағдарламаның қатысушысы ретінде танылған ОҚУ-дың жанындағы колледж дуальді білім беру жүйесіндегі заманауи технологияларды меңгеру арқылы мамандар даярлауға мүмкіндік алды.

Қазақстанда дуалді білім беруді бейімдеу бойынша нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіледі. Студенттерге ресми білім беруді жұмыс орнында алған оқумен үйлестіре отырып, инновациялық білім мен дағдыларды алуға мүмкіндіктер ашылады.

Кәсіби колледждердің бағдарламаларын жоғары оқу орындарына түсушілерге қойылатын талаптармен үйлестіру «Еразмус» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асады.

Бүгінде колледж түлектері еліміздің сан қиырында түрлі салаларда еңбек етіп жүр. Колледж ұжымы шәкірттерін мақтан етсе, шәкірттері ұстаздарын құрмет тұтады. Халқымыздың біртуар перзенті Б.Момышұлының «Ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді, болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген өсиетін берік ұстанған, мұраты асқақ, мақсаты айқын колледж ұжымы болашақ мамандарды даярлауға қажымай, талмай жемісті еңбек ете береді.

С.Серкебаев, профессор, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ғылым және білім саласына еңбек сіңірген қызметкер», М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті колледжінің оқытушысы.

 

 

Пікір қалдырыңыз