«Бала мектепке дайын боп баруы тиіс»

Баланың болашағы оның қандай жағдайда өсіп-өнгеніне, тәрбиеленгеніне байланысты. Бала өміріндегі алғашқы әлеуметтік институт – отбасы десек, екіншісі – балабақша.  Отбасында ол өз жақындарынан алғашқы білімін алса, балабақшаға келгенде басқа балалармен қарым-қатынас жасауды, қарым-қатынас ережелерін үйренеді. Баланың болашақ ересек өмірге дайындығы осы жерден басталатындықтан, бұл кезде қандай балабақшаға барғаны, қандай топқа, қандай тәрбиешінің қолына түскені де маңызды.
Түркістан қаласында ата-ана баласын сеніп тапсыратын балабақшаның бірі – «Ақ көгершін». 2006 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған мекемеде бүгінде 90 бала қазақ-өзбек топтарында тәрбиеленуде.
– Мектепке дейінгі шақ – адам өміріндегі ең маңызды кезең. Өйткені, осы кезде баланың бойында бар табиғи дарын жан-жақты дами бастайды. Осы шақта баланы жан-жақты дамыту әрекеттері жүйелі жүргізілсе, жұмыс соншалықты нәтижелі болады. Көп ата-ана баланы балабақшаға береді де, тәрбие ісінде жауапкершілікті тәрбиешінің мойнына артып қояды. Әрине, тәрбиеші таңнан кешке дейін баланың жанында болады, олардың әрбірінің сұрақтарына ерінбей жауап береді, бірақ бұл тәрбие беру тек балабақшаның міндеті дегенді білдірмейді.
Біздің міндет – бала тәрбиелеу ғана емес, мектепке дайын шәкірт дайындау, – дейді балабақша меңгерушісі Бахарамгул
Расулова.
Бахарамгүлдің негізгі мамандығы – биолог. Ташкенттегі Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық институтты бітіріп, Түркістан қаласындағы Ұлықбек атындағы жалпы орта мектепте жиырма жылға жуық ұстаздық еткен.
Мектепке дейінгі білім мекемесінде жүргеніне де 15 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде ол осы саланың айтулы маманына айналды. Көптеген жетістіктерге жетіп, елеулі еңбектерімен, кәсіби шеберлігімен дараланып жүр. Өз қызметінде тәрбиешілердің де кәсіби біліктілік деңгейі мен шеберлігін арттыруға жете көңіл бөледі. Заман талабына сай жаңашыл педагогикалық әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалануды талап етеді.
– Баланы балабақшаға жібермес бұрын көптеген ата-ана тәрбиешінің кәсіби біліктілік деңгейіне қызығушылық танытады. Ата-ана үшін баласымен уақыт өткізетін адам туралы білу өте маңызды. Әрбір ата-ананың көкейінде «Бұл қандай адам, балаға ұнай ма, жоқ па? Баланы бұл адамға сеніп тапсыруға бола ма? Ол өз жұмысында қаншалықты кәсіби? Балаға қандай білім береді?» дейтін сұрақтар тұрады. Ата-ананың біздің балабақшаға деген сенімін қалыптастыру үшін тәрбиешілеріміз үнемі ізденісте болуы керек, –
дейді балабақша меңгерушісі.
Тәрбиешілердің білімін үздіксіз жетілдірудегі жүйелі жұмыстың нәтижесінде тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері қалалық, облыстық деңгейде біршама жетістіктерге жетіп жүр.
Бар ғұмырын балаларды тәрбиелеуге, білім беруге арнап жүрген осындай педагогтардың өмірі өзгелерге үлгі болғандай.

Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз хатшысы.




Пікір қалдырыңыз