Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

ҚАРҚЫЛ


Жағамызға қол салды...

Үндемедік,

Беймезгіл есік қақты...

– «Кім?» – демедік.

...Тереземнің сыртында қара ағашқа,

Шуылдайды топ қарға күнде қонып.

 

Қара ағаш – ағаш емес...

Өзім менің,

Мен ғана дәл осындай төзімді едім...

... Қарғаға қызық емес, шығар, сірә,

Арманым,

Мұраттарым,

Сезімдерім...

 

Жатқандай ит басына іркіт төгіп,

Қарғалар қарқылдайды.

Үркітпедік...

(Шіркін-ай, еңсем бір күн жазылар ма,

Қарға емес, бұтағыма... бүркіт қонып).

 

Дүние – домаланған сайда қаңбақ,

Бір-ақ сәтте қуарар жайнаған бақ.

Кенеттен дауыл соғып...

Мен құласам...

Шуылдасқан топ қарға қайда бармақ?

 

Осыны білмей ме екен, антұрғандар,

«Мен бір мысал айтайын.

Ал, тыңдаңдар...» –

десем, құлақ қақпайды бірі тіпті,

...Е, мейлі, қарқылдаңдар, қарқылдаңдар.

 

 

Пікір қалдырыңыз