Нағашым көрсеткен бір мысал өміріме өзек болып келеді

Нағашым, анамның бауыры, Социалистік Еңбек Ері Әуесбек Мақұлбек елге белгілі азамат еді. Алғашқы еңбек жолымды нағашымның қолында бастадым. Ол кісі өмірден ерте өтіп кетті.

Әуесбек нағашым жиендеріне қамқор болды. Мектеп қабырғасында жүргенде барлық жиендері сол кісінің үйінде шаруашылығына қолғабыс жасайтынбыз. Нағашымыздың жары Дариға адами қасиеті мол кісі еді, қабақ шытуды білмейтін. Қазір таң қаламын, топырлаған бала, сатыр-сұтыр алысып, дамылсыз кіріп-шығып жүргенде ренжіп бір ауыз тіл қатпайтын. Өзі де өмірде байсалды, салмақты кісі ғой. Жағдайымызды жасап, кір-қоңымызды қолмен жуып, қазан толы тамағын істеп, көңілді жүретін.

Әуесбек нағашым еңбек адамы. Ол бізді кішкентай кезімізден еңбекке баулыды. Бізге адалдықты, еңбекқорлықты, шыншылдықты үйретіп, көп ақыл айтатын. Былайша жұрт оны аға шопан деп қана таниды. Шындығында ол кісі көп қиындық көрген, талайлы тағдырларды басынан өткерген азамат. Ақылды кісі еді. Ерен еңбегінің арқасында КОКП Орталық Комитетінің съездеріне делегат болды. Аудандық, облыстық Кеңеске, Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланды. Көптеген орден-медальдардың иегері. Барлық жетістікке еңбекпен жеткен тұлға. Бала кезімде көп тәрбиесін алдым. Мен ол кісіге көмекші шопан болдым. Өзі төрт түліктің жайын, жер жағдайын жетік білетін жан еді.

Осы тұста Әуес нағашымның тағы бір қасиеті ойыма түсіп отыр. Бір күні, ұмытпасам, 1981 жылы болуы керек, жайлауда отыр едік. Ол кісі жиналыстан келген екен. Сәрсенбек екеуміз әрнәрсені айтып отырғанбыз. Ол кезде мектепті енді бітірген кезіміз. Мүмкін бір оғаш сөз айтып қалдық па, әйтеуір нағашым қасымызға келді. Үстіндегі жаңа костюм-шалбарын да ауыстырмаған. Екеумізді өзен жағасына ертіп келді де, жерден бір түп көк жусанды, екінші қолымен қураған ақ шөпті жұлып алып ағып жатқан өзенге ағызып жіберіп:

– Балалар, қараңдар, – деді.

Қураған ақ шөп ағын сумен ытқи аға жөнелді де, аздан соң жағаға шығып қалды. Ал, көк жусан бір қалыппен ақырын ағып бара жатты.

– Сендер өмірге жеңіл көзбен, жеңілтек мінезбен қарасаңдар анау қураған ақ шөп сияқты жағаға шығып қаласыңдар. Ал, жусан сияқты салмақты, байсалды болсаңдар, өмірдің небір ағысына төтеп бере аласыңдар. Сол себепті Абай аталарың айтқандай, кірпіш болып өмірде қаланатын орындарыңды зерделеріңе тоқыңдар. Өмір деген күрес, салмағы бар нәрсе, әне ақырын ағып барады. Ал, жеңілтектікпен адам өз тағдырына немқұрайды қараса, қураған шөп сияқты жағаға шығып қалады, – деп орнынан тұрды.

Нағашымның осы сөзі менің өмірлік бағдаршамыма айналды.

Содан Әуесбек нағашымның тәрбиесін ала жүріп алдымен мұғалім болдым, кейін Түркістан ауданына қоныс аударып, мал шаруашылығымен, кәсіпкерлікпен айналыстым.

Түркістан облысының әрбір аудан, ауылын «КамАЗ» автокөлігімен аралаймыз. Бірде Тұрсынбай, Қалдарбек есімді екі жігітпен сауда істеуге жолға шығып, сапарлас болдым. Сонда жол бойы Әуесбек нағашымның өнегелі жолын, өрісті тәрбиесін, ақыл-кеңестерін айта беріппін. Сонда түркістандық жолдастарым «жолға шыққалы нағашым, нағашым деп айтып тауыса алмай келесің. Сенің нағашың Абай Құнанбаев сияқты кемеңгер ойшыл азамат болғаны ма?» деп тосын сауал қойды. «Онда Әуесбек нағашымды өз көздеріңмен көріңдер, сөзін өз құлақтарыңмен естіңдер» деп көлікті Шағадағы нағашымның қара шаңырағына бұрғыздым.

Шағаға барсақ, сол жылы Әуесбек нағашым Балықшыдан ауылға көшіп келіп, қоныстанып жатқан кезі екен. Сыртта қора-қопсысының шарбақтарын жөндеп жүр. Бізді көріп қуанып, қалбалақтап, амандық-саулық сұрасқан соң:

– Жүріңдер, үйге кіріңдер, – деп бәйек болып үйге бастады. Апамыз әп-сәтте қазан көтерді. Содан арнайы әзірлеген дәмді жеп, әңгімелесіп ұзақ отырдық. Кейін қоштасып былай шыққан соң әлгі жігіттер:

– Ербол, дұрыс айтыпсың, қарапайым еңбек адамы бола тұрып, зерделі, өнегелі әңгімелер айтты, – деп дән риза болысты.

Ол кісі адамды өзіне еріксіз тартатын. Кез келген адам ол кісімен сөйлескенде абайлап, байқап сөйлесетін. Өйткені, кез келген тақырыпта адами ой тұрғысынан, адамгершілік қағидаттарына сүйеніп, өмірдің түрлі жағдайларын мысалға айналдырып сөйлейтін. Әуесбек нағашыма көмекші болып жүріп, мал шаруашылығынан бай тәжірибе жинадым. Заман мынадай болды. Мал саудасымен айналысып, мал бордақылау ісімен шұғылданып жүргенде сол кісіден үйренгендерім кәдеге асты. Енді, міне, одан үйренгенімді балаларыма үйретіп жүрмін. Ауылдан көшкеніме 25 жыл болыпты. Бірақ шаруашылықтан бір сәт те қол үзбедім. Жаңа Иқан деген жерден жеке иелігіме жер алдым, мал шаруашылығымен айналысамын. Нағашымның балалары Сүйеніш пен Серік те әке жолын қуып, өз жұмыстарына қосымша мал шаруашылығымен айналысып келеді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Сол себепті, нағашым, еңбек майданының майталманы, мал шаруашылығының академигі, екінші тың саласының білгірі Әуесбек Мақұлбекұлы сияқты тұлғалы кісінің жиені болғанымды мақтан тұтамын.

Ербол СМАЙЛОВ, шаруа қожалығының жетекшісі. Түркістан қаласы.

 

 

Пікір қалдырыңыз