Токиоға кімдер барады?

Әлемді жайлаған індетке байланысты былтыр барлық халықаралық іс-шаралар кейінге қалдырылған. Оның ішінде дүниежүзілік дода – Олимпиада ойындары да бар-тын. Самурайлар елінің астанасында өтуі тиіс Олимпиада биылға жоспарланып отыр. Біздің елдің спортшылары осы уақытқа дейін 42 жолдаманы иеленіп үлгерді.

Олимпиада жолдамасын сарапқа салатын жарыстар әлі де болады. Десе де ірі жарыстардан шет қалған, спорттық формасына келіп үлгермеген спортшыларға қиын болатыны сөзсіз. Бүгінге дейін Токиоға жолдама алып қойған спортшыларды түгендей кетсек:

Жеңіл атлетика сынында Георгий Шейко, Айман Ратова, Ольга Рыпакова секілді саңлақтарға үміт артамыз. Жүзу спортынан екі жолдамаға Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин ие болды. Ал, ашық теңізде жүзу бойынша Виталий Худяковтың жолына үмітпен қараймыз. Каратэ сынында Дархан Асәділов, құзға өрмелеу спортында Ришат Хайбуллин ел намысын қорғайды. Ең көп жолдама алған спорт түрі – бокс. Біздің құрама ерлер арасында мүмкін болған барлық 8 жолдаманы да жеңіп алды. Ал, қыздар арасында бір бойжеткеніміз ел намысын қорғамақ. Велоспорттан біздің құрама 7 жолдамаға ие болды. Оқ ату мен садақ ату бойынша 6 жолдама еншімізде. Спорттық гимнастика сынында жалғыз Милад Каримиге сенім артамыз. Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында күрес түрлерінен біздің құрама 8 жолдамаға ие болған-ды. Дүниежүзілік додаға кімдердің баратыны әзірге нақты емес. Себебі, бұл жолдамалар спортшыға емес, командаға берілген.

Қазақ балуандарының Олимпиада жолдамасын қалтаға көптеп басатын уақыты туып тұр. Өйткені, жолдама үлестіретін іріктеу турнирі Алматы қаласында өтпек. «Сары құрлықтың» балуандары әр салмақ дәрежесінде екі жолдаманы осы турнирде сарапқа салмақ.

Ал, Олимпиада «билетіне» алғаш болып таласқа түсетіндер – байдарка және каноэ есушілер. Енді екі айдан кейін олар Тайландтағы іріктеу турнирінің шымылдығын түрмек.

Ал, жапон халқы Олимпиаданы өткізуге наразылық білдіріп жатыр. Әлеуметтік сауалнама жүргізген социологтар Олимпиаданы өткізбеуді немесе кейінге шегеруді Жапония халқының 80 пайызы қолдап отырғанын айтады. Олардың 35 пайызы Токиода дүниежүзілік доданың өтуіне түбегейлі қарсылық білдірсе, 45 пайызы Олимпиаданы кейінірек өткізу керектігін айтқан. Қарсылық білдіргендердің көпшілігі елдегі эпидемиологиялық ахуалға алаңдаушылық білдірген.

Ерболат АЙНАБЕКОВ.

 

 

Пікір қалдырыңыз