Кітапханашы болу — сөреден кітап алып беру емес

Мамандықты дұрыс таңдаудың өзі бір бақыт. Мамандығына шынайы берілген, оның қыр-сырына тереңірек үңіле білетін жандарды көргенде, бұған көзім анық жете түседі. Сондай мамандығына адал жандардың бірі – Бота Мүсірәліқызы десем, артық айтқандығым емес. Ол жиырма жыл бойы табан аудармастан Созақ ауданының қиыр шетіндегі Қыземшек кентінде кітапханашы болып еңбек етіп келеді.

Кеңестік кезеңнің бір артықшылығы, қазақты кітаппен достастырып, көркем әдебиетке іңкәр етті. Ауылда өскен қазақ балалары үшін ауыл кітапханасы, ондағы қазақша газет-журналдардың тігінділері, көркем әдеби шығармалар үлкен ақылшы, қиялыңды тербеп, мақсатқа жетелейтін бағдаршамдай көрінетін. Кітап оқуға, көркем әдебиетке деген құштарлық азайған тоқсаныншы жылдары кітапханашыларға жұмысты жаңаша жүргізуге тура келді. Жас маман сол жылдары көпшіліктің әдебиетке деген ынтасын арттыру үшін кітапхана жұмысын жаңаша ұйымдастырып, тұрақты оқырмандар тізімін қалыптастырды. Бота да сол ізденгіш қабілетінің арқасында үлкен-кішінің алғаусыз алғысына бөленіп келеді.

Ботаның ұйымдастыруымен өтетін іс-шаралар қашанда өзінің бай мазмұнымен ерекшеленеді. Кітапхананың ішкі көрінісі оқырмандарға ерекше әсер ететіндей мазмұнда жасақталады. Мұның өзі де ізденісті серік еткен Ботаның өз мамандығына деген ерекше ықыласынан хабар беріп тұрғандай. Ынтымақты да, ырысты отбасының сүйкімді отанасы ретінде де Ботаның айналасына үлгі етер қыры көп-ақ.

Кенттегі кітапхананы рухани ұяға айналдыра білген ол өткен жылғы төтенше жағдай кезінде үйінде отырған халықты күйзеліске түсірмей, әлеуметтік желілер арқылы рухани қолдау көрсетті. Оның онлайн бағыттағы жұмыстарына қарап нағыз әмбебап кітапханашы екендігіне көзіміз жетті.

Мәрияш ТОҒЫЗБАЙ, ардагер ұстаз. Созақ ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз