Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...

Динара МӘЛІК

ҚЫЗ ҚОНАҚ


Тірлік деген таразысы-ау Тәңірдің,

Сәттер сайын сынағында жаңылдым.

Ақша бұлттай ақ көйлегім желбіреп,

Арманыма сенер күнді сағындым.

 

Жан ұшырып жанның даусын тыңдамай,

Бұрынғыдай мұңның жүгін жырламай.

Алақандай ауылыма тығылып,

Кеткім келмей жүр ғой әлі бұл қалай?

 

Туған үйден қай сырымды жасырам,

Бала-күннің иығына асылам.

…Ас үй жақтан күбірлейді жеңешем,

«Не жетпей жүр… дей ме әлде осыған?».

 

Әжемнің де әжімдері ақылды:

Тым байыппен жанына ыммен шақырды.

Таныс мейірім… алыс неге құдай-ау…

Қызын емес құшқандай бір ақынды!

 

Ой күзетіп, шешем отыр көңілсіз,

Үш күн болды… мен келгелі әлі үнсіз…

Күбірлесем жаутаңдайды сыр бермей,

Бір әңгіме айтар дей ме жағымсыз.

 

Қалай кетем, туған үйге шертілмей,

Көз жасым да сырғып түсті-ау іркілмей.

Бұрымымдай қалғаны ма қиылып,

Қыз-ғұмырым біткені ме бір күндей.

 

Бара жаттым сұр қалаға аттанып,

«Қыз – қонақ қой» – деген сөзге тоқталып.

Бүтін бақыт көлбеңдейді алыстан,

Ұмтыламын жоғалуға шақ қалып.

 

Тұман мұңдар таусылмастай көрініп,

Телефонда… саусағым тұр ілініп.

«Ошағыңның тыныштығын сақта», – деп,

Арғы жақтан анам тұрды егіліп.

 

P.S.: Бәлкім… бәлкім, мейірімге шөлдедім…

(Әйел қашан таға алады ерге мін?)

Қала, сенің қорғансыздау пендең ем,

Қандай жақсы тым есейіп келгенім.

 

 

Пікір қалдырыңыз