Құлшынысы бар адамға жұмыс табылады

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Қазығұрт ауданындағы Шарбұлақ ауылдық округінің әкімі Жандос Үсенбеков бұл лауазымға тағайындалған кезінде 31 жасқа енді толған еді. Өзі де осында туып-өскендіктен ауылдың тыныс-тіршілігі оған етене таныс болатын. Оның үстіне жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін еңбек жолын ауданда бастады. Қазығұрт аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінде жетекші маман, бас маман, содан кейін осы Шарбұлақ ауыл округінде салық инспекторы қызметтерін атқарды. Сондықтан жас әкім жұмысты неден бастарын білмей, абдырап қиналған жоқ.

– Шарбұлақ және Ақбастау деп аталатын екі елді мекеннен құралған ауылдық округте 5090 тұрғын бар, яғни 725 отбасы қоныстанған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 2020 жылы халық саны 1,1 пайызға ұлғайды, яғни өсім бар. Ауыл округі газбен, ауыз сумен, жарықпен 100 пайыз толық қамтылған. Ақбастау елді мекеніндегі ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын жүргізу 2019-2020 жылдарға жоспарланып, оған 135 млн. теңге қаралған еді. «Асат-Құрылыс» ЖШС құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, ауыз су жүйесі пайдалануға берілді. Ендігі жерде елді мекендердің ішкі көшелері кезең-кезеңімен жөнделуде. Жол құрылыс жұмыстарын тұрғындар көп жүретін көшелерден бастадық. Жалпы, орташа есеппен жолдың 60-70 пайызы асфальтталып бітті. Енді осы көшелерді жарықтандыру жөніндегі жобамызды ауданға ұсындық, – дейді Жандос Арыстанбекұлы бізбен әңгімесінде.

Қазіргі таңда ауылдан шыққан мықты кәсіпкерлер баршылық. Жандос әкім болып тағайындалғаннан кейін солардың басын қосып, ауылды қалай көркейтеміз деп кеңескен екен. Соның нәтижесінде демеушілердің есебінен ауыл орталығынан саябақ салу жоспарланып, бүгінде оның құрылысын бастап та жіберіпті. Құрған жобаларына сәйкес былтыр саябақта 400 көшет отырғызылған. Биыл 500 көшетке аудандағы «Жасыл желек» тұқымбағына қаржы аударып та қойыпты. Енді мұнда Қырым қарағайы, емен, айлант, акация, талшын секілді декоративті ағаштарды отырғызу жоспарланған.

Мұнан бөлек, ауыл округіндегі ескі емхана ғимаратын ауылдан шыққан азаматтардың демеушілігімен үш бөлмелі үш пәтерге айналдыру бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бір-екі ай көлемінде үш отбасыға баспана ретінде берілмек.

Ауыл округі негізінен ауыл шаруашылығы саласына бейім. Аграрлық сектор дамуының деңгейі үнемі жоғары сатыда көрініп келеді. «Округте жалпы 23 мың гектар ауыл шаруашылығына арналған жеріміз бар. Оның ішінде 7775 гектар егістік жеріміз толыққанды 100 пайыз игерілген. Бұл жерлердің барлығы 166 шаруа қожалығына, 9 өндірістік кооператив, 12 жауапкершілігі шектеулі серіктестікке тиесілі. Олар қарқынды жұмыстар атқарып, елді мекеннің дамуына өз үлестерін қосуда. Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығынан бөлек, кәсіпкерлік те жақсы жолға қойылған. Жалпы, ауылдық округте 57 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Атап айтқанда, бір тойхана, бір жанар-жағармай бекеті, бір монша, 10 азық-түлік дүкені бар, сондай-ақ, 44 азамат өздерінің түрлі жеке кәсіптерін жалғастыруда» дейді ауыл округінің әкімі.

Кәсіпкерлерді жаппай қолдау және нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және басқа да несиелік ұйымдар арқылы ауыл округі бойынша жеке азаматтар 73 млн. теңге көлемінде несие алып, өз кәсіптерін жүргізуде. Бүгінде округ бойынша шаруа қожалықтарының және ауыл тұрғындарының малдарын қоса есептегенде 7071 ірі қара, 17524 қой мен ешкі, 1681 жылқы, 6557 құс бар. «Сапа–2002» ЖШС қазақтың 4161 қылшық жүнді құйрықты қойын және «Сапа» шаруа қожалығы 510 қазақы жылқысын асылдандырған. «Сыбаға» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Н.Жамалбеков 25 ірі қара сатып алды. «Алтын асық» бағдарламасы аясында «Салима» шаруа қожалығы 118 уақ мал сатып алды. «Құлан» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Н.Күмісбеков 25 жылқы алып, мал басын көбейту жұмыстарымен айналысуда. Жеке кәсіпкер М.Пазилов 3 асыл тұқымды бұқа алып, ауыл округінің табындағы ірі қара малды асылдандыру жұмыстарын қолға алған.

Ауыл тұрғындарынан бүгінде түсетін өтініштердің дені көше жарығы, кейбір көшелерді асфальттау жөнінде болып келеді. Бұлардың барлығы бюджет қаражатына сәйкес кезең-кезеңімен жоспарланып отыр. Ауылдық ардагерлер кеңесі, ауыл билерімен де әкім тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Әкім ауыл округінде жұмыссыздық мәселесі де шешілгенін айтады. «Істеймін деген адамға жұмыс кез келген жерден табылады. Ең бастысы, адамның өзінде құлшыныс болуы керек. Ауылдық округте «Сапа - 2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Бұл үлкен ұжым мал бордақылау, жем-шөп дайындау, май шығару тәрізді жұмыстармен айналысады. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі сол жерде жұмыс істейді» дейді әкім.

Жандос Арыстанбекұлы – отбасындағы төрт ұл-қыздың үлкені. Әкесі дүниеден ерте озғаннан кейін анасы Светлананың тәрбиесінде өсті. Анасы аудандық ауруханада мейірбике болып жұмыс істейді. «Анамыз бізді қатарымыздан кем қылмай оқытып, өсірді» деген Жандостың өзі де бүгінде отбасылы, бір ұл, екі қыздың әкесі.

Ауылды көркейту жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген жас әкімнің алдына қойған міндеттері аз емес. «Алдымызға қойылған жоспарлардың барлығы жергілікті қоғамдастықпен бірлесе отырып жүзеге асырылады. Біздің ортақ мақсатымыз – мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, әр ауыл тұрғынының тұрмыс жағдайын жақсарту» дейді Жандос Үсенбеков.

 

 

Пікір қалдырыңыз