Бізді үлкен өзгерістер күтіп тұр

Еңлік ҚАЙЫП, «Ońtústik Qazaqstan».

Білім және денсаулық салалары ел өміріне етене салалар болғандықтан мұндағы кез келген реформа ешкімді бей-жай қалдырмайды. Оның үстіне қазіргідей әлемді індет жайлап тұрған кезеңде білім, денсаулық саласы басшыларының аузынан қандай сөз шығар екен деп алаңдап отырғанымыз тағы рас. Баласын онлайн оқытып, күнделікті жұмысына жұмыс қосып алған, перзентінің білім алу сапасына алаңдап отырған ата-аналарды да түсінуге болады. Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биылдан бастап білім саласында айтарлықтай өзгерістер болатынын айтты. Ол қандай өзгеріс? Оқушылар мен студенттерді алда не күтіп тұр?

Бұдан былай ЖОО-да мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілмейді. Дипломдарды әр жоғары оқу орны өз беттерінше дайындайтын болады.

«Биылдан бастап әрбір жоғары оқу орны білім алған азаматтарға жеке үлгісі бойынша диплом беретін болады. Яғни енді әр жоғары оқу орнында берілетін дипломдардың барлығы біркелкі болмайды. Әр оқу орны жеке брендке айналып, студенттер оқу орындарын білім беру сапасына қарай таңдайтын болады» деді Асхат Аймағамбетов.

Бұл келер шақта білім саласының оқу деңгейін анықтауға септігін тигізеді. Яғни әрбір жоғары оқу орнының жеке статусы қалыптаспақ. Енді студенттер өзінің ғана емес, өз оқу ордасының абыройы үшін жауапты болады.

«Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында оқу жетістіктерін сырттай бағалау процедурасы жүргізілмейді. Жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік берілген. Әр ЖОО оқу бағдарламаларын өз бетінше әзірлейді. Сондықтан мұндай бағалау түрін жүргізудің қажеті жоқ» деп мәлімдеді Асхат Аймағамбетов.

Одан бөлек жоғары оқу орнын тәмамдаған студенттер қанша жыл грант негізінде оқыған болса, сонша жылын өтейтін болады. Білім министрі осыған дейін студенттердің грант ақысын өтемеу мақсатында небір айлаға барғанын да атап өтті.

«Кейбір грант иегерлері мемлекет шығынын жұмыспен өтеу рәсімін айналып өтудің амалын тапқан. Олар грант арқылы 3-курсқа дейін тегін оқып, үш жыл бойы стипендия алады. Содан кейін мемлекеттік грантты жұмыспен өтемеу үшін 4-курста ақылы бөлімге ауысатын болған» деді Асхат Аймағамбетов.

Мемлекеттік грант арқылы оқуға түскен студенттердің грантты жұмыспен өтеу шарттары да жеңілдетілді. Енді түлектер тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істеп, гранттарын өтей алады. Басты шарт – дайындық бағыты (мамандығы) бойынша жұмыс істеуі тиіс.

Министрдің айтуынша, осыған байланысты грант иегерін оқытуға мемлекет жұмсаған шығындарды өтеу бойынша жаңа норма енгізілді. «Мәселен, студент грантта екі жыл оқып, кейін ақылы бөлімге ауыстырылған жағдайда тегін оқыған жылдарын жұмыспен өтеуге міндетті болады. Дәл осы норма ақылы бөлімнен грантқа ауысқан студенттерге де қатысты» деп түсіндірді ведомство басшысы. Бұдан бұрын хабарланғандай, грантпен оқыған түлек өз дайындық бағыты бойынша жекеменшік ұйымдарда еш кедергісіз жұмыс істей алады.

Сондай-ақ, қарамағында колледждері бар жоғары оқу орындары да техникалық және кәсіптік білім беру бағыты бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру рәсіміне қатыса алады.

«Бұған дейін оларда мемлекеттік тапсырыс алу құқығы болмаған еді. Біз бұл мәселені де шештік. Енгізілген түзету жоғары оқу орындарының үздіксіз оқытуды қамтамасыз ету мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл түзетулердің барлығы заңнаманы жетілдіруге, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім сапасын арттыруға бағытталған» дейді Асхат Аймағамбетов.

1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен «Болашақ» халық­аралық степендиясы бекітілген болатын. Содан бері көптеген жастарымыз шетелдерде мемлекет есебінен білім алып жүр. Енді былтырдан бастап аталмыш бағдарламаға жаңадан өзгертулер енгізілді. Жемқорлықтың алдын алу мақсатында байқау кезеңдері жаңа жүйеге көшті. Үміткерлер құжаттарын egov.kz порталы арқылы тапсырады. Сондай-ақ, бұл бағдарламада тек магистранттар мен докторанттар ғана өз бақтарын сынай алады.

Конкурстық кезеңдердің саны бұрын алтау болса, қазір үшеуге қысқартылды. Жаңа ережеге сәйкес үміткерлер бірінші кезеңде интеллектуалды-эмоционалдық IQ анықтайтын кешенді тест тапсырса, екінші кезеңде комиссия мүшелерімен жеке сұхбат құрады. Ал, соңғы турда шетелге кадрларды даярлайтын республикалық комиссияның қабылдауында болады. Енді үміткер сынақты шетелдік оқу орындарына өз бетімен тапсырады. Сол сыннан өтсе ғана «Болашақ» бағдарламасының конкурсына қатыса алады.

Білім саласындағы тағы бір айтулы өзгерістердің бірі балабақша, мектеп, колледждерге бағытталған.

Енді балабақшалар, мектептер мен колледждер 5 жылда бір рет аттестациядан өтпек. Осылайша мектепке дейінгі мекемелердің, орта және арнаулы оқу орындарының білім деңгейі, мақсаты айқындалып, келешек ұрпақтың сапалы білім алуы үшін бар жағдай жасалмақ.

 

 

Пікір қалдырыңыз