СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ – БАСТЫ БАҒЫТ

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА.

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің қалалық департаментінің ұжымымен және денсаулық сақтау мекемелері бас дәрігерлерімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жиын өтті. 
Онлайн шараға  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы А.Жұмағали мен оның бірінші орынбасары Т.Серікбаев, қала әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Б.Унербаев, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов, ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлері, жалпы саны 50-ден астам адам қатысты. 
Басты мақсат –медициналық-әлеуметтік ұйымдарда сыбайлас жемқорлықты болдырмау, ұжым арасында парасаттылық құндылықтарын дәріптеу, заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндіру болып табылады. 
Кездесу барысында сөз алған Департамент басшысы А.Жұмағали елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді тетіктерді қалыптастыру бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатқандығын жеткізді. Соңғы өзгерістерге тоқталған Асхат Жұмағали сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынғандығын, жемқорлық үшін сотталғандарды бірден қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу мүмкіндігі қолданылмайтындығын, заңсыз сыйақы алушыларға ғана емес, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарға да қатысты жауапкершілік қатаңдатылғанын, мемлекеттік қызметшілерге шетелдік банктерден шоттар ашуға және иеленуге тыйым салынғандығын жеткізді.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мегаполисте жемқорлықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрлерін электронды форматқа өткізу, денсаулық сақтау саласындағы жұмысқа қабылдау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бойынша айтты.
Сондай-ақ, жиында «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жемқорлықтың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмысы да талқыланды. 
Шарада Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Б.Унербаев  мекемеде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар мен олардың алдын-алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. 
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов аталған саладағы жемқорлықтың алдын алу мақсатында арнайы Жол картасы әзірленгенінен, атқарылған жұмыстар мен жоспарлардан хабардар етті.
Айта кетейік, осы тұрғыдағы шаралар барлық сала өкілдерімен ұйымдастырылуда.
Пікір қалдырыңыз