Елшіні мұқату елді мұқату ма?

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

«Елдестірмектің елшіден» екендігі ежелгі ақиқат. Бұрын да, қазір де елші болу жеке тұлға үшін үлкен абырой. Ал, елшіліктің абыройы – мемлекеттің абыройы. Елшілік — бір мемлекеттің екінші мемлекеттегі елшісі басқаратын дипломатиялық өкілдігі десек, елші – хаттамалық қатынас бойынша ең жоғары дәрежедегі дипломатиялық өкілдіктің басшысы. Ол мемлекеттердің өзара келісімімен тағайындалады. Елшілердің миссиясы не дерсіз?! Олар дипломатиялық келіссөздер жүргізіп, екі ел арасындағы күрделі мәселелерді шешіп, өз ұлты мен мемлекет мүддесін қорғай білуі тиіс. Мұның сыртында инвестиция тарту, мәдени қатынастар орнату секілді жұмыстар да жетерлік. Ең бастысы, елші өз елінің атынан шешімдерді ресми түрде білдіре алады. Сондықтан бұл саланың жауапкершілігі мен көтерер жүгі ауыр.

«Сыртқы саясатты жүзеге асыратын сала ретінде бүгінгі күні елшілік қызметтің беделі мен халықаралық маңызы тіптен артып отыр. Сол себепті, сыртқы істер саласына білікті, кәсіби деңгейі жоғары, саяси сауатты мамандарды, нағыз патриот азаматтарды тарту аса маңызды. Ол өзге сала мамандарынан қай жағынан алып қарағанда да бір саты жоғары тұруы тиіс. Өйткені, елшілеріне қарап өзге мемлекеттер сол елдің шама-шарқын бағалайды. Ал, саяси сауатсыз, біліктілігі төмен елші ел беделін түсіреді» дейді мамандар. Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде Қазақстанның елшілігі жұмыс істейді. Сол сияқты өзге мемлекеттердің де елшіліктері Қазақстанда жұмыс істеп тұр.

Біздің айтпағымыз, құдайы көршіміз – Ресей жайында. Биыл жыл басталмай жатып осы елшілік мәселесіне қатысты Ресей әлемді бір дүрліктірді. Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйды қолдау митингілеріне қатысқаны үшін Германия, Польша және Швеция дипломаттарын Мәскеу елден шығарып жіберді.

Айта кетейік, «Ив Роше» ісі бойынша Алексей Навальный мен оның інісі Олег Навальный кәсіпкерлік қызметінде сомасы 26,7 млн. рубльге (шамамен 149 млн. теңге) алаяқтық жасады деп айыпталған болатын. Аталған іске қатысты Yves Roches ұйымының ресейлік филиалының директоры Бруно Лепру шағымданған.

Былтыр 20 тамызда Алексей Навальныйдың ұшақта жағдайы нашарлап, ауруханаға түседі. Кейіннен оның уланғаны мәлім болды. Оппозиционер өміріне қастандық жасады деп Ресей президенті Владимир Путинді айыптаған. Кейіннен Германияда емделіп келген Алексей Навальный әуежайда тұтқындалады. Осыған орай, оппозиционерді босатуды талап еткен халық Ресейдің бірнеше қалаларында наразылыққа шыққаны белгілі. Осы арада елдер арасындағы ахуалды нашарлатуға бірден-бір себепкер болып отырған Алексей Навальный деген кім, соған тоқталсақ. Ол 1976 жылы Мәскеу облысында дүниеге келген. Оппозиционер, заңгер, саясаткер. Ресейдегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеуімен танымал. 2018 жылы өткен президенттік сайлауға түсуге әрекет еткенімен, ОСК себеп тауып, тіркеуден бас тартты.

2013 жылдың қарашасынан бастап ол «Болашақтың Ресейі» саяси партиясының орталық кеңесін басқарады. Өзі басқаратын «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» қорымен бірге Ресейдегі 2017-2018 жылдардағы жаппай наразылық қозғалыстарының басты ұйымдастырушысы. 2010 жылдың басынан саяси астары бар бірқатар қылмыстық, әкімшілік, азаматтық және арбитраждық істер бойынша сотталушы және куәгер болды. 2012 жылы «Time» журналы оны әлемдегі ең ықпалды 100 адамның тізіміне қосты.Тіпті, 2020 жылы Нобель сыйлығына ұсынылды.

Әрине, елде осындай саяси ықпалы бар адамның Мәскеудегі сот отырысына 14 елдің елшіліктері өкілдерінің қатысуына түсіністікпен қарауға да болар еді. Десе де, үкім шығарылғаннан кейін бірқатар елдердің басшылары, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Германия бар, сотталушының босатылуын талап еткен. Ал, бұл Ресейге ұнамады. Ішкі істер министрлігінің тұжырымынша, бұл өзгелердің елдің ішкі саясатына араласуымен тең. Сондықтан Ресей тарапы дипломаттарды елден шығару туралы шешім қабылдаған.

Ал, Батыс әлемі Ресейдің бұл әрекеттерін әділетсіз деп тапты. Навальныйдың айыпталуы да негізсіз, сондай-ақ елшілерді елден шығару да ешбір қисынға келмейді деп есептейді. АҚШ президенті Джо Байден Ресей Алексей Навальныйды тез арада босатуы керек деп мәлімдеме жасады. Ол Навальныйға қатысты жағдай өзін қатты алаңдататынын да атап өтті. Бұдан қандай ой түюге болады? Батыс елдерінің Навальный десе, неге шығарда жандары бөлек болып отыр? Олардың айдалада өзімен-өзі күн кешіп отырған тәуелсіз мемлекетте не шаруалары бар? Біреудің ішкі ісіне араласатындай, өз елінің шаруасын 100% реттеп қойып па еді?! Бәлкім, шетелдіктер Навальныйға жан-жақтан қолдау көрсетіп, сол арқылы алып

Ресейдің әлем алдындағы беделін төмендеткісі келетін шығар. Әйтеуір мұның соңында бір қитұрқы саясаттың жатқаны анық. Оны уақыт-төреші анықтай жатар. Біздің айтпағымыз, орыстардың билікке қатысты шағымдары мен талаптарының шешімі шетелдіктердің көмегімен жүзеге асырылады деудің ақылға қонымсыздығы. Дегенмен, әрбір әрекеттің қарымтасы болатыны сөзсіз. Германия, Швеция мен Польша мемлекеттері де бір күнде Ресейдің үш бірдей елшісін елден шығарып жіберді. Бұл нені білдіреді? Демек, елдер арасында өзара текетірес басталды деген сөз.

Германия сыртқы істер министрлігі таратқан хабарламада Мәскеудің рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін неміс дипломатын елден шығару туралы шешімі «ешбір жағдайда ақталмайтындығы» айтылады. Мәтінде дипломаттың, Вена конвенциясы рұқсат еткендей, елдегі саяси процестерге тәуелсіз бақылаушы рөлін атқарғаны баса айтылған. Ал, Швеция сыртқы істер министрі Анн Линде де швед дипломатын елден шығару туралы шешімді қолайсыз шешім деп атады. «Ресей тарапынан тағылған айыптар негізсіз. Біз бұл достықсыз қадамға сәйкес әрекет ету құқығымызды сақтаймыз» деп жазды ол әлеуметтік желіде. Сондай-ақ, Польша сыртқы істер министрлігі швед және неміс әріптестеріне қосылды. Поляктар өз мәлімдемесінде өз дипломаттарының Ресейде заңды жұмысын жалғастыратынын айтты.

Украиндық саясаткерлер де Ресейдің бұл шешімі Вена конвенциясына қайшы келетіндігін және Ресейдің халықаралық құқықтағы міндеттемелерін өрескел бұзуының тағы бір мысалы екендігін жазуда. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен: «Бұл негізсіз әрекеттер Ресейдің халықаралық міндеттемелерінен ауытқуын көрсететін тағы бір жағдай. Біз Германиямен, Польшамен және Швециямен біргеміз» деді. Америкалық сенаторлар тобы АҚШ Конгресіне Алексей Навальныйға қатысты жағдайға байланысты Ресейге қарсы санкциялар туралы заң жобасын ұсынуы сол еді, Мәскеу Вашингтонмен «байыпты әңгімеге» дайындалды. Бұған себеп те жоқ емес. АҚШ-тың Владивосток пен Екатеринбургтегі консулдықтарын жабу туралы шешімі былтыр 19 желтоқсанда белгілі болған. «Вашингтон посттың» жазуынша, АҚШ-тың бұл әрекеті іс жүзінде Ресеймен қарым-қатынасы нашар екендігін білдіреді. Дегенмен, Владивостоктағы департаменттің өкілі президент Джо Байден бастаған АҚШ-тың жаңа әкімшілігі бұл шешімді қайта қарайды деген сенімде.

Сірә, елдер арасындағы елшілікте қарымта қайтару әдісі дәстүрге айналып бара жатқан сыңайлы. Биыл 21 қаңтарда Албания ресейлік дипломатқа «коронавирусқа қарсы шараларды бұзғаны үшін» деген желеумен нон-грата жариялаған болатын. «Алексей Кривошеев елден 72 сағат ішінде кетуі керек» деп хабарлады елдің сыртқы істер министрлігі. Олар Мәскеудің бұл шешімге түсіністікпен қарайтындығына үміттенді және Албания әрдайым Ресеймен достық қатынастарды нығайтуға тырысатынын баса айтты. Алайда, Албаниядағы Ресей елшілігі ресейлік дипломатқа тағылған айыптарды негізсіз деп атады. Енді соның қарымтасы да дереу қайтарылды. Жуырда Ресей сыртқы істер министрлігі Албанияның Мәскеудегі елшілігінің бірінші хатшысы Йонида Дрогуды нон-грата деп жариялап, оған Ресей аумағынан 72 сағат ішінде кетуге бұйрық берді. Ресей сыртқы істер министрлігі бұл шара Албанияның Ресейдің Тиранадағы елшілігінің бірінші хатшысын «ақылға қонымсыз сылтаумен» шығаруы туралы шешіміне жауап ретінде қабылданғанын атап өтті. «Біз Албания тарапының әрекеттерін Батыста антиресейлік күштермен бірігіп, олардың қолдауына сүйене отырып, Албанияда басталған сайлау науқаны жағдайында саяси ұпай жинау мақсатындағы арандатушылық деп санаймыз» делінген мәлімдемеде. Бұдан Мәскеу мен Тирананың арасы суып бара жатқанын айқын аңғаруға болады. Осыған қарамастан, Ресей үшін саяси оқшаулану қаупі жоқ. Саяси оқшаулану дегеніміз, бұл тұйық шеңберді білдіретін термин. Анықтама бойынша бұл мүмкін емес, өйткені, Ресейге санкциялар мен қысым саясатын әлемдегі аздаған елдер жүргізеді және олардың саны өсіп жатқан жоқ, керісінше азайып келеді. Саясаткерлердің айтуынша, қысқартылған дипломатиялық өкілдік белгілі бір проблемаларды тудырады, бірақ олар шешілмейтін мәселе емес. Саяси қатынастарды қалпына келтіру үшін қарым-қатынастағы теңдік және бір-бірінің мүдделерін ескеру қағидатына оралу керек. Қандай ел болмасын, өз істеріне, соның ішінде ішкі және сыртқы саясатына араласқанды және қалай өмір сүруді үйретуді қаламайды. Бұл бесенеден белгілі жәйт.

 

 

Пікір қалдырыңыз