Экспорт – елге пайда

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында қорытынды есеп берді. Дүние жүзін жаулаған пандемияның салдарынан бұл алқалы жиын онлайн режимде өтті. Соған орай біз де өңір басшысының есебін қашықтан тыңдауға мүмкіндік алдық.

Есеп беру барысында Өмірзақ Естайұлы қиын жағдайларға қарамастан өңір экономикасында оң көрсеткіштерге қол жеткенін айтты. Облыс әкімінің айтуынша, жалпы өңірлік өнім көлемі артып, 1 трлн. 478,0 млрд. теңгеге жеткен екен. Оңтүстік экономикасының негізгі тірегі ауыл шаруашылығы саласы екенін бәріміз білеміз. Осыған орай қазіргі уақытта салада тындырымды тірліктер атқарылуда. Соның ішіндегі ерекше жобалар – бір жылда бір жерден 2-3 рет өнім алу және қарқынды бау көлемін ұлғайту. Бұл жобалар облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей бастамасымен іске асырылуда. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде өзге облыстарға қарағанда оқ бойы озық келеді. Аталған салада өткен жылы 729,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 105,1 пайызды құрапты.

Облыс әкімі жиында: «Біздің алдымызға қойған үлкен мақсаттарымыздың бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту» деп ауыл шаруашылығы өңір экономикасындағы жетекші сала екенін тағы бір рет еске салды. Сондай-ақ, экспорт көлемін ұлғайту маңызды бағыт екенін айтып өтті. Осы орайда Келес ауданының диқандары да нәтижелі жұмыс атқарып жатқанын айтқым келеді. Мәселен, мен де 4 жыл бұрын осы бағыттағы жұмыстарға кірісіп, қарқынды бау кәсібімен айналыса бастадым. Өткен жылы 6 гектар жерге еккен жүзімдік алқабымыз нышан көрсетті. Ал, биылғы жылы мол өнім алу үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Бір айта кетерлігі, егілген жүзім сұрыптарын шет мемлекеттерге экспорттауды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, биыл жүзімдік алқабының жанынан жиналған өнімді сақтайтын мұздатқыш нысанын салу да жоспарымызда бар. Оған қоса жүзімдікке тамшылатып суару әдісін енгізіп, нормативтерге сай субсидия алуға әрекет жасаймыз. Бұл тұрғыдан да мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатқаны диқандарға дем беріп, ауыл шаруашылығы саласының бір қадам болса да ілгері басуына сеп болып отыр.

Сонымен қатар, өңірдің ғана емес, жалпы ел экономикасындағы басым бағыт саналатын ауыл шаруашылығы саласы аясында жылыжай кешенін салуға бел байлап отырмыз. Бұл жұмыстың алға басуына мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілетініне сенімдімін. Өйткені, қазіргі уақытта өңір азаматтарын кәсіпке баулып, өндіріс көлемін одан сайын арттыру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Мұндағы мақсат – алдымен халықтың тұрмыстық жағдайын түзеп, сосын ел экономикасына үлес қосушылар санын көбейту деп түсінемін. Бұл – жеке кәсібін ашамын деген азаматтарға мемлекет көрсетіп отырған қамқорлық.

Диас АБДИЕВ, Келес аудандық мәслихатының депутаты, жас кәсіпкер.

 

 

Пікір қалдырыңыз