Еліміз үшін дамудың жаңа парағы ашылды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылғандай, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға деген бетбұрыс – мемлекеттік дамудың және саяси-құқықтық жүйені реформалаудың маңызды кезеңі. Қазіргі кезде мемлекеттік басқарудың тиімділігін объективті бағалау тек азаматтар мен жалпы қоғам үшін ғана емес, сонымен қатар билік құрылымдарының өздері үшін де қажет, өйткені бұл олардың қызметін дамыту мен жетілдірудің ажырамас шарты болып табылады.

Халық билігі және халықтың мұң-мұқтажын мемлекеттік аппараттың мүлтіксіз орындауы, заңның үстемдігі, адам және азаматтың құқықтары мен еркіндіктерінің басымдығы Ата Заңда мызғымас қағида болып бекітілген, ал, Президент ұсынып отырған тұжырымдама өткен мен болашақты жалғастырушы дәйекті қадам. 2021 жылы 10 қаңтарда өткен сайлау осының жарқын көрінісі, қоғамдық сананың жаңғыруы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Өткен сайлау еліміз үшін дамудың жаңа парағын ашты. Осы маңызды оқиға мемлекеттілігіміздің тұғыры берік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақстан қоғамының жоғары саяси мәдениетін және азаматтық кемелдігін танытты» деп ерекше екпін берді.

Қазіргі кездегі демократиялық дамудың саяси, экономикалық, әлеуметтік және ақпараттық үдерістерінің басты тірегі – құқықтық шеңбердегі ашық бәсекелестік болып табылады. Осы орайда, өткен сайлаудың тағы бір маңызы – Президент атап өткеніндей, «Елбасы жетекшілік ететін «Nur Otan» партиясы өзінің көшбасшылығын тағы бір мәрте дәлелдеуі». Қазіргі Қазақстан үшін көшбасшы партиясы бар жүйенің болашағы зор: біріншіден, көшбасшы партиясы бар жүйе ұзақ уақыт бойы тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Екіншіден, бұл халықтың жұмылдырылуын қамтамасыз ететін реформаларды жүргізуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, көшбасшы партия жоғары кәсіби саясаткерлер мен мемлекеттік қызметкерлердің кадрлық резерві ретінде әрекет етеді. Партиялық жүйенің бұл моделі экономикадағы дағдарыс және мемлекетаралық қатынастардағы жаһандық тұрақсыздық жағдайында ең тұрақты және серпінді болып табылады.

«Nur Otan» партиясы елдің партиялық-саяси жүйесінде басымдыққа ие бола отырып, өзінің көшбасшылығын үнемі дәлелдеп келеді Партияның сын-қатерлерге лайықты жауап беру қабілеті қазақстандықтарды біріктіретін фактор. Өзгерістердің көшбасшысы болу – «Nur Otan» партиясының мызғымас қағидаты болып табылады. Бүгінгі күнге дейін өзектілігін сақтап қалған «Nur Otan» партиясының басты ұраны – «Бәрі халық үшін, бәрі халық игілігі үшін!». Қазақстандық партия жүйесіндегі «Nur Otan» партиясының артықшылықтарының бірі инновациялық әдістер мен идеологиялық және саяси ұйымдастырушылық жұмыстардың үздіксіз буыны болып табылады.

Біздің еліміз үшін қазіргі таңда әкімшілік реформаларды табысты өткізіп, орталықсыздандырылған, инновациялық, мемлекеттік және нарықтық реттеу қағидаттарын ұштастыратын, ұжымдық және жеке бастың жауапкершілігі артқан модель қажет. Президент мемлекеттік басқарудың жаңа моделін енгізуді ұсынып: «Осы бағыттағы реформалар жүйені байыппен орталықсыздандыруды, мемлекеттік аппаратты жаңғыртуды, квазимемлекеттік секторды оңтайландыруды және барлық үдерісті цифрландыруды қамтиды» деп ерекшелеп отыр. Азаматтармен өзара қарым-қатынастың сервистік моделін енгізу қоғамдық қауіпсіздік жаңа цифрлық технологияларды қолдану арқылы қамтамасыз етіледі деп айқындады. Елбасы Н.Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне саяси үндеуінде: «Біз өңірдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірлік сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге тиімді қарсы іс-қимыл жасау, ынтымақтастықты нығайту және оның өсіп-өркендеуіне ықпал ету мен оны дамыту бойынша өңірдегі барлық мемлекеттердің мүдделерін ілгерілету жөнінде белсенді жұмыс істеуге ниеттіміз» деп атап өтті. Электронды үкімет идеясын да осы бағыттың жалғасы ретінде қарастырып, жоғарғы технологиялар дәуіріндегі мемлекеттің қызметін ұйымдастырудың нысаны ретінде бағалауға болады.

Мемлекет басшысы атап өткеніндей: «Қазақстандағы реформалардың басты бағытының бірі – саяси жаңғыру. Осы жаңғырудың негізгі қағидаты – барлық өзгерістерді жалпыұлттық диалог пен мәмілеге сүйеніп, эволюциялық жолмен жасау». Саяси жаңғыру – бұл саяси институттардың, саяси практиканың, саяси қатысудың жаңа үлгілерінің қалыптасуы және даму процесі болып табылады. Саяси жаңғыру теорияларының өзегін дәстүрлі қоғамның ғылыми-техникалық прогресс нәтижесінде, әлеуметтік-құрылымдық өзгерістердің ықпалымен заманауи қоғам сатысына өту мәселесі құрайды. Бұл өзгерістердің аясында нормативті және құндылық жүйелер өзгеріске ұшырап, қоғам мүшелерінің саяси бағдары да өзгереді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында «Жаңғыртудың табыстылығы үшін әрбір азаматтың өз Отанына пайдалы болуы өте маңызды. Жаңғырту барлық қазақстандықтарға қажет. Осындай түсіністік жағдайында ғана кең көлемде қоғамдық консенсус пен табысқа қол жеткізуге болады» деп атап көрсеткен болатын. Бұл жердегі маңызды мәселе, саяси институттарды және саяси тәжірибені енгізу барысында, дамыған еуропалық елдердің тәжірибесін көшіріп алып, қондыра салуға болмайтындығы. Саяси институттар заманауи демократиялық институттардың үлгісіне сай келуі қажеттігі сөзсіз, дегенмен, ұлттық және әлеуметтік мәдени дәстүрлер мен нормаларды да ескеру маңызды.

Елбасы осы мәселе бойынша «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп айқындайды.

Барлық саяси реформаларды жүзеге асырудың тиімділігі үшін үш маңызды шарт болуы тиіс. Біріншісі, экономикалық негіз, өйткені экономикасы төмен мемлекетте саяси реформаларды жүргізу өте қиын іс. Екіншісі, саяси даму мақсаттарымен айқындалатын саяси күш-жігер. Үшіншісі, дәйектілік, өйткені реформалар – ұзақ мерзімге арналған жобалар. Қазақстан Республикасында осы үш маңызды бағыттың алғышарттары қабылданып отыр. Елдің табиғи ресурстары, әлеуеті барлық саяси реформаларды жүргізуге негіз бола алады. Реформалар құқықтық шеңберде, парламенттік реформа, партиялық реформа, орталықтан жергілікті өзін өзі басқару органдарына биліктің берілуі, саяси сабақтастық арқылы жүргізіліп келеді.

Президенттің мәлімдемесінде азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыру, жастар саясатын жетілдіру және қайырымдылық қызметіне қолдау таныту да басым бағыт ретінде ерекшеленді. Жастар саясатындағы басты бағыт – білім беру ісін алға қою. ХХІ ғасырдың жан-жақты зерделі, дарынды, талантты адамын қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі мемлекетіміздің басты назарында. Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?!» деп атап өткеніндей, мектеп, жоғары оқу орындар қабырғасында жастардың болашағын айқындайтын жастар саясатының дәйекті жүргізілуі маңызды іс. Бұл бағыттағы басты мақсат – өскелең ұрпақты еліміздің негізгі құндылығы ретінде тану, оның қоғамдағы орны мен рөліне, әлеуметтік жағдайына, психикалық даму ерекшелігіне мән беру, сол арқылы оның рухани жан-дүниесінің баюына, саяси көзқарасының, шығармашылық еркіндігі мен белсенділігінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына жағдай жасайды.

С.МӘЖІНБЕКОВ, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының кандидаты, доцент.

 

 

Пікір қалдырыңыз