Әскери оқуға барғыңыз келсе...

Ақмола облысы, Шортанды қаласындағы жоғары санатты кәсіби сержанттарды даярлайтын Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледжді екінің бірі біле бермеуі мүмкін.

Орта Азияда теңдесі жоқ бұл оқу орны әскери қызметті қалайтын жастар үшін үлкен мүмкіндік. Осыған орай әскери колледждің әскери қызметшісі, 2-ші сыныпты сержант Ғани Базаров Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш аудандары мен Кентау және Арыс қалаларында мектеп оқушыларымен кездесіп, колледж жайында кеңінен мағлұмат берді.

– Әскери колледж – бүгінгі таңда кіші командалық құрамдағы «Әскери басқару» және «Әскери істе кіші буын менеджменті» мамандықтары бойынша кадрлар даярлайтын Қазақстандағы бірден-бір оқу орны. Сонымен қатар, білім алушыға «3-сыныпты БМП механик-жүргізушісі» және «В», «С» категориялы автокөлік жүргізушісі куәліктері беріледі. Жалпы оқу мерзімі – 1 жыл 10 ай. Осы уақыт ішінде кадеттер әскери ғылымды теория жүзінде оқып, ҚР Қарулы Күштеріне қарасты әскери бөлімдерде практикалық шыңдалудан өтеді, – деді Ғани Базаров.

Айта кетейік, тәлімгерлер колледжде мемлекет есебінен тегін оқиды. Шәкірт­ақы­сы да бар. Білім ордасы кітапхана, әскери пәндер бойынша сыныптар, қажетті қару-жарақ, құрылғылармен және техникалармен жабдықталған. Сондай-ақ, оқу орнына 17 жасқа толған, бірақ 22 жастан аспағандар, 24 жасқа толғанға дейін әскери қызметін өткерген азаматтар мен мерзімді әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер, 25 жасқа толғанға дейін келісімшарт бойынша әскери қызметін өткеретін әскери қызметшілер үміткер бола алады.

Үміткер оқуға түсу үшін тұрғылықты жері бойынша осы жылдың 30 сәуіріне дейін жергілікті әскери басқару органына өтініш тапсыруы қажет. Өзімен бірге жеке куәлігі мен тіркеу куәлігі және оқуға түскен жылы кәмелет жасқа толмаған жағдайда оның заңды өкілінің (әкесі, анасы немесе қамқоршысы) оқуға түсуге, оқу кезеңінде әскери қызмет өткеру туралы және әскери колледжді аяқтағаннан кейін 10 жылға келісімшартты жасасуға нотариуспен куәландырған келісімі болуы керек.

«Оңтүстік»-ақпарат.

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз