Ескісі кетті. Жаңасы келді... Американы не күтіп тұр?

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Америка – өзіндік қалыптасқан салт-дәстүрі, берік ұстанымы бар алпауыт ел. Биыл да Америка Құрама Штаттары 200 жылдан бері келе жатқан дәстүрді жалғастырды. Ол – президенттікті бейбіт жолмен тапсыру. 20 қаңтарда биліктің бейбіт жолмен АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байденге ел тарихындағы ең шиеленісті сайлау циклдерінің бірінен кейін ауысуы американдық демократияның тұрақтылығын көрсеткендей. Әр төрт немесе сегіз жыл сайын Америка халқы жаңа президентті сайлайды. Президент сонымен қатар АҚШ Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы мәртебесіне ие.

 

ДЖО БАЙДЕН ЛАУАЗЫМЫНА КІРІСТІ

Америка Құрама Штаттары қандай саяси қақтығыстар кезінде де президенттері дауыс беру нәтижесін қабылдап, қызметінен бейбіт түрде кететіндігімен мақтанады. 1800 жылы Джон Адамс бірінші болып Томас Джефферсоннан жеңіліп, президенттікті бір партиядан екінші партияға ауыстырды. Міне, бүгінде осы тамаша дәстүрдің дүниеге келгеніне 220 жылдан асып отыр.

Былтыр қарашада өткен президенттік сайлауда туындаған кикілжіңге және 20 қаңтардағы инаугурация күніне дейінгі дүрбелең кезеңге, оның ішінде 6 қаңтарда Капитолий сарайына шабуыл жасалған күнгі зорлық-зомбылыққа қарамастан Джо Байден қызметін қабылдап алды.

Вашингтон қаласында жаңа президентті ұлықтау рәсімі өтті. Жарты ғасырға жуық уақыт АҚШ-тың саяси өміріне белсенді қатысушылардың бірі болған демократ Джо Байден, Американың 46-ыншы Президенті ретінде лауазымына ресми кірісті. 78 жастағы Д.Байден елдің ең қарт басшысы болып отыр. Ол бұған дейін 36 жыл сенатор, 8 жыл вице-президент қызметтерін атқарды. Ұлықтау рәсімінде Президент ретінде ант беріп, АҚШ Конституциясын және елді ішкі және сыртқы жаулардан қорғауға серт берді.

– Бұл – Америка Құрама Штаттарының күні. Бұл – демократияның күні. Жылдар бойы Америка көптеген қиындықтарды өткерді. Қазір де жағдай күрделі. Бірақ халқымыздың бірігуі арқылы біз барлығын жеңе аламыз. Сапалы білім беріп, жаңа жұмыс орындарын ашып, денсаулық сақтау жүйесін жақсартып, нәсіларалық теңдікті де орната аламыз. Кез келген дағдарыстан шыға аламыз. Бізге тек бірігу қажет, – деді Байден алғашқы ресми сөзінде.

Биылғы ұлықтау рәсіміне шақырту алған адамдардың саны ковид індетіне байланысты өте шектеулі болды. Атап айтқанда, шараға конгрессмендер, олардың отбасы мүшелері мен АҚШ-тың Барак Обама, Джордж Буш және Билл Клинтон сияқты бұрынғы президенттері қатысты. Бұл шара басталар алдында президент лауазымын босатып жатқан Дональд Трамп Ақ үйден шығып, тікұшақпен Флоридаға ұшып кетті. Д.Трамп соңғы 150 жылда өзінің ізбасарының ұлықтау рәсіміне қатысудан бас тартқан АҚШ-тың алғашқы басшысы болып отыр. Бұрынғы президенттің Байденге хат жазып кеткендігі жайлы сыбыс бар.

Салтанатты іс-шарадан соң Ақ үйге келген Байден ковид індетіне байланысты қауіпсіздік шараларын күшейтіп, маска тағуды міндеттеу қарастырылған, сондай-ақ тұрмысы төмен отбасыларға жәрдем беру және Мексикамен шекарада қабырға құрылысын тоқтату, Климат жөніндегі Париж келісіміне қайта қосылу туралы құжаттарды бекітті. Бас-аяғы Байден алғашқы жұмыс күнінде 17 бұйрыққа қол қойды. Бұған дейін Байденнің командасы оның алғашқы тапсырмаларының қатарында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ықпалдастықты қайта жандандыру, Климат жөніндегі Париж келісіміне қайта қосылу, бірнеше мұсылман елдерінен АҚШ-қа келуге тыйым салу туралы Д.Трамптың тапсырмасының күшін жою, АҚШ-та нәсілдік тең құқықты қамтамасыз ету бойынша ел үкіметінің күш-жігерін белсендіру, бала кезінде Америкаға заңсыз келген азаматтардың құқығын қорғауды күшейту жарлықтары болатынын атап өткен еді.

Сонымен қатар, АҚШ президенті Джо Байден Сенат мақұлдауын қажет етпейтін бірнеше жүз көмекшісіне ант беру рәсімін өткізді. Рәсім онлайн режимінде өткізіліп, оны американдық телеарналар көрсетті. Президент тағайындалған адамдардан АҚШ конституциясын қорғауға уәде берген ант мәтінін қайталауды өтінді.

Сенімді ақпарат көздері Президентті ұлықтау рәсімінде вице-президент ретінде ант қабылдаған Камала Харристің демократтар үшін орны жоғары екендігін айтады. Камала Харрис 56 жаста. Ол Америка вице-президенті лауазымына келген алғашқы әйел әрі алғашқы қара нәсілділер өкілі. Айта кетейік, жалпы демократтар президенттік сайлауда да, Өкілдер Палатасында да, Сенатта да жеңіске жетіп, басымдыққа ие болды.

 

АҚШ-ТЫҢ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕСІНЕ НҰҚСАН КЕЛТІРУ ӘРЕКЕТТЕРІ

Осы айдың басында АҚШ-тағы сайлауға байланысты зорлық-зомбылықтан кейін Ресей, Иран және Қытай шенеуніктері толқуларға қуаныштарын жасырмай, көпшілік алдында мәлімдеме жасады және бұл жаңалықтарды өз елдеріндегі тұрақты қуғын-сүргінді ақтау үшін пайдаланды.

Мәселен, Ресей шенеуніктері 6 қаңтарда Капитолийге шабуыл жасау Американың құлдырауының белгісі деп мәлімдеді. Халықаралық істер жөніндегі Федерация Кеңесі комитетінің төрағасы Константин Косачевтің айтуынша, Вашингтондағы оқиғалар американдық демократияның «екі аяғымен бірдей ақсап жатқанын» көрсетті.

«Капитолиядағы хаос бәрінен бұрын батыс демократиясының қаншалықты нәзік және осал екенін көрсетеді» деді Иран президенті Хасан Рухани.

Алайда, Иран демократиясы сөз жүзінде ғана бар. Конституцияның Қамқоршылар Кеңесі Ирандағы сайлауды бақылайды және белгілі сайланбалы лауазымдарға үміткерлерді қабылдау мәселелерімен айналысады. Өткен жылы ол 9500-ге жуық үміткердің сайлауға қатысуына мүмкіндік бермеді, ал, бұл 14 500 үміткердің шамамен үштен екісі еді. «Демократия мен ұлттық егемендік үшін ең үлкен қауіп – сайлау формальдылыққа айналатын күн» деді Рухани өткен жылдың қаңтарында Кеңес шешім қабылдағаннан кейін. Сонымен қатар, өткен жылдың ақпан айында парламенттік сайлауға қатысу 1979 жылғы төңкерістен кейін бұрын-соңды болмаған дәрежеде құлдырады. Сайлау жәшіктеріне бюллетеньдерді барлық тіркелген сайлаушылардың 42,6 пайызы тастады. Тегеранда сайлауға келушілер саны 25 пайыздан сәл асты.

Ал, Қытайда мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары Капитолияға жасалған шабуылға қатысушыларды 2019 жылдың шілдесінде Заң шығару кеңесінің ғимаратын басып алған Гонконгтың наразылық білдірушілерімен салыстырды.

Алайда, бұл екі наразылықтың себептерінде айқын айырмашылықтар бар.

Гонконгтағы наразылық білдірушілер Заң шығару кеңесінің ғимаратына басып кіріп, толық демократияны талап етіп, жергілікті тұрғындар сайламаған қала шенеуніктері ұсынған танымал емес заң жобасын бұзды.

Бейжің тәртіпсіздіктерге қатаң қауіпсіздік заңын енгізу, келіспеген адамдарды тұтқындау және басып тастау арқылы жауап берді. Осылайша, Қытай Гонконгта азаматтық бостандықты 50 жыл бойы сақтау туралы 1997 жылғы уәдесін бұзды.

 

ҚАУІПСІЗДІК ҚЫЗМЕТІ ТОЛЫҚ ДАЙЫН БОЛДЫ

Әдетте, осындай салтанатты сәтте мыңдаған көрермендер жаңадан сайланған көшбасшыны қол шапалақтап қарсы алатын. Бірақ, бұл жолы адамдардың орнына американдық жалаулар желбіреп тұрды. Капитолийден бастап ұлттық саябақ бойында тізіліп тұратын жүз мыңдаған адамның орнына АҚШ штаттары мен аумақтарының 200 мыңнан астам туы ілініп тұрды. АҚШ-тың 46-шы Президентін ұлықтау халықтық мереке ретінде емес, нақты арнайы операция ретінде өтті. Көшелерде 25 мыңнан астам әскери және полиция қызметкерлері жүрді. Бетон баррикадалар мен арнайы техника көшелерді қоршады, қиылыстарда тексеру болды. Қала орталығындағы ұлттық аллея да жабылып, Капитолий периметрі бойынша қоршаулар орнатылды. Жиналмалы үстелдерде мерекелік сувенирлер – бас киімдер мен «Байден – Харрис» деген жазуы бар футболкалар мен олардың портреттері сатылды.

Инаугурация алдында Байденге ешқандай қауіп төнген жоқ. Құқық қорғау органдары тәртіпсіздіктер тудыруы ықтимал ультра оңшыл экстремистер мен басқа да тәртіпсіздіктерді қадағалап отырғаны туралы хабарлады.

«Бүлік әрекеті мен өлімге әкелетін Сovid-19 эпидемиясы орын алатын ерекше жағдайларға байланысты біз американдықтарды Вашингтонға келмеуге және іс-шараға қашықтан қатысуға шақырамыз» деді Колумбия округінің мэрі Мюриел Баузер және Мэриленд және Вирджиния штаттарының губернаторлары Ларри Хоган мен Ральф Нортэм.

Екі адам Вашингтондағы бақылау бекетінде атыс қаруымен ұсталды. Олардың заңсыз әрекетке бару ниеті бар-жоғы көрсетілмеген. Арнайы шаралар қарапайым азаматтарға ғана қатысты емес еді. Ұлттық гвардияның он екі жауынгері федералды тергеу бюросының талабы бойынша қызметтен шеттетілді – олар экстремистермен байланыста болды деген күдікке ілінді.

«Бұл – ұлы мемлекет және біз – жақсы адамдармыз. Біз үлкен істерді жүзеге асыруға қауһарлымыз» деді Д.Байден.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз