Экоауыл ел экономикасын көтереді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем бізді мәдени жетістіктерімізден тануы керек» деген болатын. Тұңғыш Президенттің бұл бастамасын іліп әкетуге бізде мүмкіндіктер мол. Өйткені, көшпенділер мәдениетінің тарихи мұрасы Қазақстанда, негізінен Жібек жолы бойында көп сақталған. Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған делінетін Қазығұрт шоқысы, арғы бабаларымыз бес жарым мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткен Ботай өңірі, «Алтын адам» мұрасы, Қызылорда облысының Баланды ауылындағы дүниежүзінде алғаш салынған күмбезді ғимарат секілді құндылықтар, бәрі-бәрі қазақ жерінің аумағында орналасқан. Еліміз Алтын орда мемлекетінің аумағында жатқандықтан, ол да қазақ мемлекетінің бесігі іспеттес.

Айта кетерлігі, бұл салада Қырғызстан үлкен бетбұрыс жасап үлгерді. Олар 2014 жылдан бері әлемдік көшпенділер ойынын өткізіп келеді. Мысалы, 2016 жылы өткен ойындарға 62 елден 1200 спортшы қатысты. Теледидар аудиториясы 500 млн. адамды қамтыды. Келесі Әлемдік көшпенділер ойыны Түркияның Бурса қаласы маңында өтеді. Қырғыздардың бұл бастамасы бүкіл әлемде көшпенділердің мәдениетіне зор қызығушылық туғызып отыр. Қазіргі кезде Мәскеудегі «Музей кочевой культуры» ойын-сауық нысаны мен Мәскеу сыртындағы Хотьково ауылындағы Мәскеуден 90 шақырым жердегі Калугада ашылған көшпенділер этнопаркі қырғыздардың табыс көзіне айналып үлгерді.

Экоауыл салу біз үшін де кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Көшпенділер мәдениетінің құндылықтары оңтүстік өңірде жақсы сақталған. Қазығұрт бөктерінде қонақүйлер, қолөнер бұйымдарын жасайтын, спорттық іс-шаралар мен концерттер өткізетін орындар, саумал, қымыз, қымыран ұсынатын кафе-ресторандары бар экоауыл салсақ құба-құп болар еді.

Біздің тарапымыздан ұсынылып отырған жобада экоауылдың бас жоспары символикалы түрде шаңырақ пішінде орындалған. Бұл еліміздің қазақ шаңырағы аясында бейбіт өсіп-өркендеуін білдіреді. Шаңырақ пішінді бас жоспар 20 гектарға орналасқан. Ол жаяу жүргіншілерге арналған жолдармен сегізге бөлінген. Орталығында дөңгелек алаң, фонтан, отбасылық демалысқа арналған қонақүйлер орналасқан. Негізгі аяқ жол солтүстікке, ұлттық үрдістегі мұражайға, биіктен тамашалайтын мұнараға бағытталған. Шығыс жағында киіз үйлер тігілген ауыл, оңтүстік-шығысында аквапарк жайғасқан. Оңтүстік батысында әлемдік көшпенділер ойынын өткізетін ипподром орналасқан. Туристік ауылда автотұрақ бар, келушілерге ат-арбалармен, электрлі көлікпен немесе жаяу серуендеу қарастырылған.

Балжан Дәуренованың бұл жобасы М,Әуезов атындағы ОҚУ-дің Архитектура кафедрасында бірнеше жыл бұрын дүниеге келген болатын. Балжан көптеген республикалық, халықаралық бәйгелерге қатысты. Шетелдік журналдарға мақаласы басылып, білікті мамандардың қолдауына ие болып отыр. Сондықтан жобаны жүзеге асырсақ, аймақтың туристік тартымдылығы арта түседі. Экоауыл ел мәдениеті мен экономикасын көтеруге септігін тигізеді.

Айта кетейік, «Экоауыл» атауы дүниежүзіне 1990 жылдан бастап тарай бастады. Сол жылдары Данияда «әлемдік экоауыл қозғалысы» басталды. Бұл қозғалыс экоауылдың негізгі үш басымдығын айқындады: қоршаған орта, рухани және әлеуметтік-экономикалық басымдықтар. Қазір әлемдік архитектурада символикалы мағынасы бар, қалың жұртқа түсінікті бас жоспарлар зор сұранысқа ие. Мысалы, Дубайдағы Пальма-Жумейра демалыс аймағының бас жоспары пальма ағашы, ал, Бразилия қаласының бас жоспары қанатын жайған құс бейнесінде орындалған. Бұл символды бас жоспарлар оларды әлемдік деңгейге шығарды.

Ардашер ЮСУПОВ, М.Әуезов атындағы ОҚУ Архитектура кафедрасының доценті.

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз