Жайылымдық жердің көлемі артады

Халық пайдаланатын жайылымдық жердің көлемі 742 мың гектарға немесе 21 пайызға артады. Түркістан облысы аумағындағы жайылым жерлерді қайтарудың 5 бағыттық қадамдық алгоритм жобасы әзірленді. Облыс әкімінің тапсырмасымен дайындалған алгоритм бойынша жайылым тапшылығы орын алған 152 елді мекен маңындағы халықтың мұқтажына алынатын учаскелер анықталып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте айтылды.

Отырыста облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Самат Рамазанов жер саласына қатысты берілген тапсырманың орындалуы туралы баяндады. Бекітілген іс-жоспарға сәйкес, биылғы І жартыжылдықта 66,4 мың гектар, ІІ жартыжылдықта 63,2 мың гектар, жалпы 130 мың гектарға жуық жайылымдық жерлерді халықтың мұқтажына алу жоспарлануда. Алынатын учаскелер нақтыланып жатыр. Нәтижесінде жыл соңына дейін халық пайдаланатын жайылымдық жердің көлемі 742 мың гектарға немесе 21 пайызға артпақ. Жалпы Түркістан облысында 3 млн. 200 мың гектар жайылымдық жер бар.

Жайылымдық жерлерді елді мекендер шегіне енгізу ауыл округтері әкімдерінің тікелей жауапкершілігіне беріледі. Тұрғындардың басқа да мұқтаждығына қажет болған жерге жергілікті қоғамдық бақылау ұйымдарының келісімі қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар халық жайылымдық жермен толық қамтылғанша тұрақты бақылауда болады.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте Түркістан қаласы аумағын көгалдандыру бойынша атқарылған жұмыстардың барысы жайлы жауапты басқарма басшылары баяндады. Қаланы көгалдандыру үшін облыс аудандары мен басқармалары 32 секторға бөлінген. Әр секторға 10 мыңға дейін ағаш көшеттері отырғызылып, су жүйесі орнатылып, ұңғымалар қазылып, насостар қойылуда. Газон егіп, жаңбырлатып суару жүйесін енгізуде. Қала аумағында терек, қарағаш, шырша, шаған, арша, үйеңкі ағаштары отырғызылды. Желден қорғау мақсатында ағаш тіреуіштер орнатылып, төрт жағынан жіппен тартылды. Алда ағаштарды паспорттау басталады. Бұдан бөлек, жол бойына гүл егетін құмыралар орнатылып, жарықтандырылатын болады. Веложолдар төселіп, көшелерде жарық шамдар, қоқыс жәшіктері мен ыңғайлы орындықтар орнатылды. Бұл аумақтарда тұрақты түрде сенбілік жұмыстары жүргізілуде.

Апталық мәжілісте облыстағы су тасқыны жағдайы баяндалды. Апаттың алдын алу мақсатында жалпы төрт жыл көлемінде 71 шақырым қорғаныс дамбасы, 75 шақырымнан астам өзендердің бойында арна түзету мен жаға бекіту жұмыстары жүргізіледі. Жалпы ұзындығы 262 шақырым болатын каналдарды жөндеуден өткізіп, 430 шақырым коллекторлар механикалық тазартудан өткізілді. Ақсүмбе, Бақырлы, Ащы су қоймалары күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, Сырдария өзені бойындағы 22 елді мекенді қамтып отырған «Үлкен су» дабыл беру жүйесі қайта жаңғыртылды. «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені» Жол картасының жобасына 20 іс-шара енгізіліп, жағалауды нығайту, түзету жұмыстарының уақтылы аяқталуы бақылауда болады. Көктемгі су тасқынын алдын алуға қажетті құрал-жабдық қоры жасақталып, облыс аумағындағы азаматтық қорғау құрылымдарының 5 мыңнан астам жеке құрамы, 1 мыңнан астам техникасы дайындыққа келтірілген.

 

 

Пікір қалдырыңыз