Халықтың саулығы – басты байлық

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев былтырғы атқарылған жұмыстар жөнінде онлайн есеп берді. Оны теледидар арқылы көріп, сөздерін мұқият тыңдадық. Расында да, коронавирус дерті еліміздің экономикасына елеулі-елеулі зардабын тигізіп үлгерді. Бірақ, бұл уақытша ғана қиындық.

«Бірлесе көтерген жүк жеңіл» дегендей, халықтың береке-бірлігінің арқасында бұл сынақтардан аман-есен сүрінбей өтіп келеміз. Облыс басшысы орынды атап өткендей, өңірде індеттің таралуын тоқтату және науқастарды емдеу ісінде едәуір жұмыстар атқарылды. Дәрігерлер пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрді.

Өмірзақ Естайұлының тапсырмасымен және тікелей бақылауымен облыстағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы бірнеше бағыттар бойынша жасақталып, қайта нығайды. Әсіресе, қазіргі кезде өте зәру өкпені жасанды желдету аппараттарының саны артып, қосымша оттегі стансалары іске қосылды. Облыс қазынасынан бірнеше компьютерлік томография және сандық рентген аппараттары сатып алынды. Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың екі айлық қоры жасақталды.

Бұл күндері Үкіметтен берілген 12 жылжымалы медициналық кешеннің көмегін шалғайдағы ауыл тұрғындары да көріп отыр. Қолжетімділік деген осы. Жедел жәрдемнің техникалық паркі түгелге жуық жаңартылды. Соның нәтижесінде медициналық қызмет көрсетудің сапасы анағұрлым жақсарды. Коронавирус пен пневмония алғашқы кездегідей тұрғындарды аса әбіржіте қойған жоқ. Мұның бәрі – денсаулық саласына баса назар аударудың нәтижесі. Мәселен, былтыр денсаулық сақтау саласына 13,7 млрд. теңге бағытталса, биыл өңіріміздің медицина саласында 78,5 млрд. Теңгенің 7 нысаны салынып жатыр. Көп ұзамай олар пайдалануға беріледі, игілігін халық көретін болады.

Түркістан өңірі COVID-19 көрсеткіші бойынша республикада 17-орында тұр. Яғни республикада біздің облыс «жасыл аймақта» орналасқан. Мен неге денсаулық мәселесіне айрықша тоқталып отырмын. Өйткені, басты байлық – денсаулық. Дені сау адам – қоғам байлығы. Сондықтан облыс әкімінің өткен жылғы атқарған жұмыстарын оң бағалаймын. Көпшілік те менің осы пікіріме қосылады деген сенімдемін.

Сәбит ҚАСЫМБЕК, Түлкібас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері.

 

 

Пікір қалдырыңыз