Жас шахматшылар бақ сынады

Түркістандағы Оқушылар сарайында жасөспірімдер арасында аймақтық шахмат турнирі өтті. Турнирдің ашылу салтанатына Оқушылар сарайының директоры Индира Икапова, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Инара Намазбаева, Түркістан қалалық шахмат федерациясының басшысы Сидора Сыздықова қатысты.

Жасөспірімдер арасында шахматты насихаттау және дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткізілген турнирге Түркістан және Кентау қалаларының елуден астам жас шахматшылары қатысып, бақ сынады.

Баланы жылдам ойлауға, тез шешім қабылдауға баулитын шахмат турнирі өте тартысты өтті. Сайыс нәтижесінде қыздар арасында I орынды Гүлсезім Оразбай жеңіп алды. Ал, жүлделі екінші, үшінші орындарды Медина Исаева мен Гауһар Ораз өзара бөлісті. Қыздар Кентау қаласының намысын қорғады.

Ұлдар арасындағы бәсекеде Түркістан қаласының жас шахматшылары үздік шықты. Бірінші орынды Еркебұлан Ерболатұлы жеңіп алса, екінші орынды Медет Қанжарбай, үшінші орынды Діннұр Жарас иеленді.

Іс-шара барысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етіліп, алдағы уақытта аталған шахмат турнирінің ауқымы кеңейетіндігі айтылды.

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. Түркістан қаласы.

 

 

Пікір қалдырыңыз