Шымкент пен Түркістанды дамыту жобаларымен танысты

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин жұмыс сапары аясында Шымкент пен Түркістан қалаларының көлік, тұрғын үй және әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымдары объектілерінің құрылыс барысын, сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік және су-энергетикалық әлеуетінің дамуын тексерді. Шымкентте Үкімет басшысына өткізу қабілеті сағатына 2000 жолаушыны құрайтын халықаралық әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылысы туралы баяндалды. Оны биыл қазан айында іске қосу көзделген.  А.Мамин биыл пайдалануға беруге жоспарланған Д.Қонаев даңғылы мен Т. Рысқұлов көшесінің қиылысындағы көлік жолайрығының құрылысын тексерді. Сонымен қатар Үкімет басшысы сорғы қондырғыларын, құбыр арматурасын және электр жабдығын шығаратын «Karlskrona LC AB» ЖШС-не барды. Кәсіпорынның қуаттылығы 2,5 мыңнан 10 мыңға дейін су сорғысын, сондай-ақ, 7 мың тонна құйма мен стандартты емес жабдықтарды құрайды. Премьер-министр «Шымкент Сити» шағынауданының құрылыс барысымен танысты.

Премьер-министр Түркістан облысындағы суармалы су тапшылығын жою және суармалы жерлердің тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыстардың барысын, Түркістан магистральдық арнасын күрделі жөндеу және оны Сырдария өзенінен толтыру үшін машина арнасын салу, «Қосқорған» және «Кеңсай – Қосқорған-2» су қоймасын салу, Жетікөл көл жүйесін қайта жөндеу жөніндегі жобалар жұмысының барысын тексерді. Осы жобаларды іске асыру су пайдаланудың жыл сайынғы көлемін 195,4 млн. текше метрге арттыруға және АӨК өндіретін өнім көлемін 14 млрд. теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Түркістан қаласында Үкімет басшысы әуежай аумағының абаттандырылуымен, тұрғын үй инфрақұрылымының құрылысымен және қаланың іскерлік орталығының дамуымен, сондай-ақ, инвестициялық жобалардың — «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың, Тұңғыш Президент саябағының, «Ұлы дала елі» орталығының және Б.Саттарханов даңғылындағы желілік саябақтың іске асырылуымен танысты.

ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз