Ауқымды жұмыстар атқарылуда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы қазіргідей күрделі кезеңде жан-жағымызды бағамдауға, мүмкіндігінше қателеспеуге, шаруамызды ұтымды жүргізуге көмектескен дүние болып тұр.

Жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемия зардаптары сейілмей отырған бүгінгі таңда экономикалық дағдарыс пен халықтың әл-ауқатының төмендеуі әрбір азаматты толғандырып, көкейде мың-сан сауал туындатып отырғаны белгілі. Мемлекет басшысының айтуынша, әлем соңғы 100 жылда болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде бес жыл уақыт қажет дейді сарапшылар. «Сондықтан әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаға тың серпін беруіміз керек» деген Президент жаңа реформалардың негізгі бағыттарына тоқталды. Ол, әсіресе, мемлекет басқарудың, жаңа жағдайдағы экономикалық дамудың, теңгерімді аумақтық дамудың, азаматтардың әл-ауқатын жақсартудың, қолжетімді әрі сапалы білім берудің, денсаулық сақтау саласын дамытудың, азаматтарды мемлекет басқару ісіне қатыстырудың жаңа үлгілерін ұсынды.

Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында да, кейінгі уақыттарда өткізіп жүрген жиындарында да мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың барлық деңгейіндегі басшыларына жұмысты жетілдіре түсу, оның тиімділігін арттыруды тапсырып келеді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары мен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауын басшылыққа ала отырып, Қазығұрт ауданының ардагерлері өз жұмыстарын ширата түсті.

Аудандық ардагерлер кеңесінің есебінде 10426 ардагер бар. Оның ішінде үш Ұлы Отан соғысының ардагері, 284 «Батыр ана», 1701 «Алтын алқа», 2952 «Күміс алқа» мен І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» төсбелгілерінің иегерлері бар. Ауданда 101 жалғызілікті қарт адам тұрады. Оның 23-і 80 жастан асқандар. Оларға 2157,8 мың теңгеге шефтік көмек көрсетілді.

Былтыр облыстық ардагерлер үйіне – 65, «Керуен» шипажайына 77 жолдама берілді. Сондай-ақ, жеке оңалту бағдарламасы бар азаматтарға «Сарыағаш» шипажайына 167 жолдама берілді. Мұнан бөлек Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілгендерге 17 басылымға жазылу үшін 221,2 теңге бөлінді.

Бұл күндері аудандағы барлық ауыл округтерінде «Әкелер мектебі» құрылды. Аудандық «Әкелер мектебінің» құрамы 9 адамнан тұрады. Оған аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері, білім бөлімі басшысының орынбасары, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, бастауыш ардагерлер ұйымдарының мүшелері енді. Аталған мектеп ауылдық ардагерлер бастауыш ұйымдары жанынан да құрылып, ережесі бекітіліп, жұмыс жоспары жасалды. Алдағы уақытта облыстық ардагерлер кеңесінің онлайн пленумында «Әкелер мектебі» мәселесі қойылып, іс-тәжірибесін көрсету жоспарланып отыр.

Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы туралы 800 дана кітапша, А5 форматта 1573 дана парақша шығарылып, ауыл округтері бастауыш ардагерлер ұйымдарына таратылды. Жолдау жыл бойы ауыл тұрғындарының, мектеп, медицина, басқа да мекеме, қоғамдық ұйымдардың арасында талқыланып, күнделікті жұмыстарында басшылыққа алынып келеді. Нәтижесінде үлкен мақсаттар мен міндеттер белгіленді. Оларды жүзеге асыру жолдары да қарастырылып, ауданда ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Аманбай ОМАРОВ, Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

 

Пікір қалдырыңыз