Үкіметке үмітпен қарайды

Серікқали Жексенбаев, «Ońtústik Qazaqstan».

Санат биыл күзде 30 жасқа толады. Отбасын асыраушы – өзі. Қазір аудан орталығындағы мектептің бірінде лаборант болып жұмыс істейді. Пандемия басталмас бұрын декретке шыққан келіншектің орнына жарты «ставкамен» физика пәнінен сабақ беріп, әжептеуір жалақы алушы еді. Онлайн оқу басталған соң бала күтімінде отырған әйел дереу жұмысына қайта шықты да Санат сағаттан тағы қағылды. Осылайша «декреттегі әйел» үйінде отырып толық жалақысын алса, ол білім ұясына күнде келіп, шайлығына жетпейтін айлығына қарап қалды. Педагогикалық жоғары білімі болса да, оған басқа сағат бұйырмады.

Санат бұдан үш жыл бұрын үйленген. Екі жасар ұлын ауылдағы әке-шешесіне апарып тастады. Балабақшаға беруге ақша жетпейді. Келіншегі Танагөз екеуі пәтер жалдап тұрады. Ол да мамандығы бойынша қызметке орналаса алмады. Қазір жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген. Кейде көше сыпырады, қоқыс тазалайды, басқа да қоғамдық жұмыстарға жегіледі. Ол үшін ай сайын төленетін ақы – қаймаққа жаймақ. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды». Әзірге ерлі-зайыпты «қос өгіздің» тапқандары тамақтан артылмай тұр. Сәнді киім кию, көлік міну, баспана сатып алу олар үшін әзірге арман ғана. Үкімет жалақыны көтеретін шығар деген үмітте. Санат сияқты өлместің күнін көріп жатқан жас отбасылар елімізде аз ба?!

Елімізде ең төменгі жалақы мөлшері – 42 500 теңге. Жоғарыдағы жас отбасы мүшелерінің ортақ табысы 100 мыңға да толмайды. Оның жартысына жуығын пәтерге төлейді. Жарық, газ және су сияқты коммуналдық төлемдерге төлейтіні және бар. Қалған 30-35 мың теңгені екеуі талғажау етеді. Азық-түліктің бағасы аспандап тұр. Әсіресе, еттің құны қымбаттады. Сиыр етінің келісі 1900-1950 теңгенің аралығында болса, жылқы етінің келісі 2200 теңгеге жуықтайды. Ал, қойдың еті қоңдылығына қарай 2200-2300 теңге аралығында құбылып тұр.

Енді шартты азық-түлік себетін есептеп, өнімнің құнын ең төменгі жалақымен салыстырып көріңізші?! Былтырғымен салыстырғанда Қазақстанда мұндай азық-түлік себетінің құны 14%-ға өсті. Номиналды түрде ең төменгі еңбек­ақы елімізде өзгерген жоқ. Сол баяғы 42 500 тең­геге тең. Бірақ, сақтандыру жарналарының өсуіне байланысты нақты жалақы өткен жылдан бастап азайды және енді

37 400 теңгені құрап тұр. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айбек Паяевтың айтуынша, азық-түлік себеті келесі тағамдардан тұрады: нан, сүт, жұмыртқа, күріш, ірімшік, ет, жемістер мен көкөністер. 2021 жылдың басында қазақстандықтар үшін мұндай азық-түлік себетінің құны 25 280 теңгені құрайды. Бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 13,87%-ға артық. Қалыптастырылған азық-түлік қоржыны салық төлегеннен кейін ең төменгі еңбекақының 67,6%-ын құрайды. Былтыр бұл арақатынас 58,7%-ға тең болды. Бұдан шығатын қорытынды, Қазақстанда ең төменгі жалақы алатын азаматтардың жағдайы нашарлаған.

Расында да, 2021 жылдың басындағы жағдай бойынша Picodi халықаралық сервисінің сарапшылары Қазақстандағы жалақы мөлшері әлемдегі 56 елдің ішіндегі ең төменгі жалақының бірі деп есептейді. Сақтандыру жарналарының өсуіне байланысты ең төменгі жалақы мөлшері былтырғымен салыстырғанда азайған жалғыз ел әзірге біз болып отырмыз. Ал, Шығыс Еуропадағы мемлекеттер арасындағы Украинада ең төменгі жалақы – 27%-ға, Польшада – 9,8%-ға, Беларусьте – 6,7%-ға, ал, Ресейде 5,5%-ға өскен. Жерінің асты мен үсті байлыққа толы Қазақстанда жалақыға жарымай жүрген азаматтар жеткілікті. Мәжілісмен Айбек Паяев Үкімет басшысына ең төменгі жалақыға байланысты депутаттық сауал жолдады.

P. S. «Еңбек нарығын жаңа жағдайға бейімдеу үшін жұмыспен қамтудың жаңа түрлері енгізіледі. Биыл бюджет саласындағы бір миллионнан астам қызметкердің жалақысы өседі. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді» деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі. Үкімет басшысының айтуынша, биыл 1,3 миллион адамға жұмыспен қамтудың әртүрлі шаралары ұсынылады. Бұл жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

«Жұмыспен қамту жол картасын іске асыру жалғасады. Бұл ретте тұрақты жұмыс орындарын құруға баса мән беріледі» деді Премьер-министр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

«Экономикада құрылатын жұмыс орындарының есебін толық жүргізу үшін жұмыспен қамтудың өңірлік жол карталары жасалады. Бұдан бөлек, еңбек нарығын дамытудың 2022-2027 жылдарға арналған ұлттық жоспары әзірленеді. Осы жылы бюджет саласындағы бір миллионнан астам жұмыскердің жалақысы өседі» деді Асқар Мамин.

...Санат секілді енді отан болып, пәтер жағалап жүрген жастар Үкіметтің әр қадамына үмітпен қарап отыр.

 

 

Пікір қалдырыңыз