Газет үшін нокдаун алған

Өткен ғасырдың соңы, осы ғасырдың басында әлемде Майк Тайсонға тең келер боксшыны табу қиынның қиыны еді. Атағы жер жарып тұрған Тайсон алғаш рет Еуропада бокстасуға келіскен. Бұл 2000 жылдың қаңтары еді.

Манчестер тұрғындарының бақытына қарай ұлы боксшы осы қалада жекпе-жек өткізуге келісім берді. Тайсонмен жекпе-жекке шығу моральдық тұрғыда ешкімге оңай емес-тін. Ал, материалдық жағынан келер болсақ, ақшаның астында қалуға болатын керемет мүмкіндік-тін. Мұны Джулиус Френсис сәтті пайдаланды. Тайсонның Френсисті уақытынан бұрын сұлатарын бүкіл жұрт білді. Ал, «Daily Mirror» газеті сәтсіздікті де өз пайдасына жарата білді. Френсистің спорттық аяқ киімінің астына «Daily Mirror» сөзін жазып қойды.

Газеттің жарнамалық қадамы өз-өзін ақтады десек болады. 5 раундта 5 рет нокдаун алып, жерде жатқан Френсис өзіне төленген жарнама ақысын еселеп ақтады. Теледидар алдындағы миллиардтаған көрермен Френсистің әр құлаған сәтінде «Daily Mirror» газетінің эмблемасы мен атын көрді. Френсис осы әрекеті үшін газеттен 40 мың фунт стерлинг көлемінде қаржы алған. Ал, Тайсонмен жекпе-жекке шыққаны үшін оған 350 мың фунт стерлинг төленген.

Ерболат АЙНАБЕКОВ.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз