Ұстаздарға да, шәкірттерге де берері мол болды

Таяуда Шымкент қаласындағы Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінде Шымкент қалалық әдістемелік орталығының бастамасымен «Көшбасшы мектеп», «Оқуға құштар мектеп» жобалары аясында «Қашықтан оқытуда серіктес мектептер арасында бірлескен жұмысты тиімді ұйымдастыру» деген тақырыпта онлайн семинар өтті.

Оған қаладағы Мукими атындағы №13 жалпы орта білім беретін мектеп, Д.И.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейі, Титов атындағы №20 мектеп-гимназияларының мамандары белсене атсалысты. «Көшбасшы мектеп» жобасы аясында серіктес мектептердің бірлескен топтық жұмыстарын дамыту, бірлесе құрылған қысқа мерзімді жоспар шеңберінде оқу мақсаттарына қол жеткізу барысында кедергілерді анықтау, оның шешімдерін табу, «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру мақсатында білім алушыларды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу, тиімді кері байланыс орнату мәселелері талқыланды. Онлайн семинарға Шымкент қалалық әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Меруерт Медетбекова мен әдіскер Нюлюфар Қорғанбаева, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті бастауыш сыныптарды оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы, биология ғылымдарының кандидаты Ләззат Ақынова, Шымкент қалалық педагогтік шеберлік орталығының маманы Бахыткүл Тәліпова, Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Қарсыбай Сыпатаев ауылындағы Қарсыбай Сыпатаев атындағы жалпы орта мектебінің директоры Жандос Қошан мырзалар мен Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты білім беретін мекемелер, яғни тірек мектептер қатысты. ZOOM платформасында демонстрацияланған онлайн семинарды мектеп-лицей директоры Раушан Алмаханқызы салтанатты түрде ашып, іс-шараның мақсатымен таныстырды.

Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейі мен Д.И.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейінің бастауыш сынып оқушылары тікелей байланысқа шығып, Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай «Ұлы даланың ұлы ұстазы» тақырыбы аясында пікір алмасты. Қ.Аташ, Ш.Әшірбаева, Р.Бекзатова дайындаған оқушылар ұлы педагогтің өлеңдерін оқып, әңгімелері желісінде сахналық қойылымдар қойды.

Семинар қорытындысында мектеп-лицейдің тренері Жібек Зиябекова «Шульманның ілімі» бойынша кері байланыс жүргізді.

Р.ИБРАЕВА, Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицей директорының ғылыми-әдістеме жөніндегі орынбасары. Шымкент қаласы.

 

 

Пікір қалдырыңыз