Репетитор шәкірт бағын жаға ма?

Еңлік ҚАЙЫП, «Ońtústik Qazaqstan».

Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда репетитор нарығы қатты қызып тұр. Үлкен қалалар тұрмақ, аудан, ауылдардың өзінде оқыту курстарынан аяқ алып жүре алмайсыз. Оған баратындар – көбіне бастауыштың баласы мен ҰБТ-ға қатысатын жоғары сынып оқушылары. Бүгінде баласының мектепте алған біліміне қанағаттанбай, репетитор іздеп сандалған ата-ананың есебі жоқ. Сонда осы уақытқа дейін білім саласындағы реформалар өз нәтижесін бермегені ме? Ата-ана мұғалімге сенбесе, оның мәртебесі қалай артпақ? Жұрттың бәрі репетитор жалдап, ақшасының бәрін соған құйса, мұғалімдердің жалақысын көтере бергеннен ұтарымыз қайсы?!

Репетитор бүгінде үлкен сұранысқа ие. Оқу басталысымен мектепте оқитын әрбір екінші оқушы мектептен тыс қосымша сабақтарға барады екен. Кейбір репетиторлар оқушының үйіне барып үйретеді. Әрине, бұл қызметіне үстемеақы алады. Кейбір ата-ана балаларының сабағын қадағалайтын уақыты болмағаннан кейін ғана берсе, бірі мектептегі мұғалімге көңілі толмағаннан кейін репетитор жалдауға мәжбүр. Репетиторлық қызметті заман ағымына сай, бүгінгі оқу бағдарламаларының өзгеруіне байланысты ғана пайда болды деуге болмайды. Оның тарихы ертеден бастау алған. Дегенмен, соңғы кезде бұл қызмет түріне сұраныс жоғары. Ата-аналардың репетиторға көптеп жүгінуін қазіргі білім беру жүйесінің осалдығы деп қабылдаймыз ба? Мұғалім мықты болса, ата-ананың баласын қосымша оқытып, оған тағы шығындалып несі бар?

Бәрімізге белгілі, былтыр «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, мұғалімдерге мемлекет тарапынан үлкен қамқорлық жасалынып жатыр. Оған дейін де мұғалімнің жалақысы кезең-кезеңмен өсіп отырды. Мұғалімнің жалақысы артты, ал, заң мәртебесін арттырды ма?

Түркістан қаласындағы №21 мектептің мұғалімі Жанар Ахметқызы бүгінгі таңда репетиторсыз мұғалімнің күні қараң екендігін жасырмайды.

– Меніңше, репетитор көбіне бастауыш сынып оқушыларына қажет, – дейді ол. – Өйткені, мұғалім қабылдау деңгейі әртүрлі, отызға жуық балаға қырық минуттың ішінде оқу бағдарламасын толық меңгертіп үлгермейді. Ал, баланың түсінбеген тақырыбын түсіндіруге ата-ананың көбінің мүмкіндігі, қабілеті, білімі, уақыты жете бермейді. Ал, репетитор оқушымен жеке-жеке жұмыс істейді.

Алайда, репетиторға жүгінудің де зияны бар екен. Психологтардың айтуынша, репетитордың көмегіне сеніп үйренген балада өздігінен білім алуға деген құлшыныс азаяды.

«Баланың өз-өзіне сенімі жоғалады. Сыныпта берілген тапсырманы орындаған сәтте оның дұрыс-бұрыстығына күмәнмен қарайтын әдет пайда болады. Ақылы оқытумен айналысатын оқытушыға бағыт беруші, баланың игере алмай қалған тақырыбын үйретіп, қатарға қосушы ретінде қарауға болатынын айтқым келеді» дейді педагог Жанар Ахметқызы.

– Балам алтыншы сыныпта оқиды. Бүгінгі карантинде қашықтан оқыту жағдайында баланы қосымша сабаққа, репиторға бермесе бала сабақ оқуды мүлде доғарды. Оқушы мен мұғалім арасында мектептегідей тығыз қарым-қатынас жоқ. Ондай байланыс болмаған соң баланың оқу бағдарламасын түсінуі, меңгеруі қиын. Мен балаларымды тек репетиторға оқытамын. Мектепке тек аттестат алу үшін жіберемін. Мектептегі мұғалімдердің өзі қосымшаға барыңдар деп кеңес береді екен. Мұғалім мәртебесі көтерілді деген тілге тәтті өтірікті айтуға құмбылмыз. «Мұғалім мәртебесі туралы» заңда педагогтарды қосымша жұмысқа жеккен басшылар жазаланады делінген. Қосымша қоғамдық жұмыстардан босатылған мұғалімдер енді тек бала оқытумен бас қатыруы керек емес пе? – дейді ата-ана Гүлжамал Өсербаева.

Бұл бір ата-ананың көкейінде жүрген мәселе емес. Елімізде осындай мәселемен бетпе-бет келіп отырған қаншама ата-ана бар. Ұстаздың біліктілігіне күмән келтіріп, баласының болашағы үшін тапқан-таянғанын репетитордың қалтасына салып әлек. Мұғалімнің мәртебесін көтеру туралы әңгіме қозғағанда бірінші білім сапасы айтылуы керек еді ғой...

 

 

Пікір қалдырыңыз