Басымдық ауыл шаруашылығы саласына беріледі

Ел экономикасын өркендету мақсатында қолға алынған жобалардың бірі – «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы шаруаларға жеңілдетілген жолмен несие беру.

Өткен жылы облыста осы бағдарламамен 1290 жоба жүзеге асырылған. Оған 4,6 млрд. теңге бөлінген. Микроқаржы ұйымының басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаевтың айтуынша, бұл жобалар жүзеге асқан соң бір жарым мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Өткен жылы мал шаруашылығында 2 млрд. 96 млн. теңгеге – 340 жоба, қызмет көрсету саласында 530,6 млн. теңгеге – 65 жоба, егін шаруашылығында 1991 млн. теңгеге – 871 жоба, өндіріс саласында 36 млн. теңгеге – 3 жоба, тұтынушылық несиелер бойынша 9 млн. теңгеге 11 жоба жүзеге асырылған.

– Мекеме өзінің 12 жылдық қызметі аясында экономикалық жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Атап көрсетсек, 2009-2020 жылдар аралығында облысымыздың 20 250 тұрғыны 43,4 млрд. теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Несиелендірілген жобалар нәтижесінде жұмыспен қамтылғандардың саны 30 123 адамға жетіп отыр, – дейді басқарма төрағасы.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер үшін бұл несиені алуға бірқатар жеңілдіктер қарастырылғанын да айта кетейік. Яғни кепілдікке ауылдық жердегі мүлік те алына береді, бастапқы старт-ап жобалар қарастырылады және де қаржылық лизинг беріледі. Сонымен қатар, тиімді өтеу кестесі жасалынады. Ең маңыздысы, несиені ресімдеу барысында ешқандай комиссиялар алынбайды.

Басқарма басшысының айтуынша, ұжым көрсеткіштерді еселеу бағытында жұмысты жандандыра түспек. Жергілікті халықтың күнкөріс деңгейін көтеру үшін ауыл шаруашылығы саласына басымдық беріледі.

Ұ.НҰРЖАНҚЫЗЫ.

 

 

1 пікір

  • Нұрбаев Сұлтан
    Нұрбаев Сұлтан

    Мемлекеттік кепілдендіру барма екен?

Пікір қалдырыңыз