Жеңіл өнеркәсіптің жолы неге жеңіл болмай тұр?
Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Қазба байлығы ағыл-тегіл Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі тұралап тұр. Өзіміздегі шикізатты тереңірек өңдеу жағы ойдағыдай болмағандықтан, импортқа тәуелділік басым. Күнделікті керек-жарағымызды өзіміз өндіргеннен гөрі алыс-жақын шетелдерден тасымалдағанды дұрыс көреміз. Содан шығар, дүкен сөрелерінде өзге елдің тауарлары самсап тұр. Тіпті, күнделікті тұтынатын азық-түлік, жеміс-жидекке дейін алыстан арбалаймыз.
Жеңіл өнеркәсіптің үлесі өркениетті елдерде ішкі жалпы өнімнің 15-20 пайызын құраса, біздің елде ол екі пайызға да жетпейді екен. Оның себебі неде? Егер мемлекет тарапынан қолдау болмай жатыр десеңіз қателесесіз. Бизнес бастаймын, отандық өнімнің көлемін арттырамын деген адамның қолын біздің Үкімет ешқашан қаққан емес. Жобаңыз мақұлданса, төмен пайызбен несие береді. Бизнесіңізді бір жүйеге келтіріп алғанша салықтан босата тұратын жеңілдіктер де қарастырылған. Міне, осындай мүмкіндіктер бола тұра біздегі жеңіл өнеркәсіптің шатқаяқтап кеткен жағдайы әлі де еңсе тіктей алмай келеді.
Мәселен, осыдан төрт жыл бұрын Жетісай қаласында мақта қозапаясынан құрылыс бұйымдарын шығаратын шағын цех ашылды. Шағын дегеніміз болмаса, мұның өзіне, «Кungei.kz» ақпараттық порталының хабарлауынша, кезінде 545 миллион теңге бөлінген екен. Жарты миллиард теңгедан астам қаржының басын «жұтқан» кәсіпорынның бүгінгі ахуалы қандай дейсіз ғой, «жылына 72 мың дана қозапая тақтасын дайындайтын цехтың» өзі түгілі, ізін де табу қиын. Қарапайым халықты айтпағанда, мұндай цехтың іске қосылғанын жергілікті тұрғындар да ұмыта бастаған. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Бейбіт Қазыбековтің айтуынша, шикізат жеткіліксіз болуына байланысты цех жұмысын біраз жыл бұрын тоқтатқан. Сонда әу бастағы дақпырты дардай болған жобаның әдірем қалғаны ғой.
Жетісайда «тумай жатып туа шөккен» жобалар мұнымен шектелмейді. Естеріңізде болса, осыдан екі-үш жыл бұрын аталған ауданда аяқ киім шығаратын фабрика іске қосылған еді. Ералиев ауылдық округінен ашылған кәсіпорынның ашылу салтанатына қатысу бізге де бұйырған. Үлкен қаладан немесе аудан орталығынан емес, шағын ауылдан ашылған фабриканың болашағы, жасыратыны жоқ, сол кездің өзінде бізге күмәнділеу көрінген. Бірақ, бәрі ойдағыдай болатынына сендірген жоба жетекшісі қазірдің өзінде отыз адамды жұмыспен қамтып отырғанын, алдағы уақытта жұмысшылар санын елуден асыратынын айтқан. «Бұл жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңға дейін кәсіпорнымыз жалпы құны 100 миллион теңгені құрайтын 270 мың пар аяқ киім өндірді. Біз негізінен ішкі нарықты қамтамасыз етіп, импорттың орнын басуға тырысудамыз» деген еді «Хаят» ЖШС-нің директоры Ұлықбек Ражапов. «Ойпырай-ә» дескенбіз.
Айта кетейік, «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 кезеңде іске асырылған жобаға 675 млн. теңге инвестиция тартылыпты. Ал, жобаның 2-ші желісін іске қосу үшін «Оңтүстік» АИО-дан 100 миллион теңге бөлінген. Аудан әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл қаржыға Түркиядан аяқ киім тігетін жаңа қондырғы сатып алынған.
Таяуда Жетісай жаққа жол түсіп, бір кездері алаулатып-жалаулатып ашылған кәсіпорындардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныса кетуді жөн көрдік. Иә, жоба жетекшісінің осыдан үш жыл бұрын берген уәдесіне қарап, көз алдымызға жұмысы қыз-қыз қайнап жатқан кәсіпорынды елестеткен едік. Бірақ, өкінішке қарай, «елуден астам адамды жұмыспен қамтып, жұмысы қайнап жататын» кәсіпорынның бүгінгі ұсқыны тіпті бөлек, Қытай қорғанындай қалың темір қақпаның ашылмағанына біраз болған. Есігін үлкен қара құлып күзетіп тұр. Өлі тыныштық орнаған мекеменің басшысын іздеп, ұялы телефонына қоңырау соққан аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаевтың да үміті ақталмады, жауап берген жан болмады. Түтігіп кеткен Толыбаевтан «сонда бұл не болды?» деп сұрау ауыр еді. Бірақ, мұның бәрі түбінде сұралады ғой. Сұраусыз нәрсе болушы ма еді?!
Жалпы, бұл бір ауданда ғана болған жағдай. Мұндай келеңсіздік басқа өңірлерде де кездеседі. Сонда мемлекет тарапынан берілетін бар жеңілдікті иеленіп, соңында елдің бәрін сазға отырғызып кететіндерге тосқауыл қою мүмкін болмағаны ма? Міне, осыдан-ақ біздегі жеңіл өнеркәсіптің ахуалы неге ауыр екенін аңғаруға болатын шығар.
Осы тұста бұл мәселе өркениетті елдерде қалай шешіліп жатыр деген ой келеді. Тым алысқа бармай-ақ, өзімізбен тамырлас делініп жүрген Түркияны алайық. Жеңіл өнеркәсіп ол елдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын құраса, бұл көрсеткіш бізде 0,1 пайызға да жетпейді. Түркияда іс бастаған кәсіпкер өндіріске тек отандық құрал-жабдықтарды енгізсе, мемлекет өндірісті ашуға жұмсалған қаражаттың 90 пайызын субсидия күйінде қайырып береді екен. Сөйтіп, жеңіл өнеркәсіптің жолы жеңілдеп, ауыр өнеркәсіптің де тынысы ашылады. Мұнда мақта мен жүн алдымен матаға, соңыра дайын киімге айналады. Ал, біз киім тігетін болсақ өзіміздегі жүн-жұрқаны қоқысқа тастап, өртейміз. Өртеп болған соң матаны сырттан сатып алып келеміз.
Әлемді шарлап, кәсіп жасап жүрген түрік кәсіпкері Юсуф Екмекчтің біздің елдегі жағдайға байланысты айтқан мына пікірі құлаққа қонады. Ол «Қазақстан бір кәсіпорынға 100 миллион доллар салып, үміт күтеді. Ал, Түркия оны жүз адамға бөліп береді. Қайсысы тиімді екенін өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз» дейді.
Иә, «жүз миллионды жүз адамға бөліп беру тәжірибесі» бізде де өз-өзін ақтай бастаған сияқты. Яғни «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы 550 000 теңге алып, кәсіп ашып алғандардың біразы бүгінде жұмыстарының жемісін көре бастады. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы қандай деген сұрақ туса, ең алдымен осы жобаның сәтті жүзеге асып жатқанын алға тартамыз. Ал, елден ерек болып, миллиардтап жеңілдік алып жатқандардың жұмысы жүрсе жақсы, тоқтап қалса қаншама жас кәсіпкердің жұмыс бастауына жететін қаржы құрдымға кетеді. Ал, құрдымға бастайтын бұралаң жолдың бір басында жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жатуы да бек мүмкін. Қолмен ұстап алмағаннан кейін күнәға батқың келмейді, әйтпесе...
Қорыта айтқанда, шикізат базасын қалыптастырмай, сапаны қадағаламай, сыбайластыққа тоқтам салмай, контрабанда мен экспорт мәселесін шешпей – бұл саланы өркендету мүмкін емес сияқты. Сондықтан алдымен тың идеяларға серпін беріп, өндіріс салаларын өзара қабыстыруды ескеру керек. Бір сөзбен айтқанда, жеңіл өнеркәсіптің желкенін жаймасақ, жаһан экономикасының мұхитында жүзе алмасымыз анық.